Сұрақ: Тәубе дегеніміз не?
Жауап: Араб тілінде «тәубе» сөзі «кері шегіну», «кері қайту», «артқа қарай аяқ басу» мағыналарын білдіреді. Діни мағынасына келер болсақ, «тәубе» – шариғат тыйым салған нәрселерді (өзі бұрын істеген) тәрк етіп, керісінше дін бұйырған қайырлы істерді жасауға ұмтылу» дегенге саяды.
Сондай-ақ, «тәубе» дегеніміз біліп-білмей істеген қателіктері мен күнәлары үшін өкініш білдіріп, Алладан кешірім сұрап, оны қайта істемеуге бекінуді айтамыз.
Сонымен қатар, дінімізде тәубе етуді «истиғфар» деп те атайды. «Истиғфар» сөзі – «бүркеу», «жасыру», «біреудің қатесін кешіру» мағыналарын білдіреді. Яғни, «истиғфар» – Жаббар Хақтың пендесінің күнәсін бүркеп, жасырып, кешіруі деген сөз. Демек, тәубе мен истиғфар ұғымдарының мазмұны бір.
«Тәубе» сөзі Құран Кәрімде 88 жерде өтеді. Оның 35-і адам баласының тәубе етуі жайында баяндалады.
Жалпы, дін негіздері бойынша «тәубе» деп адам баласының қателігін қайта жасамауы үшін Алла Тағалаға уәде беруін, құлдың Хақтың алдында ант-су ішуін айтамыз. Расында да, сынақ әлемінде пенде баласы ұрымтал түсіп, жасаған қате-күнәлары үшін Жаббар Хақтан кешірім тілеп, өкініш білдіріп, оны енді қайталамауға Алла Тағалаға серт береді. Біз рухтың осындай пұшайман күйге еніп, жүректің бір шешімге бекінуін «тәубе» деп айтамыз.
Анығында, күнә істер мұсылманның жүрегін қарайтып, Алланың құзырындағы оның мәртебесін төмендетеді. Күнәға тоқтам жасамаса, адамшылдық төменге қарай құлдилаған үстіне құлдилай береді. Адам баласы қиыс жолдан кілт бұрылып, тура жолға түсуі үшін ол алдымен тәубе жасауы керек.
Тәубе – адам рухының Алла Тағалаға ашылуы, Оған бет бұруы, ақиқатқа қарай қадам басқанын аңғартады. Оны шын ынтасымен, дұға-тілекпен, ғибадат-құлшылықпен атқару қажет.
Құран Кәрімде көбінесе тәубе етушілік Хақ Елшілерінің дұға-тілегі ретінде көрініс берген. Мысалы, Адам пайғамбардың тәубесі хақында Құран Кәрімде: «Сонда Адам (ғ.с.) Раббынан сөздер үйреніп алды да жалбарынды. Раббы оның тәубесін қабылдады. Өйткені Ол тәубені өте қабылдаушы, ерекше мейірімді» («Бақара» сүресі, 37-аят), әзіреті Ибрахим пайғамбардың тәубе етуі «Раббымыз, екеумізді де өзіңе бой ұсынушы қыл, ұрпақтарымыздан да өзіңе бой ұсынушы бір үммет қыла көр, әрі бізге хаж амалдарымызды көрсетіп, тәубелерімізді қабыл айла, әлбетте Сен өзің тәубені қабыл етуші, ерекше мейрімдісің!» («Бақара» сүресі, 128-аят), әзіреті Мұса пайғамбардың тәубе етуі «Мұса (ғ.с.), белгілі уәдемізде келіп, Раббы оған сөйлегенде, (Мұса ғ.с.): «Раббым маған өзіңді көрсет, Сені көрейін» деді. (Алла): «Мені, әсте көре алмайсың; бірақ тауға қара, сонда егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің» деді. Сонда Раббы тауға елестеген сәтте, оны быт-шыт қылды. Мұса (ғ.с.) да талып түсті. Есі кіре сала: «Сен пәксің, Саған тәубе еттім, әрі мен сенушілердің алғашқысымын» деді» («Ағраф» сүресі, 143-аят), әзіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) тәубесі туралы «Шынында Алла, бір бөлімінің жүректері ауытқуға таяған ауыршылықтан кейін Пайғамбарға ерген Мұһажирлер мен Әнсардың, Пайғамбардың тәубелерін қабыл етті. Алла, оларға тым жұмсақ, өте мейірімді болғандығынан тағы да олардың тәубелерін қабыл етті» («Тәубе» сүресі, 117-аят), «(Мұхаммед ғ.с.) бұйырылғанындай тура бол! Сенімен бірге тәубе еткен кісілер де. Және артық кетпеңдер! Өйткені Алла, не істегендеріңді толық көруші» («Худ» сүресі, 112-аят) деп баяндалады.
