Сұрақ: Тақуалық туралы көп уағыздар мен насихаттар бар. Осы тақуалықтың берер пайдасы мен нәтижелерін нақты атап берсеңіз?
Жауап: Исламда материалдық әлеммен қоса руханиятты қамтып, әрі тамыры осы дүниеде көктеп, жемістерін ана дүниеде беретін тақуалық сипаты жүйелі түрде ұғындырылған. Тақуалық – Құран кәрім мен Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде де ерекше мән берілген сиптат. Сондықтан жалпы тақуалыққа тоқталып жатпай, ғалымдарымыздың Құран аяттары мен хадистерге сүйене отырып анықтаған пайдалары мен игіліктеріне тоқталайық.
- Алланың сүйіпеншілігіне бөленеді. Әсілінде Алланың сүйпеншілігіне бөленуден артық мәртебе жоқ. Сол үшін Алла тағала тқуалық танытқан мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлап: «Алла тақуаларды жақсы көреді» деген («Әли Имран» сүресі, 76-аят).
- Тура жолға бағытталады. Қүран Кәрім адамзатты тура жолға түсіріп, бақытты ету үшін түсірілген илаһи кітап. Мұны барлық мұсылман мойындайды. Алайда мұсылмандардың ішінде тақуаларға ол ерекше жол көрсетіп, бағыт береді. Осыған орай Алла тағала: «Міне, (мұғжиза) Кітап. Онда (яғни, оның көктен түскен илаһи кітап екендігінде) еш күмән жоқ. Ол (Аллаға шын бойсұнған, күнә атаулыдан барынша сақтанатын) тақуа жандарды тура жолға бастаушы» деген.
- Қиналған сәтте тығырықтан шығар жол көрсетіліп, адал рызық беріледі Құранда:«Кімде-кім Алладан қорықса, Алла оған қиындықтан құтылар жол ашады және күтпеген жерден ризық жібереді» делінген аят бар («Талақ» сүресі, 2-3-аяттар). Бұл аятты оқығанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Алла әрі дүниенің күмәндарынан әрі өлімнің ауыртпашылығы мен қиямет күніндегі қиындықтардан шығу жолын ашады» десе, Әбу Зәррға «адамдардың бәрі осыны ұстанса оларға осы жетер еді» (Е. Хамди Языр, 8-т., 115-б.) деп тақуалықтың Алланың жәрдеміне себепкер болатын сырын айтқан еді. Аяттағы: «құтылар жол ашады» дегенді, Ибн Аббас: «Алла Тағала бұл дүниедегі және ақыреттегі барлық қайғыдан құтқарады» деп тәпсірлеген. Тақуалық – қиындықтардан құтылуға әрі адал ризықтың келуіне себепкер. Алла өзінің сақтанған құлын ол тап болатын қиындықтардан аман алып қалады. Басқаларға мұқтаж болудан құтқарып, күтпеген жерден ризық жібереді.
- Ең ардақты жан. Адамның абыройлылығы мен ардақтылығы шыққан тегіне, руына, түр-түсіне, лауазымына қатысты емес екенін Хақ Тағала Құранда: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың» («Хұжырат» сүресі, 13-аят) деп нақты көрсептіп берген.
- Дұшпаннан қорғалады. Алла Тағала дұшпанның түрлі айлаларынан қорғайтындығын «Егер сабырлылық танытсаңдар және (хақ жолдан ауытқымай) тақуалық шеңберінен шықпай әрекет ететін болсаңдар, олардың қулық-сұмдығы мен құрған тұзақтарының сендерге ешқандай да зияны тимейді» деп хабар береді («Али Имран» сүресі, 120-аят).
- Алла – тақуалардың досы. Аллаға дос болу қандай үлкен бақыт десеңізші! Ал, тақуаларға мұның жолы ашық екенін Жаббар Иеміз: «Алла болса, Өзіне лайықты түрде тағзым ететін һәм қарсы келуден сақтанатын тақуа жандардың жанашыр досы» деп айтып кеткен («Жәсия» сүресі, 19-аят).
- Істеріне жеңілдік беріледі. Тақуа адамның әр ісіне жеңілдік берілетіні Құранда: «Кім Алладан қорықса, оның ісіне оңайлық жасайды» деу арқылы нақтыланған («Талақ» сүресі, 4-аят).
- Күнәлары кешіріліп, мол сауапқа кенеледі. Алла Тағала тақуа құлдарына берілетін сый турасында: «Алладан қорықса, оның күнәлі істерін жойып, сауабын молайтады» деп («Талақ» сүресі, 5-аят) бір жағынан күнәнің кешірілітіндігін, екінші жақтан сауаптарының еселенетіндігін айту арқылы, тақуалыққа қызықтырған.
- Жер мен көктің берекет қақпасы ашылады. Құранда: «Егер әлгі елді мекендердің халқы иман келтіргенінде һәм Аллаға қарсы келуден сақтанып, Оны паналағандарында, әлбетте, Біз олар үшін көк пен жердің берекет қақпаларын айқара ашып, оларды әбден жарылқайтын едік» делінген («Ағраф» сүресі, 96-аят).
- Істері түзеледі. Тақуалық танытқан құлының істерін Алла Тағала түзетіп, күнәларын кешіреді. Құранда бұл ақиқат: «Уа, иман еткендер! Ендеше, Алладан лайықты түрде қорқып, Оған қарсы келуден әрі азабынан барынша сақтаныңдар және әрдайым жібі түзу сөз айтыңдар! Сол арқылы Алла істеріңді түзу қылып, күнә-қателіктеріңді кешірсін» деп баяндалған («Ахзаб» 70-71-аяттар).
