Татар отбасында дүниеге келген Тәнзила Әлимұхамедқызы қолына диплом алған 1974 жылдан бастап 2010 жылға дейін Щучинск қаласындағы орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ беріпті. Бітірген мамандығы орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болса да, қазақ тілін оқытқан. 42 жылдық еңбек өтілін осы іске арнаған ардагер ұстаз басында бұл қадамға мәжбүрліктен барғанымен кейін бар ықыласымен жұмыс істеп, қазір соның жемісін көріп отырғанын айтты.
ҚазАқпарат қонағының бүгінгі санында қарапайым ұстаз бола жүріп, үлкен іс тындырған отандасымызбен болған әңгімені ықшамдап ұсынып отырмыз.
– Сізді сұхбатқа шақырған себебіміз, еңбек жолыңыз қызықты болып көрінді. Ұлтсыздандыру ушығып тұрған жетпісінші жылдардың басында негізгі бітірген мамандығыңыз орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бола тұрып, орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беріпсіз. Бабаларыңыз қазақ жеріне қашан және қалай келіп еді? Әңгімені осыдан бастасақ.
– 1917 жылдың революциясы дейді ғой, оның кімге не әкелгенін бір Алладан және соны көзбен көрген бабаларымыздан басқа ешкім білмейді. Сол кезде менің бабаларым дворян шені бар кісілер болған екен. Ақыры қуғынға түсіп, сонау Уфадан Қазақстанға келіп, Есіл бойына қоныс аударған екен. Талай жыл сол Есіл бойында тұрып, мәңгілік мекенін де сол жерден тапты. Шәріп, Сәлімжуар бабаларымның зираты сонда жатыр.
– Орыс тілі пәнінің мұғалімі мамандығын бітірсеңіз де, қазақ тілінен сабақ беру қиын болған шығар. Ол кезде өзіңіз айтып отырған Щучинскте қазақтың саны да аз болды ғой. Сондай қиын жұмысты дайындықсыз қолға алуыңызға не себеп болды?
– Борис Владимирович Брезицкий деген мектеп директоры болған еді. Сол мен жұмыс іздеп барған №3 мектептің алғашқы директоры екен. Маған шарт қойды. «Бізде орыс тілінің мұғалімі бар. Одан да қазақ тілінен сабақ бер. Егер осыған келіссең, сағат бөліп берем. Әйтпесе жұмысқа ала алмаймын», – деді.
Жоғарыдан оларға сондай талап түскен екен. Орыс сыныптарында да қазақ тілі оқытылсын деген міндет қойылыпты. Ақыры жұмыс керек болған соң көндім. Ол кезде Шучинскте 10 мектеп бар еді. Соның екеуінде ғана қазақ тілі пән ретінде оқытылатын, біреуі қазақ мектебі еді.
Мен келген соң біздің мектепте де қазақ тілі оқытыла бастады. Ал қазір қазақ тілінде сабақ беретін лицейіміз бар, одан басқа екі қазақ мектеп жұмыс істеп тұр. Қазір бәрі басқаша. Ал ол заманда солай еді.
– Ол кезде қазіргідей көмекші құралдар, әдістемелер болмаған шығар. Сол қиындықтың бәрін қалай жеңдіңіз?
– Түні бойы, күні бойы отыратынмын. Сабақтың жоспарын жасағанда орыс тілінен олай қиналмайтынмын. Ал қазақ тілін оқытуды жоспарлау қиын болды басында. Жан-тәніммен тырысып дайындалғандықтан болар, менің сабағымда тәртіп сақталатын. Өйткені әр сабаққа үлкен дайындықпен кіретінмін. Алғашқы жылдар ешқандай методикалық дүниелер болған жоқ. Өзіміз жоқтан бар жасайтын едік.
– Бірақ өскен ортаңыздың да көмегі болған шығар. Одан кейін татар мен қазақтың тілінде көп айырмашылық жоқ деп естиміз.
– Қазақ тілін жүрегімізге ұялатқаны үшін әкеме мың да бір рақмет айтамын. Менің әкем араб тілінің маманы болатын. Троицкідегі Ғалия медресесін бітірген. Ол кісі түркі тілдерінің бәрін жақсы білетін. Үйде тек қазақша сөйлейтінбіз. Отбасымызда менен басқа 4 апам да педагог болды. Бәріміз қазақша өте жақсы сөйледік.
