Біраз уақыт бұрын Дінмұхамед Қонаевтың «Сталиннен Горбачевке дейін» атты кітабын оқып отырып, мына бір қызықты дерекке кезіктім. Тасқын суды тоқтататын «қарабура» әдісі жайында жазыпты. Көп адам біле бермейтін бұл әдіс шын мәнінде назар аударарлық.
Димаш Ахметұлы былай жазады: «Біз Орталық комитеттің тапсырмасымен Қызылорда облысына бардық. Бөрібай су арнасының бас жағында өте қатерлі апат орын алған еді: бөгетті бұзып өткен көктемгі еріген қар суы Қызылорданы басып қалу және Орталық пен Орта Азия арасындағы теміржол қатынасын үзу қаупін туғызған еді.
Бұзылған жерді қалпына келтіру үшін үлкен күш жұмылдырылды. Бұл жұмыстар менің жетекшілігіммен жүргізілді. Ташкент пен Алматыдан гидротехниктер және әскери бөліністер тартылды.
Алайда әскери қызметкерлер мен теміржолшылар қанша тырысса да, тасқын судың бұзып өткен жерін бітей алмады. Содан бір күні маған жасы ұлғайған бір қария келіп:
– Текке әуреленбеңдер! Суды бөгеу үшін «қарабура» әдісін қолдану қажет, – деді (Кітапта орыс тілінде «карабуры» деп жазылған – Е.З.)
– «Қарабура» деген не? – деп сұрадым мен.
Оның айтуынша, жерге ұзындығы 15-20 метр арқанды тартып, үстіне қамыс, сабан, топырақ төсеп, оны тығыздап орау керек. Сосын осы орамдармен тасқынның жолын бөгеу қажет. Бары осы ғана.
– Басеке, маған бес-он сарбаз беріңіз, мен өзім-ақ істеймін, – деді сөзінің соңында қария.
«Қарабура» әдісін қолдану арқасында сол күні су бұзып өткен жер толықтай бітелді. Кейін білгенімдей, Әмір Темір заманында бұл халықтық әдіс бөгет жасау және өзендерді тоқтату үшін қолданылыпты. Апаттың беті қайтқан соң, ол туралы Маленковқа хабарланды.
Сонда маған мынадай ой келді: біз заманауи техниканың алапат күші мен инженерлік шешімдерге иек артамыз да, халық даналығы мен оның ұлы тарихи тәжірибесіне тым немқұрайды қарайды екенбіз. Өзіміз көргендей, қарапайым ғана бір қария барлық әскери батальондар мен ондаған ірі маман жасай алмаған істі жалғыз өзі жайпап тастады. Көрсеткен ғылымыңыз үшін рахмет, ақсақал!..»
Таяу күндері еліміздің ондаған өңірінде су тасқыны басталғанда Қонаевтың кітабынан оқыған осы әдіс бірден есіме түсті. Әлеуметтік желіге арнайы пост жазып, сұрап көріп едім, мұндай әдістің барынан хабардар адам табыла қоймады. Содан интернетті ақтарып көрдім. Ол жерде де «қарабура» туралы мәлімет жоқтың қасы. Дегенмен орысша сайттардан аз-маз деректер таптық.
«Hydrotehnik.com» сайтындағы мәліметке көз жүгіртсек, қарабура – тал мен қамыстан орап жасалатын ауыр фашинаның айрықша түрі. Негізінен Орталық Азия халықтары көп қолданған әдіс. Қарабураның ұзындығы 6-7 метр, диаметрі 0,7-1 метр болады.
Суреттен көріп отырғандай, оны жасау үшін алдымен тегіс жерге әр 0,7 метр сайын жіптерді немесе арқандарды кереді де, оның үстіне қалыңдығын 20-25 етіп шыбықтарды төсейді. Сосын оның үстіне 5-10 см сабан, одан кейін қалыңдығы 10-25 см етіп ірілеу қиыршық тастарды төсеп шығады. Содан соң оны дөңгелектеп орап, жіппен тартып байлайды. Міне, қарабура дайын. Егер шыбық, сабан, қиыршық тас болмаса, олардың орнына қамыс, шым немесе топырақты пайдалануға да болады.
Дінмұхамед Қонаевтың естелігінен көргеніміздей, бұл көне әдіс заманауи техниканың күші жетпейтін тасқынды бөгеуге де қауқарлы екен. Ендеше, дәл қазіргі уақытта назар аударарлық дүние. Бірақ оның жасалу жолын жеткілікті білетін адамдар бар ма? Егер бар болса, көктемгі қарғын судың алдын алып, бетін қайтару үшін қолдануға әбден болар еді. «Жаңашылдық – ұмытылған ескі дәстүр» деген сөз бар. «Қарабураны» да заман ыңғайына сай неге жаңғыртпасқа?
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ
Суретте: «Қарабураны» дайындау жолы:
1 – қада
2 – қиыршық тастар
3 – шыбықтар мен сабан
4 – дайын қарабура