Қай кезеңде немесе қай халықта болмасын ұлттық құндылықтардың халық өмірінде алатын орны ерекше. Өйткені халқымыздың атақты ақыны, сонау Түркиядағы Шанаққаладағы болған соғыста «Алыстағы бауырыма» атты өлең арнаған Мағжан Жұмабаев: «Жас бала шыбық тәріздес, оны қалай иетін болсаң сол қалпы өсе береді», – деп айтпақшы, тәрбиенің берілетін балалық шақтың маңыздылығын көрсеткен. Расымен де балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру ұлттық құндылықтардан бастау алады. Бесікте жатқан балаға бесік жыры, өсе келе үйретілетін батырлар жыры және баланың өміріндегі жүзеге асырылған басқа да салт-жоралар адам өмірінде тұлға болып қалыптасу үшін ең қажетті элементтер.
Бүгінгі таңдағы жас ұрпақ балалық шақтан бастап ұлттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбие алуы шарт. Мұндай тәрбие көргендер ертеңгі күні елім, жерім дейтін жастарға айналары сөзсіз. Өйткені ұлттық құндылықтардың негізгі көріністері отансүйгіштік, отбасының бүтін болуы, қоғамға пайда тигізу секілді дүниелерден тұрады. Тарихты ақтарар болсақ, еліміздің ерлері батыр, қыздарымыз қылықты болған. Мұнда тәрбие берудегі ең маңызды адамдардың арасында аналарымыздың рөлі орасан зор. Сондай аналардан Абай, Шәкәрім, Мағжан, Бауыржан секілді ағартушы, батырлар дүниеге келген. Сөйлеген сөздері Құран аяты мен хадиске негізделген, әрбір жасаған іс-әрекеттері зәредей зиян алып келмей, керісінше пайдасын тигізіп келе жатыр.
Ұлттық құндылықтардың арасында мақал-мәтелдер де өзіндік орынға ие. Бабаларымыздың айтқан әрбір сөздерінің мәні түпсіз терең тұңғиық. «Балаң өзіңе тартса жұбан, қоғамға тартса қуан», – деп бекер айтпаған дана халқымыз. Мұндағы негізгі мән қоғаммен етене араласу, қоғамға пайдасын тигізу, қоғамда белгілі бір орын табу мақсатында айтылса, «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп айтумен әлемдік аренада елдің ел болып қалуы үшін сол елде өмір сүріп жүрген адамның тәрбиесі бесіктен басталатынын айтқан. Сондай-ақ «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбайтын дәстүр қалдыр» деп, ұлттық құндылықтардан болған дәстүрдің үйретілуі, насихатталуы мен жаңғыруы бала тәрбиесіндегі орнын айшықтап тұрғандай. Бесіктен белі шықпаған балаға берілген тәрбиенің маңыздылығын түсіну үшін мына бір мақалды да атап өткен жөн болар: «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле». Бабалар мұнымен ұлттық тәрбиенің маңыздылығын көрсетуде. Әрбір ұлттың тәрбие қайнары әртүрлі. Ел болып қалыптасамын десе, өзінің бабаларының жолын жалғастырамын деп ойласа, сол ұлтының тәрбиесін көрген абзал екендігін айтады.
Қазіргі таңдағы үлкенді сыйламау, ата-анасына жекіп сөйлеу, рәміздерді құрметтемеу, мұғалімдеріне қарсы шығу, басшыға бағынбау және т.б. олқылықтар кезінде дұрыс тәлім-тәрбие алмағандықта жатыр. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ иығындағы жауапкершілікті шынайы сезінбейді. Өзін ұлт болып қалыптасуының басты факторларының бірі ұлттық құндылықтарды насихаттаушы адам екендігін түсінбеуде.
Ұлт белгілі бір адамнан қалай құралған болса, ұлттық құндылықты жүзеге асыратын адам да дәл солай жаратылған. Өйткені адам таңдай алмайтын, еріксіз болатын нәрселердің бірі бұл – қай жерде және кім болып дүниеге келуінде жатыр. Жоғарыда қозғаған мәселе бойынша түйін сөзімізді Ахмет Байтұрсынның «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шығады», – демекші, ертеңін ойлайтын, елінің дамуы үшін күресетін жастардың тәрбиеленуінде ұлттық құндылықтар таптырмас орынға ие. Сондықтанда беріп жатқан тәрбиемізде ұлттық құндылықтарға басымдық беретін болсақ, жастарымыз елдің әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне және дамыған елдердің деңгейіне бейімделеді деген ойдамыз.
РАНТ мүшесі,
Қуаныш Абишев