Сұрақ: Тәубе деген не?
Жауап: Тәубе – арабтың сөзі, «өкіну, қайту, оралу» деген мағыналарды білдіреді. Адам өз күнәсі үшін Алладан өкінішпен кешірім сұрап, оны қайталамауы қажет. Жаратушымыз пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берген. Адам нәпсісіне ие болмаса, нәпсі үнемі жамандыққа итермелейді. Ақылды адам қателігін нәпсіден дейді, ақымақ адам тағдырдан деп жүре береді.
Мыналар күнәлар санатына жатады: зина жасау, ішімдік ішу, қылмыс істеу, ғайбат айту, ұрлық жасау, қатты ренжіту т.б.
Тәубенің өзіндік шарттары бар:
Адамның өзіне қатысты жасаған күнәсі үшін үш шарт орындалуға тиіс. 1) жасаған күнәсінан тоқтауы, 2) жасаған күнәсі үшін өкінуі, 3) сол ісін енді қайталамауға серт беруі.
Пенде ақысына қатысты жасаған күнәсі болса, төртінші шарты күнә үшін тәубе етумен қатар, сол адамнан кешірім сұралуы тиіс болады. «Зумар» сүресінің 53 аятында: «(Ей, Мұхаммед) айт: Ей, өз бастарына залал келтірген пенделерім! Алланың рахымынан үміт үзбеңдер. Алла (қалаған адамның) барлық күнәсін кешіреді. Ол өте кешірімшіл, асқан мейірімді» десе, «Ниса» сүресінің 110 аятында: «Кімде-кім бір жамандық істесе немесе өзіне өзі кесір істесе, содан кейін (тәубе етіп) Алладан кешірім сұраса, Алланың асқан кешірімшіл, ерекше мейірімді екенін аңғарады» деген.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», – деген.
Икрам АЙТАЕВ