Жаратушы Иеміздің бізге берген иманнан кейінгі ең үлкен нығметтерінің бірі, сонымен бірге аманаты – балаларымыз. Ұрпағымызды мұсылман етіп өсіріп, тәрбиелеу – ең үлкен міндетіміз. Әрдайым мән беріп, тырысатын талабымыз да осы болуы керек.
Құддыс – қаншама километрдегі талабымыз болса, балаларымыз – метр емес, құшағымыздағы талабымыз. Құшағымыздағы міндетті тастап, анау ұзақ жерлерге баруға міндетті емеспіз.
Алла Тағала құшағымыздағы емтиханмен бізді сынайды. Осы балаларымыз біз үшін қаншалықты жауапкершілігі үлкен міндет болса, шайтан үшін де ең үлкен азғыру нысанасы. Ұрпағымыздың мұсылман болып өсіп-жетіліп, ғибадатқа бейімделуі қажет.
Балаларымыздың намазды, басқа парыздарды үйренуі мешіттердегі молдалардың, медреседегі мұғалімдердің міндеті емес, олар тек үйретеді. Бұл нәрсе – мектептегі мұғалімдердің балаларға оқуды, жазуды үйреткені сияқты болғанымен, балалар ана тілін мектепке барғанша үйреніп барады. Олар ана тілін аналарынан, әкелерінен, өмір сүріп жатқан үйлерінен сөйлем-сөйлемнен үйреніп барады.
Екі жасқа келген сәби қажетін айта алады. Үш жасқа толғанда үлкендер сияқты сөйлей алады. Не мұғалім, не оқытушы көрместен, сәби тек анасы мен әкесінің айтқанын, істегенін қайталап, «отыр», «тұр», «бер» деген сөздерді біліп алады.
Мектепке барған бала ана тілінде сөйлеп барғандай, мешітке не медресеге барғанша, құлшылығын біліп баруы керек. Ата-ана баласына ғибадат рухын берсе, медреседе фиқһы үйретіледі.
Ата-анасы бала бойындағы «иман рухын» медреседен, имам-хатиб лицейінен, мешіт имамынан күтпеуі керек. Намаздың, оразаның шарттарын медреседе үйреніп, емтихан тапсырып үйренсе, «мен мұсылманмын», «менің бір уақыт намазым дүниедегі бәрі нәрседен артық» деген тақуалығын әке-шешесінен, үйінен алуы қажет.
Тақуалықты үйінен алсын, ал білімді медреседен, мешіттен алсын.
Бір мысал келтірейін, қазіргі ұрпаққа қарағанда, осыдан 150 жыл бұрынғы буынның мүмкіндіктері нөлге тең дәреже ішінде өмір сүрді. Мектеп, медресе, кітапхана, тіпті кітап жоқ болатын. Алайда, олар бір уақыт намазы үшін жанын беруге даяр еді.
Ауылдарында мұғалім де жоқ еді, бірақ аналары бойларына осы тақуалықтың дәнін екті. Намазды өмірдің шарты деп біліп, рухын алды, медресе ұстазы болмаса да, мешітті толтырды. Мешітте имам жоқ болса, намазды біріне-бірі имам болып оқыды.
Ал, қазір ше? Барлық жерде имам бар, екінің бірі имамның білгеніндей білім біледі. Қалта телефоныңыз кәдімгі «ғұлама-шейх» болды.
Электронды жиһаздар да имам-ұстаздарға айналды.
Ал, намаз, ораза қайда? Құран оқу қайда?
Демек, ең негізгі міндеті болған тақуалықты ата-анасы бермей, бұл аманатты басқаларға аударған уақытта, көріп отырғандай құлшылықта тақуалық болмайды.
Сондықтан, ата-ана балаға ана тілін үйреткенде әрбір сөзін үйреткендей, ғибадатын да солай үйретуі керек.
Сондай-ақ бұл міндет үш айлық, бес айлық бір міндет емес, бәлки өмір бақилық міндеті болады.
(Түркиялық ғалым Нүриддин Йылдыз дәрісінен үзінді)
Дайындаған Қуат ҚАБДОЛДА