11-сыныпта ҰБТ-ға дайындалып жүрген кезім. Бұрын сабақты тереңдеп мән беріп оқымаппын. Бұл дайындықта құр тест жаттап жоғары балл жинай алмайтынымды түсініп, математика, тарих, тіл пәндерін көңіл көзімен астарынан мән іздеп оқи бастадым.
Бір күні ойланып, бұл үш пәнге терең мән беріп қарасам, құдайым-ау, олар бір-біріне байланып тұр. Математика – әлемнің бір-бірімен байланысын ұқтырса, тіл – солардың байланысқа түсуін қамтамасыз етіп, ал тарих оларға мән-мағына кіргізіп тұр. Соны көрдім де шалқамнан түстім.
Бұл кезде ҰБТ-ға бір ай қалған. Күндіз-түні уайымдаумен оқып, жағым суарып, үңірейіп көзім қалған кез еді. Үш пәннің мына байланысын ұқтым да апайларымнан сұрап көріп едім, ұстаздарым оқушылар жоғары балл жинау керек деген уайыммен жүрді ме, сұрақтарыма біртүрлі көзбен қарады (шын мәнінде бұл сұраққа жауап бере де алмайтын еді. Себебін кейін айтамын).
Содан жаңағы үш пәннің байланысы мені ұйықтатпады. Оған жауап бере алатын адам Каукейде жоқ деп сендім де, сұрақтарды әкеме қойдым.
«Папа, мына үш пән бір-бірімен байланысып тұр. Маған осы қызық. Жауабын білесің бе?» – дедім ентігіп жаңалық ашқандай.
Әкем оны шыбын құрлы көрмей: «Қазір намазымды оқып алайын, бұл сұрақты шемішкедей шағамыз екеуміз», – деді. Тыпыршып мен отырмын. Бір кезде ол қасыма жайланып отырды да, кеттік далаға деді. Мен «үйде де жауап беруге болмай ма» дедім ерініп. «Саған жауапты мен емес, кең дала жауап береді» деді. Таң қалып соңынан ере бердім.
Ауылдың шетіндегі мазардың қасына барып шағын төбенің үстіне шықты да, «Ана мола мен аспанға қарап тұрып маған сұрақ қоя бер» деді. «Тек жаңағы сұрағыңды қойма. Ойыңа түскен басқа сұрақтарды қоя бер» деді.
Содан мен әрі қарай таңқалып, «осы сенің қасиетің қызық» дедім ренжіп.
– Қасиет деген не, балам? – деді жымиып.
– Мен қайдан білейін, – дедім жүйкем көтеріліп.
– Е-е, балам, қасиет деген – адамның жаратылысы…
– Жаратылыс деген не? – дедім сұрақтан сұрақ туындап.
– Жаратылыс деген – адам баласының туабітті әрі өсе келе жанама қасиеті.
– Туабітті болмыс дегеніміз не? – деп кете берді сұрақтар.
– Балам, туабітті деген Алланың адам баласын жаратқанда бойына салған негізгі қасиеті.
– Одан адам ажырап кетуіне бола ма?
– Адам ол қасиеттен ажырамайды, тек бетін күнәмен жауып тастайды немесе ұмыт қалдырады.
– Күнә дегеніміз не? Сосын ол қасиет адамның бойында туабітті болса, адам оны қалай ұмытады? Мысалы, сіз менің туабітті әкемсіз. Мен сізді ұмытайын десем де, ұмыта алмаймын. Себебі көлбеңдеп күнде көзіме көрінесіз немесе ойымда тұрасыз. Әлде мен сізден қашып кетейін бе, сізді ұмыту үшін?..
– Ай, балам-ай, бәріне өзің жауап бердің. Себебі барлық қасиеттілік адамның өз бойында. Еске түсірсең жақсы адам боласың, еске түсірмесең, жаман адам боласың. Дұрыс айтасың, балам, егер сен өз бойыңдағы жақсылық дәнегінің егіліп, гүлдей жайқалуына еңбек етпей қашсаң, ол жеміс бермейді. Ал егер оны суғарып, баптасаң, жаның жайқалып, жақсы адам болып өтесің. Ал күнә дегеніміз – бұл өмірдегі жамандықтар. Не оқығаныңа мән бер.
