Бүгін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі. Бірлік бұл – босағаңнан татулық пен ізгіліктің ертелі-кеш үзілмеуі. Бірлік болған жерде ұдайы тірлік болады. Адам баласының берекесі артып, тоқшылықта өмір сүруіне бірліктің берер үлесі мол. Татулықтың тамыры тыныштық болған жерде тереңге жайылады, ел ішінде тұрақтылық орнайды.
Алланың адамға берер ризық-несібесі, ынтымақты елге берер ырысы бірлік болған жерде таусылмақ емес. ЬІнтымақ қайда болса, ырыс сонда барамын депті. Төбесінен қара бұлт төнген кейбір елдерге қарап, біздегі тыныштық пен бірліктің қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.
Төле би: «Бейбіт елде – сән бөлек, бүлінген елде – дау бөлек» деп бекер айтпаса керек. Демек, ел ішіндегі бейбіт өмір – сән-салтанаттың кепілі іспетті.
Қазіргі таңда аядай Отан құшағында қаншама ұлт өкілдері бірлесіп, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Шаңырақтың керегесі кең болып, түтіні түзу ұшса бұл – үлкен олжа. Түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достық пен сыйластықтың нəтижесінде бейбіт таңымыз атуда. Елімізде болашақ үшін айқын бағыттар нақтыланған.
Ұлы Алла Тағала «Ағраф» сүресінде: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар», – деп баяндайды. Жер бетін алатайдай бүлдірген жоқшылық пен соғыс қазақ халқының да басына нәубет әкелген. Кешегі ер етігімен су кешкен сәттерден халықтың қайсарлығын, тәуелсіздікті аңсаған азат рухының ізін көруге болады. Қазақ даласының дауын шешкен Қазыбек би:
«Төрімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Туырлыққа – ту іліп,
Қыннан қылыш суырып,
Көк найзаның ұшына күдері үкі таққан елміз!» деген.
Демек, бабалар дала заңына бағынып, елдік үшін білек сыбана күресті. Бейбіт өмірді бүгінгі ұрпаққа аманат етті. Сол аманатты арқалаған біздер тәуелсіздіктің қадіріне қылаудай кір келтірмей, ел ішінде бірлікті сақтау үшін бірлесе жұмылуымыз керек.
Күні кеше Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқын Бірлік күні мерекесімен құттықтады:
«Бұл мейрам ұлттық болмысымызды айқындайтын асыл қасиеттеріміз – достықты, сенімді және патриотизмді дәріптейді.
Мен ширек ғасыр бұрын осы мерекені белгілеу туралы шешім қабылдаған едім. Өткен жылдар ішінде біз еліміздің көпұлтты және көпконфессиялы құрылымын стратегиялық артықшылығымызға айналдыра алдық.
Қазақстан береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықты еңсеріп, бүкіл әлемнің құрметіне бөленді және мемлекет құру ісінде зор жетістікке жетті.Бейбітшілік пен қоғамдық келісім әрдайым елдігімізді бекемдейтін қастерлі құндылығымыз болып қала береді.
Біз биыл Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл – барлық этнос өкілдерін мемлекет құрушы ұлттың төңірегіне топтастыратын және тәуелсіздігімізді нығайтуға ықпал ететін бірегей институт.
Халқымыздың ырыс-ынтымағы тарих пен тағдыр сыйы ғана емес, әрқайсымыздың ерен еңбегіміз бен зор жауапкершілігіміздің нәтижесі»,- дей келе, биылғы мереке бүкіл әлемді жайлаған індетпен қатар келгенін айтып өтті. Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, күш-қуатымыз артатындығына сенім білдірді.
«Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті!» (Әлихан Бөкейхан) деп үміт артамыз.
Бақ пен құт егіз. Бақ деген нәрсе бүгіннің ғана емес, келешектің де үлесіне тиесілі. Сондықтан елдіктің мұраты – тыныштық болса, бақ пен құт елдің бірлігін нығайтатын баға жетпес байлық пен құндылық. Осынау ортақ құндылықтар Қазақстан жерінде 130-дан астам этнос өкілдерінің, әртүрлі діндерді ұстанушылардың тату-тәтті өмір сүруіне мүмкіндік беріп келеді.
