Сұрақ: Тәңіршілдік қазақтың діни сенімі ме?
Жауап: Қазақтар ХІХ ғасырда ғана татар молдаларынан алған тәлімінен соң шын мұсылман болды немесе осыған дейін тәңіршілдік дінін ұстанған еді деген сандырақтарды айтып жүрген «оқымыстыларымыз» әлі де әлеуметтік желілерде жиі кездеседі.
Иә, тәңіршілдік пен несториандықты ұстанған ру-тайпалар болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Бұлар бүкіл халыққа яки мемлекетке тән болған діни сенім емес. Араб деректерінде Талас ғазауаты және Тараз қаласының тарихы туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Араб саяхатшылары Тараз орта ғасырларда мұсылман мемлекеті болғандығын көрсетеді. Тарихшы Ибн Тайфур 893 жылдан қалдырған «Китаб Бағдади» атты еңбегінде Тараз қаласының араб халифатына қарасты қала екендігін және араб халифатының шығыстағы ең ірі қалаларының бірі ретінде көрсеткен. Табғаштар, түріктер мұсылмандар екендігін атап өтеді. Испиджаб қаласы туралы араб, парсы, түрік, қытай деректерінде көптеген мәліметтер кезігеді. Қазақстаннның оңтүстік өңірі ежелден мұсылмандық дінін ұстанған өңір екендігі жан-жақты дәйектелген. Әсіресе, Әмір Темір билігі және одан кейінгі кезеңде бұл өңір ислам дінін орталығы ретінде араб деректерінде Мауаранахр аймағы деп баяндалады.
Дін тарихына қатысты алғашқылардың бірі болып кеңестік тарихнамада ой қозғаған атақты археолог-ғалым Әлкей Марғұлан «Таңбалы тас жазуы, қазақ тарихы» еңбегінде қыпшақ, найман, алшын, арғын, үйсін табын, қаракесек т.б. руларының дәстүрлі ислам сенімінде болғандығы көрсеткен.
Қазақтың діни тарихы түрік тектес халықтардың діни тарихымен мәндес, ортақ. Қазақ дегенде тәңіршілдік сенімі емес, дәстүрлі Ислам діні, мұсылман халқы деген түсінік қалыптасқан. Әлем жұртшылығы қазақтарды ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылман халқы деп түсінеді.
Икрам АЙТАЕВ