Сыртқы бес сезім мүшеңді жаман нәрсеге үйір қылма (негізі бұл жауапты исламнан алып отырғанын кейін білдік қой). Көз көркемдіктен, құлақ жағымды дауыстан, мұрын қош иістен, дәм сезу тәтті тағамнан, қол жұмсақ нәрсені сипаудан ләззат алады негізгі болмысында. Ал, сен осы нәрселерді керісінше істесең, сыртқы бес сезім мүшесі жаман нәрселерге үйір болады. Сөйтіп көзің арамнан, мұрның жиіркенішті иістен, құлақ даңғырлықтан, аузың арақ секілді харам астан, қолың күнәдан ләззат алады.
Бұл сыртқы сезіну қасиеттері ішкі жан-дүниеңе түскенде, табиғи таза болмысыңның бетін күнәмен жауып тастайды. Сөйтіп таза табиғи жан-дүниең нәпсіңнің түрмесіне түседі. Оны кейін шығарып алу да өзіңнің қолыңда. Ол үшін өзіңді тануың қажет. Сенің негізгі болмысың тән емес, жан. Соны сезінуің, білуің қажет.
Тағы да айтарым бар. Кіммен дос болғаныңа қара. Себебі жақсы адам жақсылыққа, жаман адам жамандыққа алып барады. Ортаңды, досыңды таңдай алмасаң, өмір бойы шатасумен боласың.
Әкем маған осылайша ақылды қарша боратты.
– Папа, – дедім, – бұл ақылды күнде естіп жүрмін өзіңнен оңашада. Мен негізі о басында сұрағым басқа еді, сіз басқа жаққа кеттіңіз, – дедім ашуланып.
– Е-е, балам, ғылым да, жауап та адамның өз ішінде. Олай болмаса қаншама ғалымдарды ілімімен таң қалдырып келе жатқан Пайғамбарымыз негізінде оқымаған адам еді ғой. Білім-ілімде күрделі сұрақтарға жауаптар тапқың келсе, көңілің мен жүрегің жақсы көрген ісіңе мөп-мөлдір таза болуы қажет. Мейірлену таза көңілден, шексіз жақсы көруден шығады. Бір ғылымға қатты мейірімің түссе, сен оның жауабың таппай қоймайсың, – деді.
«Аа» дедім де қойдым. Ол кезде бұл жауаптардың мәнін ұқпаған едім.
Осы сұқбатты кейін еске түсіріп отырып, Хәкім Абайдың: «Білім мейірленсең ғана қолыңа түседі» деген өлеңін оқыдым. Сөйтсем, шығыс даналары да: «Құпиялар ғашықтықпен ашылады» деп түйіндепті барлық жазбаларында. Ол үшін көңіл мен жүрек таза болуы қажет, ол ілім мен ғылымға. Шәкәрімнің «ТАЗА АҚЫЛ» дегені осы екен.
АЙТПАҚШЫ ЖАҢАҒЫ ҮШ ПӘННІҢ ЕКІДҮНИЕЛІК БАЙЛАНЫСЫН ТАРИХТА ӨТКЕН ҒАЛЫМДАР ЕҢБЕГІ МЕН ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ ӨСИЕТІНЕН ТАПТЫМ. ЖАУАБЫ ҚАРАПАЙЫМ ӘРІ ТАҢҚАЛАРЛЫҚ ЕКЕН. ОНЫ КЕЙІН ЖЫРЛАЙЫН…
Бұл үш пән (тіл, математика, тарих (өткен) қана өзара байланыста тұрған жоқ. Барлық пән, ғылым өзара байланыста тұр екен. Адам жоқтан бар жасамайды, бар болғаны бар нәрсені сезіп, сезініп, танымды материяға айналдыра біледі екен. Ғалымдар таным ләззатын – көру ләззатына айналдырушылар. Шәкәрімнің «Құдай жоқтан бар жасады, сен бардан бар жаса» деуі осы екен…
ТӘРБИЕ АДАМНЫҢ ТАЗА АҚЫЛЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ…
Жарас АХАН,
«Мағына» тарихи-фәлсәфалық еңбегінен