Ардақты Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде қателеспейтін, күнә жасамайтын адамның болмайтындығы және олардың ең жақсысы тәубесіне келген адам екендігі айтылады. Яғни, күнәға ерікті-еріксіз ұрыну – жер бетіндегі адам болмысының бір қыры, табиғи күйі десек те болады. Азғырушы әзәзіл бар, нәпсіміздің қалау-құмарлықтары бар, қызықтырушы дүние бар – жаңылмай жүру пендеге бұйырмаған. Қазақтың «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейтіні сол. «Адасқанның айыбы жоқ – айналып үйірін тапқан соң» дейтіні – тәубені айтқаны.
Сүйікті Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) тағы бір хадисінде былай делінеді: «Егер сендер күнә істемесеңдер, Алла сендерді жоқ етіп, күнә істейтін әрі оған тәубе ететін қауымды жарататын еді» (Муслим жеткізген). Алғаш естігенде таң қалып, тосырқап қалғанымыз рас. «Ой, Алла-ай! Мақсатымыз – күнәдан аулақ болу деп жүрсек, мынау қызық болды ғой! Сонда қалай болғаны?» деп толғанғанбыз…
Асыл дініміздегі тәубе жайлы аяттар мен хадистерді сараптап қарасақ, мынандай тұжырым жасауға болады: күнә жасау мен тәубеге келу – адам ғұмырының ажырамас үдерісі. Осылайша тәубеге келуді, тәубешіл хәлде болуды өмір салтына айналдырған адам алға жылжиды, рухани дамиды: пенделігін мойындай отырып, кемелдікке ұмтылады, Раббысына жақындай түседі…
Күнә жасау – қателесу, ал қателікті түзетуге болады, түзетілуі тиіс те! Қателік – сабақ алу, тәжірибе жинау мүмкіндігі. Сондықтан түзетілмесе – өкініштің батпағына, өзін-өзі кінәлу мен өзін-өзі жеудің шұңқырына айналмақ. Өкінуден көтеріле алмаған адам қайғының қамалына қамалып, қасіреттің тұңғиығына батып кетеді. Өзін кінәләу өзін жазалауға ұласып, «күнә жасау – өкіну – өзін жазалау» деген тұйық шеңбердің ұйығына батып, өзін өзі өте төмен бағалайтын (төмен самооценка), тіпті өзін жек көретін шарасыз, бақытсыз пендеге айналуы мүмкін..
Негізі, мүмін күнәні байқамай, білместіктен жасайды. Осы тұрғыдан алғанда, күнә – белгісіз жағдайға берілген қате жауап, қате шешім. Тәубе – сол қателіктен сабақ алудың, надандықтан арылып білім жинаудың, жаңа шешім арқылы жаңа белеске көтерілудің жолы, мүмкіндігі. Әрбір жіберген қателігіне жабысып қатып қалмай, Жаратқан Иесінің жарығына – кешірімі мен рақымына қайта ұмтылған адам ұтады: айыбы асуға, қателігі тәжірибеге, күнәсі сауапқа ұласады! Сынақтары өмір баспалдақтарына айналып, алға ұмтылады! Мейіріміді Иесінің жарылқауының арқасында жаңа биікке көтеріледі!
«Қателік – өкініш – тәубе – жаңа белес – қателік – тәубе – жаңа белес» схемасы – мүміннің жүрер Жолы. Бұл үдерісті барлық салаға қатысты қолдануға болады: жеке өмір, қарым-қатынас, ғылыми ізденіс, рухани даму. Алға ұмтылған, ізденген адамның қателесуі – заңдылық. Өйткені өрлеген адам таныс емес жағдайларға, белгісіз заңдылықтарға жолығады. Тура осы жерде «күнә жасамайтындардың жойылатыны және Алла Тағаланың тәубе жасаушыларды жақсы көретіні» жайлы айтылған дүниенің бір хикметі ашылады: тек ізденбеген адам ғана қателеспейді, күнә жасамайды; өкініштің батпағында қалған адам да талабы жоқ, ұмтылысы жоқ адам – яғни Жаратқан Иеміз ізденбейтін пенделерін ұнатпайды; ізденгіш, жасампаз, жаңаруға-тазалыққа құштар пенделерін жақсы көреді! Өйткені осындай адамдар ғана бұл Өмірге өзгеріс алып келеді, жаңа-жағымды өзгеріс-өрнек салады! Рухани дамиды! «Жаратқанның жердегі халифасы» деген абыройлы атаққа, ғаламат сенімге лайық болады! Осы арада қадірлі сахабалардың сынақ келмесе уайымдайтыны түсінікті бола бастайды…
«Қателік – тәубе – жаңа белес» схемасы қасиетті Құрандағы мына аятты тағы бір қырынан түсіндіреді: «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар.
Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар!» («Шарх» сүресі, 5-6-аяттар.) Яғни проблемамен бірге шешім бар, қателікпен бірге тәубе бар, құлдырауда өсу жасырылған! «Ендеше босай қалсаң – тағы тырыс (ұмтыл).
Раббыңа ғана тәуекел ет!» («Шарх» сүресі, 5-6-аяттар.)
Қасиетті Құранда айтылғанындай: Алла Тағала тәубе етушілерді жақсы көреді! Шынайы тәубе еткен пендесінің күнәләрін кешіреді, қателігін өшіреді, дәрежесін өсіреді, тіпті күнәсін сауапқа айналдырып жібереді!
Қателік-күнә – шешілуі тиіс мәселе. Мәселе (проблема) – сынақ. Ал сынақ – тек қиындық емес, мүмкіндік, баспалдақ! Алла Тағалаға жақындататын баспалдақ! Ендеше сынақ – Құдіретті де Мейірімді Иеміздің Иеміздің бізге деген махаббаты, сүйіспеншілігі! Ал Тәубе – қиындықты мүмкіндікке айналдыратын алтын кілт! Баршамызға нәсіп болғай!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