Өзбекстан астанасында 4-5 қыркүйек күндері аралығында ШЫҰ-ның Аймақтық антитеррорлық құрылымының (ААТҚ) 10-шы Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Конференцияға ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Нұран Ниязалиев бастаған ШЫҰ Хатшылығының делегациясы және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің арнайы қызметтерінің басшылары қатысып жатыр.
Іс-шараның басталу салтанатында конференция қатысушыларына арналған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің үндеу-хаты оқылды. Онда көрші ел басшысы терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың негізі адам құқығы мен бостандығын қорғау екенін атап өтті.
«Бұл бағыттағы жұмыстар өзара түсіністікті және ашық қоғамдық диалогты дамытуды талап етеді. Білім беру саласын жетілдіру, жұмыс орындарын құру және халықты әлеуметтік қорғау аталған мәселенің ауқымын төмендетуге ықпал етпек», – делінген үндеуде.
Сонымен қатар, конференцияның пленарлық отырысында сөз алған Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің (МҚҚ) төрағасы Абдусалом Азизов ШЫҰ мен ТМД-ға мүше елдердің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін факторларды атап өтті.
Оның сөзінше, «Ислам мемлекеті – Велаят Хорасанға» қарсы күресте Ауғанстанға көмек көрсету маңызды. Өйткені, қолданылатын шаралардың бәсеңдеуі топтың күшеюіне әкеледі, тиісінше бұл өз кезегінде бүкіл аймақтың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
«Ауғанстан үкіметі өзінің мүмкіндігі мен ресурсын пайдалана отырып, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл шараларын жүргізіп жатыр. Ауған арнайы қызметі «Ислам мемлекеті – Велаят Хорасанмен» күрестің алдыңғы шебінде тұр. Осыған байланысты ауғанстандық серіктестерімізді бұл мәселемен бетпе-бет жалғыз қалдыруға болмайды. Жауды бірге жеңу керек», – деп тоқталды Абдусалом Азизов.
Бұл ретте МҚҚ басшысы халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күресте өзара сенім мен бірлескен күш-жігердің нәтижесінде ғана мемлекеттер тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатынына сенім білдірілді.