Қазақ мәдениеті мен руханиятында ерекше орын алатын тарихи тұлғалар аз емес. Ел есінде сақталған Тінібай Кәукенұлы көпшілікке Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы және абайтануға қатысты еңбектері арқылы жақсы таныс. Бүгінде Семей қаласында көне мешіттер мен ғимараттар жетерлік, солардың бірі – Тінібай мешіті.
ХІХ ғасырдың орта шенінен бастап Семей қаласында Татар слободкасы, Пристань мен Заречная сынды жатақтар болғаны мәлім. Бұған қосымша «Тінібай», «Жоламан», «Тарақты» слободкаларының бой көтергені де аян. Тінібай мен Жоламан – тарихта болған тұлғалар. Еліне қамқор, қалқан болған осы кісілердің арасындағы Тінібай Кәукенұлы ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында тауар-ақша қатынасы дамып, қанат жая бастаған кезеңде Семей өңiрiнде сауда-саттықпен айналысқан. Қазақ арасынан алғаш саудамен аты шыққан Тінібайдың кіре тартып Шәуешекке барғаны жайында тарихи деректер кездеседі. Семейде биік беделге жетіп 2-гильдi көпес атағын алған iрi саудагер һәм байлардың бірі. Руы – уақ, Көкен болысының старшинасы. Сонымен бiрге Семей көпестері қоғамына мүшелікке қабылданып, мещанин атанған қазақ.
Ол уақытта мещандардың отбасы мүшелері де түгелдей осы атаққа ие болғаны анық. Мұндай атақ патшалық Ресейде 1785 жылдан ресми түрде қолданыла бастаған. Мещандар құрамын әлеуметтік тап ретінде ұсақ буржуазия өкілдері құраған. Олар көпестер қауымдастығына мүшелік жарна, ал қала бюджетіне алым-салық төлеп тұрған. Сондай-ақ мүдделері заң жүзінде қорғалып, мещан екендіктерін айғақтайтын арнайы төлқұжат берілген. Бұл мещандық атақ әкеден балаға мұрагерлікке қалып отырған.
Біз айтып отырған қазақтан шыққан Семей өңіріндегі танымал екі бай әрі саудагер Жоламан мен Тінібай өздері мекен еткен жатаққа мешіт салып та атақтары жайылған. Тінібай Кәукенұлы салдырған мешіт – XIX ғасырдың бірінші жартысындағы ең елеулі сәулет ескерткіші. 30-40-жылдары бой түзеген. Ескерткіштің архитектурасы «татар-сібір» мешіттері деп аталатын типке жатады. Бұлар салыну жағынан православие діни сәулет құрылыстарына өте жақын және ұқсас. Мұнда да бір білікке ауқымы әртүрлі құрамдас бөлік орнатылады. Басты ерекшелігі исламға тән ғимараттың күмбез және тік формалы болып аяқталуында тұр.
Прииртыш православие шіркеуінің сәулет өнерінде негізгі ауқымның төрттігі шағын төрттікпен немесе сегіздікпен толықтырылса, мешітте бұл күмбездік жабын арқылы біршама басқаша шешім тапқан. Тінібай мешітінің қабырғалары қарапайым безендірілген. Оларды тікбұрыш формалы терезе ойықтары, сондай-ақ әйелдерге арналған бөлмені жарықтандыратын негізгі ауқымның екінші қабатының төбе терезелері жандандырып тұр. Әртүрлі өрнекпен әшекейленген түтін құбырлары мен суағар құбырлар қосымша әр береді.
Тінібай туралы Шоқан Уәлихановтың атақты Қашқар сапары кезінде жүргізілген күнделігінде мәліметтер кездеседі. Өз заманының көрнекті тұлғасы Тінібай салдырған мешіттен Құнанбай мен Шәкәрім қажылық сапарларына аттанған. Абай Құнанбайұлы 1874 жылы осы мешітте орыс пен түрік соғысы кезінде мал атап, құрбандық шалғаны да анық жайт.
Қуат ҚИЫҚБАЙ
Абай облысы