Қазақта «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейтін қанатты сөз бар. Ғұламалардың айтуынша пенде әрбір жасаған қателік, күнәларына тәубе етуі тиіс. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Уа, иман келтірген мүміндер! Шын жүректен Аллаға тәубе жасаңдар!» (әт-Тахрим сүресі, 8-аят), «Ондай (тақуа) жандар, әлдебір жаман іс істеп, өз жан жүрегіне зияндық келтірсе, дереу Алланы еске алып, сол күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды кешіруші Алладан басқа кім бар? Сонымен қатар олар, істеген істерінің күнә екенін білген соң, қасарысып тұрып алмай, ендігәрі оны қайталамуға тырысады» (Әли Имран сүресі, 135-аят).
Егер күнә іс Алла мен пенденің арасындағы істерге (намаз, ораза, зекет, харам істерден тыйылу сияқты т.б. әмірлер мен тыйымдарға) қатысты болса, онда тәубенің үш шарты бар:
1) жасалған күнәдан бас тарту;
2) күнә жасағандығына өкіну;
3) күнәны екінші рет жасамауға бел байлау.
Ал егер жасалған күнә басқа бір пенденің хақына (затын ұрлау, ақысын жеу, ғайбат айту т.б.) қатысы бар болса, онда жоғарыдағы үш шартқа төртінші шарт қосылады, ол: ақысын қайтару немесе кешірмін алу.