Сұрақ: Танымал адам болуға талпынған дұрыс па және оның жауапкершілігі қандай?
Жауап: Адамның дәулетті, атақты немесе танымал болуды қалауы – табиғи құбылыс. Дін ислам мұны шектемеген, керісінше, еңбек етіп, дәулетті болуды құптайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Беруші қол, алушы қолдан қайырлы» деп айтқан машһүр хадисі осыған дәлел. Өйткені, дәулетті адам қоғамдағы жетім-жесірлерге, әлеуметтік жағдайы төмен және жарлы-жақыбай жандарға көмек береді әрі көп қайырымдылық жасайды. Адамның танымал болуды қалауы, оған талпынуы – өз еркі және жеке құқығы.
Бірақ, дәулетті, қоғамдық өмірде ықпалды және танымал адамдарға мінез-құлықта, қылықта белгілі деңгейде шектеулер қояды. Мысалы, тәкаппар болма, мақтаншақтықтан сақ бол, әлсіздерге зұлымдық қылма деген сияқты т.б.
«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар және әке-шешеге жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астарыңдағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» (Ниса: 36).
Сонымен қатар, танымал тұлға болудың даңқымен бірге жауапкершілігі де арта түседі. Ондай адам барлық өмірінде (отбасында, қоғамда, жұмыста) өзін-өзі үздіксіз қадағалап жүруі тиіс. Өйткені, ол – басқалар үшін үлгі.
Сондықтан БАҚ–ты айтпағанда, ол үнемі қоғам назарында. Оның айтқан сөзі, киімі, қылығы мен әрекеті сын көзден өтеді. Адам танымал болған сайын оның Алланың және қоғам алдындағы жауапкершілігі де арта түсетінін естен шығармаған жөн.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