- Ізгі істері қабыл етіледі. Біз қай жақсылығымыздың қабыл боларын білмейміз, сондықтан әрдайым жақсылық жасаумен боламыз. Өз кезегінде бұл да Алла Тағаланың адам өмірін жақсартуға бағытталған бірі сыры. Десек те Хақ Тағала тақуалардың жасаған ізгі істерін қабыл ететіндігі: «Алла сөзсіз тақуалардан ғана қабыл етеді» деп баяндаған («Мәида» сүресі, 27-аят). Әрине тақуалыққа қол жеткізу оңай емес, алайда нәтижелерінің кереметтігі пендені қызықтырмай қоймайды әрі тақуалыққа жету жолында үлкен шабыт сыйлайды.
- Тозақ отынан сақталады. Ақыреттің үлкен қайғы-мұңы мен қасыреті лаулап жанған тозақ отына түсу болса, тақуалық одан аман сақтап қалады. Бұл ұлы шындық Құранда: «Содан кейін Аллаға асылық қылудан қорыққан тақуа жандарды құтқарамыз» («Мәриям» сүресі, 70-аят), «Ал Аллаға шын көңілден тағзым етіп, Оған қарсы келуден барынша сақтанатын тақуа жандар ол оттан аулақ әкетіледі» («Ләйл» сүресі, 17-аят) деп баяндалады.
- Қияметте жоғары мәртебеге қол жеткізеді. Алла Тағала: «Күпірлік еткендерге дүние тіршілігі әдемі көрінді де иман еткендерді тәлкек қылады. Негізінде тақуалар қиямет күнінде олардан үстем болады және Алла қалағанын есепсіз ризыққа бөлейді» деп айтқан («Бақара» сүресі, 212-аят).
- Жаннатқа кенеледі. Тақуа адамдар жаннаттың мирасқорлары. Алла Тағала Құранда:«Құлдарымыздан тақуа болғандары үшін, мұрагер ететін жаннат осы» деген («Мариям» сүресі, 63-аят). Сондай-ақ тағы бір аятта «Раббыларыңның жарылқауына һәм шынайы тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жеті қат аспан мен жердей болған жұмаққа асыға ұмтылыңдар!» («Әли Имран» сүресі, 133-аят) деп тақуалар үшін дайындалған жұмаққа асығуға шақырған .
- Екі дүниеде қуанышқа кенеледі. Алла Тағала тақуалардың екі дүниеде де қуанышқа кенелетіндігін айтып:«Олар шынайы түрде иман еткендер һәм Аллаға асылық қылудан сақтанып, өз міндеттерін толық орындайтындар. Оларға бұл дүниеде де, ақиретте де сүйінші. Алланың сөздерінде (һәм үкімдерінде) өзгеріске жол берілмейді. Міне, ең ұлы жетістік, ең зор табыс – осы» («Юнус» сүресі, 63-64-аяттар) сүйіншілейді.
Осы орайда Имам Ғазали былай дейді:
«Осы аяттардан дүние мен ақыреттің бақыты тақуалық деген қазынаның ішінде екенін ұғамыз. Олай болса, әй мүміндер, екі дүниеде бақытқа қол жеткізгілерің келсе, тақуалықтың берер пайдаларының игілігін иелену мүмкіндігінен құр алақан қалмаңдар! Толыққанды құлшылық мына үш негізге байланысты: 1. Құлшылықта Алланың қолдауы, 2. Құлшылықтың дұрыстығы, түзелтілуі кемшіліксіз әрі толық болуында, 3. Алла Тағаланың құлшылықтарды қабыл етуі. Тақуалық осы үш негізді де қамтиды.
Құран Кәрімдегі «Алла тақуалармен бірге» («Нәхіл» сүресі, 28-аят), «Алла тақуалардың істерін түзетеді» («Ахзаб» 70, 71-аяттар), «Алла тақуалық иелерінің тақуалықтарын қабыл етеді» («Мәида» сүресі, 27-аят) деген аяттар осы үш негізді баяндайды. Осы жерден құлшылықтың аталған үш негізде жинақталғанын көреміз.
Өйткені Алланың қолдауынсыз құлшылық жасау оңай емес, ал түзелтусіз құлшылық толық болмайды. Өз кезегінде құлшылық пен ізгі істеріміз қабыл етілмесе, оның пайдасы жоқ. Сондықтан Аллаға берілген құлдар әрдайым тағат-құлшылықтарында қолдау мен табысқа жету, қателіктерінің түзелтіліп, кемшіліктерінің толықтырылып, қабыл етілуін әрдайым Алла Тағаладан жалбарынып сұраған.
Осылардың барлығын Жаратқан Иеміз (олар қаласа да, қаламаса да) тақуаларға уәде еткен. Сондықтан да екі дүниеде де бақытқа қол жеткізуді қалаған құлдар жасаған ізгі істері мен құлшылықтарының пайдасын көру үшін тақуалық иесі болуы керек» (Ғазали. Минхажу әл-абидин (Абидлерин иолу, (ауд:) Тургут Улусой, «Хисар» баспасы)
Осылайша бүкіл жақсылыққа жетелейтін себептерді толығымен дұрыс пайдаланып, күллі жамандық атаулыдан алшақ тұруды қамтитын тақуалықтың нәтижесінде адам баласы «асфалас-сафилин» – «төменгілердің ең төмені» болудан құтылып, «‘ала’-у иллиин» «жоғарғылардың ең жоғарғысы» болу деңгейіне жетеді. Сондықтан да тақуаға қол жеткізген жан барлық жақсылық пен берекенің қайнар бұлағын жазбай, жаңылмай дәл табады.
Алау Әділбаев
Сұрағыма жауап бергеніңізге рахмет. Толыққан әрі түсінікті. Көп рахмеет.