– Әкеңіз үйде қазақша сөйлеу керек деген талабының себебін қалай түсіндіруші еді?
– Олар өз елінде, өз жерінде қуғын көргенде пана болған кім? Босып келгенде бауырына басып, туысқандай болып кеткен кім? Кімді пана тұтып, кіммен ағайындай араласып кетті? Қазақтармен! Өз ойым, сондықтан әкеміз үйде қазақша сөйлеткен шығар.
Ғабиден Мұстафиннің тамаша сөзі бар. «Тіл құралы – сөз, сөз құралы – ақыл. Ақылды ой мен алғыр сөз – кісінің ең жоғарғы қасиеті» дейді. Сондықтан мен орыстың балаларына айтатынмын, «Қазақша неғұрлым көбірек сөз білсеңдер, математикадан теңдеулерді соғырлым оңай шығарасыңдар. Тіл үйренген адамның миы ерекше жақсы жұмыс істейді» деп сендіретінмін.
Кейде осы міндетті дұрыс орындай алдым ба деп ойлаймын. Қазақстанда тұрғандықтан, сол уақытта қазақ тілінің жағдайы қиын болып тұрғанда бір жағынан жүгін көтеріскенім дұрыс болған шығар дейді бір ойым. Қазақ тілінің оқулықтары сапасыз дегенді көп айтады. Менің ойымша, бұрынғы оқулықтар қазіргіден әлдеқайда сапалы болған сияқты.
– 1989 жылы қазақ тілі Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды ғой. Сол оқиға сіздердің жұмысыңызға қалай әсер етіп еді? Қарапайым мұғалімнің жұмысына жеңілдік немесе қуаныш әкеле алды ма?
– Қуаныш та әкелді, жеңілдік те әкелді, көмек те болды. Енді халқымыз қазақ тіліне басқаша қарай бастады. Мен сабағымды басқаша бастайтын болдым. «Ана тілін білулерің керек. Мемлекеттік тілді білу – міндетің» дейтін болдық. Әке-шешелері де басқаша қарай бастады. Ата-аналар тығыз байланыс орнатып, ұстаздарға көмектесе бастады.
– Шәкірттеріңіз туралы айтыңызшы. Өзге ұлттан шықса да, қазақ тілін қазақтың өзінен кем білмейтін балалар болды ма? Жалпы шәкірттеріңіз іздеп тұра ма?
– Менің тамаша екі шәкіртім бар. Виктория Потюпкина деген оқушым менің сыныбымнан 1999 жылы түлеп ұшты. Светлана Гетманская деген шәкіртім болды. Екеуі де қазақ тілі мен қазақ әдебиеті десе, жаны шығып тұратын.
– Қазақ тілін үйренгім келеді, бірақ әдістемесі дұрыс емес дейтіндер бар. Кейбірі қызықтыратын тәсіл жоқ дейді. Қазақ тілін үйреніп, тереңіне бойлау үшін кімді оқу керек деп ойлайсыз?
– Біз көбіне Абай мен Шоқанға жүгінетінбіз. Балалар Темірхан Медетбекті жақсы көріп оқитын. Абылай хан туралы тақырыпты өткенде соның өлеңін жаттатқызатынмын. Орыстың балалары сол өлеңді сондай жақсы көріп жаттаушы еді. Сол өлеңді үй тапсырмаға берген күні бәрі бестік баға алатын.
Кейде уайымдаймын, кезінде балалардың назарын поэзияға көбірек бұрып жіберген шығармын. Өйткені менің балаларым өлеңді жақсы көретін. Бірақ менің мақсатым – орыстың балаларының назарын өзіме, тіліме қаратып алу еді. Өйткені біз қиын жылдарда жұмыс істедік. Не үшін бір қалада 3 мектепте ғана қазақ тілі оқытылды? Оның бәрін өзіңіз де түсініп отырсыз. Бірақ мен өкінбеймін. Керісінше әкеме, директорыма, жалпы тағдырыма Абайдың тіліне қызмет ету мүмкіндігін бергені үшін мың да бір рахмет айтамын.
– Ал біз сізге қазақ тілінің тұғырын тіктеуге атсалысқаныңыз үшін алғыс айтамыз!