Осыдан 23 жыл бұрын АҚШ аумағында адамзат тарихындағы ең үлкен теракт орын алды. Оны “әл-Каида” террористік ұйымының мүшелері жасады.
19 террористен тұратын топ 11 қыркүйек күні таңертең төрт ұшақты басып алды. Әр ұшаққа мінген топтың ішінде әуе кемесін басқарудың ең бастапқы дағдыларын меңгерген бір адамнан бар еді.
Екі ұшақ Нью-Йорктің Манхэттен ауданындағы Бүкіләлемдік сауда орталығының екі ғимаратына соғылды. Үшінші ұшақ Вашингтон маңындағы Пентагон ғимаратына құлады. Ал төртінші ұшақтың экипажы мен жолаушылары террористерге қарсы көтеріліс жасап, ұшақ Пенсильвания штатында апатқа ұшырады.
Теракт салдарынан 19 террористен бөлек, 2977 адам қаза тапты. 24 адам із-түссіз кетті. Қайтыс болғандардың басым көпшілігі – қарапайым тұрғындар.
Теракт салдарынан НАТО әскері Ауғанстан мен Пәкістан аумағында “әл-Каида” мен “Талибан” содырларына қарсы күрес жүргізді. Ал американ әскері Иракқа басып кіріп, Саддам Хусейнді тақтан құлатты.