Бір бойында бірнеше қарама-қайшы қасиет-қабілеттері бар пенде «күнә» атты рухани кірлеуге ұрынбай жүре алмайды. Күнә – жан-дүниеге түскен вирус, емдемесең – өміріңді өкінішке толтырып, тағдырыңды талқандап жіберуі мүмкін (Жазмыштағы емес, еріктегі тағдырды айтып отырмыз). Сондықтан тазармай, тәубеге келмей болмайды.
Бұл жайлы қасиетті Құран аятында Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға шынайы түрде тәубе етіңдер!..» («Тахрим» сүресі, 8-аят), «Анығында, Алла істеген күнәсіне шынайы өкініп, тәубе етушілерді және тазаланушыларды жақсы көреді», – деген («Бақара» сүресі, 222-аят).
Ал ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) былай дейді: «Адам баласының бәрі қателік жасайды. Олардың ішіндегі ең жақсылары – жасаған қателіктері, күнәлары үшін тәубе ететіндері» (Ибн Мажа жеткізген хадис). Яғни, тәубе ету – Алла Тағаланың әмірі, Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) көрсеткен жолы.
Шынайы тәубенің шарттары белгілі: өкіну, тоқтату, қайталамау және тірі жанға қатысты болса, кешірім сұрау. Байыптап қарасаңыз, тәубе ету – тұтастай өзгеру, трансформация! Расында да, қателігіне өзегі өртеніп өкінген, сол жаман ісін бірден тоқтатқан және оны екінші қайта еш қайталамауға бекінген әрі сол шешімінде тұра білген адам; өзімшіл нәпсісін сындырып, басын иіп кешірім сұрай білген адам – басқа сапаға көтерілген, өзгерген адам! Балапанның жұмыртқа ішіне қайта кіре алмайтыны секілді, өзгерген адам бұрынғы, күнә жасаған қалпына қайта түсе алмайды. Шын тәубе еткен болса…
Тәубе – тазалыққа қайту, түп өзегіңе – рухыңа оралу. Түп тазалықты, адамның саф табиғатын, шынайы бейнесін асыл дінімізде «фитра» дейді. Өмір – қозғалыс, өзгеріс, үдеріс (процесс) болғандықтан, адам өмірі – сүріну мен тұрудан, жылау мен күлуден, қателік пен сабақ алудан – құбылудан құралады. Сол себепті әрбір тәубе – өсу мен тазару. Дұрыс сүрілген өмір: балалық-тазалықтан қариялық-тазалыққа ұласады. Сәби мен қарттың сүйкімділігі – сол тазалықтың шұғыласы. Әзәзілдің азғыруы мен нәпсісінің жамандығын тізгіндей білген, жеңе алған, арыла білген адам – фитрасымен қауышқан, ар-иманымен табысқан, абыройы артқан адам! Абай хәкім дәріптеген Кемел-Толық адам – сол Арлы адам, яғни тәубесінен жаңылмаған, түп тазалығын тапқан, сапалық өзгерістен өткен, рухани өзегіне жеткен адам!
Шәкәрім атамыз «Көңіл» деген өлеңінде бұл жайлы тамаша айтқан!
Баяғыда жас бала едiң сен‚
Ойың бұзылмаған көңiл!
Перiштеден таза едiң сен‚
Қиянат қылмаған көңiл!
Ата-анаңа махаббатың,
Бояусыз нұр, кәрәматың.
Жоғары ғаршыдан затың,
Анық шын бұл маған‚ көңiл.
…Тазалыққа тағы кеттiм‚
Балалықты қуып жеттiм.
Жоғары ғаршыдан өттiм‚
Осыны шындаған көңiл!
Тәубе ету – Әлімсақтағы уәдеге адал болу деген сөз. Яғни өмірдің еш қиындығы мен қызығына қарамастан Алла Тағалаға берген уәдесінде тұру, асыл Мұраттан айнымау, адамдық борышты атқару…
Иә, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Ақиқатында да Алла ғана – мінсіз! Жаралған дүниеде кемшілік болуы – заңдылық, яғни бірі кем дүние. Кейде асылық ойлап, мінсіздікке ұмтылып, пенде шіркінді күстәналап, безініп кеткің келетін кездер болады. Ондайда мына хадис сабаңа түсіреді: «Егер сендер күнә істемесеңдер – Алла сендерді опат етіп, орындарыңа күнә істеп, істеген күнәсі үшін тәубе ететін құлдарын жаратады» (Ханбал, Муслим жеткізген хадис) Әрине бұл «күнә жасай бер» деген сөз емес. Бұл нәпсісі бар пенденің кемшілікке жол бермей тұра алмайтынын айтқан, тым асқақтап, тазасынып-тәкаппарсынып кетпеу керектігін ескерткен сөз. Керек болса, күнәға бейімділік – адам болмысының бір қыры екенін ескерткен сөз. «Біреудің мінін көргенше, қателігін тергенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс өлгенше» деген сөз…
Сөз басында келтірілген аят пен хадисте де Жаратушы Иеміз күнәсіз пендесін емес (олай болуы беймүмкін ғой!), тәубеге келген – өзгерген пендесін жақсы көретінін айтты емес пе?! Ендеше әр күні тәубе ету, тіпті сәт сайын тәубе ету – артық емес! Есейген сайын, рухани өскен сайын артыңа сәл өкінішпен қарау – бір жағы табиғи хәл. Өйткені: бұрынғы ісіңе басқа деңгейден қарап, басқаша бағалайсың. Осы арада сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына өсиетінің сыры ашылады: «Уа, адамдар! Аллаға тәубе етіңдер, Одан жарылқау тілеңдер. Мен күніне жүз мәрте тәубе етемін» (Муслим жеткізген хадис)…
Құдіретті де Мейірімді Иеміз Өзі жар болып, тәубешіл пендерінің қатарына қоссын! Түп тазалыққа жету, Уәдеде тұру нәсіп болсын!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