Шынтуайтында, пайғамбарлар күнәдан пәк (исмат) болатыны белгілі. Жаббар Хақ оларды күнә жасамайтын етіп жаратқан. Десе де, пайғамбарлар қателік (зәлла) жасауы мүмкін. Әлбетте, олар пендеге тән қателік емес, нубубат (пайғамбарлық) дәрежесіндегі қателіктерді жасайды.
Айталық, Адам атаның жұмақта тыйым салынған жемісті жеуі, әзіреті Жүсіп пайғамбардың өз қауымына қатты ашумен баруы, әзіреті Мұса пайғамбардың Мысырда андаусызда бір кофтыны [1] өлтіріп алуы және т.б. осы тақылетті оқиғалар елшілер мен нәбилердің де қателік жасайтынын көрсетеді.
Алла Тағала Құран Кәрімде елшісі Мұхаммедті (с.ғ.с.): «Алла, өткен әрі келешектегі күнәңды жарылқау, саған деген нығметін тамамдау және саған тура жол көрсету үшін» («Фатих» сүресі, 2-аят) деп жарылқаған еді.
Сонымен қатар, Алла Елшісі (с.ғ.с.) де: «Кейде жүрегімді бір перде бүркеп, содан күніне 100 мәрте тәубе жасаймын» (Муслим, «Зікір», 41-42; Әбу Дәут, «Уитр», 26) деген болатын. Яғни, елшілер мен нәбилер ең алдымен Ұлы Жаратушының құлы болғандықтан, олар да қателік жасап, сол үшін тәубеге келіп, Алла Тағаладан жарылқау тілейді.
Ал, адам баласы ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң, оған сынақ ретінде нәпсі берілгендіктен, ол дәйім қателікке ұрынбай тұрмайды. Әсілі, пенденің аяғын шалт басуы қателік емес, сол қателікті түзеуге ұмтылмауы, тәубе етпеуі үлкен қателік. Себебі, нәпсімен жаратылғандықтан, пенде баласының қателік жасайтыны талассыз шындық. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сіз күнә жасамайтын адам болсаңыз, Алла күнә жасайтын басқа бір қауым жаратып, олардың (тәубе етсе) күнәларын кешіретін еді» (Ханбал, «Муснад», І, 289, Муслим, «Тәубе», 9-11) дейді. Яғни, адам баласының қателіктен сабақ алып, тағдырынан тәрбие көріп, сол қателігін қайталамауға бекінуі аса маңызды.
Расында, Жаббар Хақ құлының күнәсін кешіруге құмбыл тұрады. Пенденің шынайы тәубесін қабыл етеді. Өйткені, Алла Тағала «әт-Таууаб» (тәубені қабыл етуші) сипатына ие әрі асқан мейірімді (рахим). Бұл жөнінде Алла Елшісі (с.ғ.с): «Алла Тағала өз ұрпағын аялаған анасынан да асқан мейірімді» (Бұқари, «Әдеп», 18, Муслим, «Тәубе», 22) дейді.
Сонымен қатар, Алла Тағала: «Кімде-кім ізгі іс істесе, оның он есе сауабын беремін. Кімде-кім күнә істесе, оның күнәсін (тәубе етсе) кешіремін. Кімде-кім маған бір қадам аттаса, мен оған он қадам аттаймын. Кімде-кім маған жүріп келсе, мен оған жүгіріп келемін. Кімде-кім маған ширк жасамай, қателігін кешіруді тілеп келсе, мен оны соған қарай жарылқаймын» (Муслим, «Зикр», 22) – дейді. Демек, тәубе мейірімі шексіз Ұлы Жаратушы мен пендесінің арасын жалғайтын көпір іспетті.
Түйін: Тәубе – руханиятқа бетбұрыстағы алғашқы бекет, ол кемелдіктің бастауы әрі ақиқаттың кілті. Біз ихсан әлеміне тәубе қақпасы арқылы ғана бас сұға аламыз. Тәубесі жоқ адам ешқашан тура жолды таба алмайды. Себебі, тәубе – иманның жауһар қыртыстарының бірі.
Адам баласы тәубе ету арқылы әлімсақта Алла Тағалаға берген уәдесін еске алып, өзінің адами уәзипасын жүзеге асырады. Тәубе ету арқылы күнә істеуін доғарып, жүректің кірін тазартады. Тәубе ету арқылы қайырлы амалдарды көбірек орындап, жақсылықтың жоқтаушысы бола алады.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Әрбір адам күнә жасайды. Күнә жасаушылардың ішіндегі ең қайырлысы – тәубеге келген адам» (Ибн Мәжа, «Зухд», 30) – дейді. Яғни, адам баласы шынайы тәубе ету арқылы қайырлы үмбетке айналады.
Мұхан ИСАХАН
[1] Мысырдың байырғы халқы