Ислам дінінде татулық пен бірлікті сақтауға ерекше мән берілген. Мұхаммед пайғамбардың: «Мұсылман – өзгелер қолы мен тілінен зиян көрмеген адам» деген хадисін діндер арасындағы татулық негізін сақтауға да қатысты деуге болады.
Мұхаммед пайғамбар хадисінде: «Кімде-кім бір зиммиға (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілдері) қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін» делінген. Демек, басқа дін өкілдерімен тату-тәтті қарым-қатынаста болу – ислам шариғаты бұйырған іс-амалдардан саналады.
Біздің еліміз – көп конфессияның, көп этностың басын біріктірген берекелі Отан. Ұлттар арасындағы татулықтың нәтижесінде елімізде діни, саяси ахуал барынша тұрақты. Республикамызда өмір сүретін ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамытуға, олардың өз діндерін ұстануларына да жағдай жасалған.
Қоғамда түрлі көзқарас пен пікір иелері бар. Елді арандатып, ішінара іріткі салушылар бар. Сол себепті ел ішіндегі жағдайларға үлкен сабырмен қарап, төзімділік таныту керек.
Адамзатқа дұрыс жол нұсқаушы Мұхаммед пайғамбар да ислам дінін көркем түрде насихаттады. Бірлікті жоғары қойды, араздасқанды татуластырды. Сол себепті елдік мұрат жолында тамшыдай болса да үлес қосу – бәріміздің міндетіміз.
Данагөй қарияға бір жас жігіт келіп: «Менің ішкі жан дүниемде бір-бірімен айқасқан екі түрлі қасқыр бар. Бірі жақсылыққа шақырса, екіншісі жамандыққа итермелеп тұрады. Сізше қайсысы жеңеді?» – деп сұрапты.
Сонда қария: «Қайсысын көп тамақтандыратын болсаң, сонысы жеңеді!» – деген екен.
Осы көрініске қарап мынадай ой түюге болады. Адам сондай бір әлсіз жаратылыс. Оның бойында азғындық та, озбырлық та болуы мүмкін. Егер адам өзінің рухына жақсылықтың дәнін екпесе, ол дәннен мейірім, татулық, сыйластық сынды көркем жапырақтар бүр жарып шықпайды. Айналасынан жақсылықты көре алмайды. Сондықтан ішіндегі кереғар ой сыртқа шығып, қоғамдағы адамдардың санасын өзгертеді.
Ал жақсылықтың дәнін ексе, қоғамда ұлтқа бөлінушілік, алауыздық болмайды. Адамның бәрі Алланың жаратылысы екенін түсінеді. Осылайша өзара сыйластық, құрмет орнайды. Міне, бірлікте апарар жол осы.
Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с.) маңайындағы сахабаларға қарап:
– Сендерге дәреже тұрғысынан ораза мен зекеттен де артық амалды айтайын ба?-деп сұрады. Сахабалар:
– Иә, айтыңыз, Алланың елшісі, -десті. Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Адамдарды татуластыру. Ал адамдарды арасын бұзу (діннің) түбіне жетеді,-деді.
Ұстараның шашты түбінен сыпырып алғаны секілді, адамдардың арасын бұзу да кісінің сенімін, нанымын бұзады. Яғни, қандай қоғамда болмасын ең бірінші татулық пен ауызбіршілік маңызды екен. Алла Тағала Қасиетті Құранда «Маида» сүресінің 2-аятында адамзат баласына: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар…», – деп бұйырған. Адам деген ұлы есімді арқалап жүрген әрбірімізге Алланың аятынан ғибрат алмақ ләзім. Сол кезде:
«Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп» болады. Тыныштықтың шырқын бұзып, бірлік туының астынды біріге алмасақ:
«Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады» (Күлтегін).
Қашанда бірлігі бекем елді жау алмайды… Бүгінгідей айтулы мереке күнінде әрбір ерліктің бағасын, бірліктің қадірін білгенге не жетсін!? Бейбіт күніміз жалғаса берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, еліміздің ұлан байтақ жеріне табан тіреген басқа ұлт өкілдері де қиын күндерде жан сауғалап, аман қалған.
Олар қазақ елінің қайсар мінезін мақтан тұтады! Жақсылығын көріп, мейірімін сезінгендіктен, Отанға деген құрметі зор деп білемін.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы