Соңғы күндері әлеуметтік желілерде дәстүрлі ислам дініне тіл тигізе отырып, ақылға қонымсыз материалдар жариялануда.
Бүгінде кейбір азаматтар тарапынан тәңіршілдік ұғымын енгізуге күш салушыларды байқауға болады. Тіпті кейбір дінтанушылар мен теологтар арасында бұл мәселеге қатысты келіспеушіліктер бары байқалады.
Алғаш болып дінтанушы Асқар Сабдин әлеуметтік желі арқылы тәңіршілдерге қарсылық білдірді.
А.Сабдин: «Соңғы кезде «тәңіршілдер» тобының белсенділігі байқалуда. Өкінішке қарай, халыққа бір түсінікті интеллектуалды өнімді ұсынудың орнына, бұл адамдар өз ғылымын тек қана исламды қаралау (сынау) арқылы жүргізеді!
Біздің еліміздегі жағдайындағы тәңіршілдік – толыққанды ғылым емес, исламның денесінде өмір сүріп қоректенетін «паразит» секілді. Өз ғылымыңды дамыта бер, бірақ оны басқа ғылымды қаралау, жек көру, өшігу арқылы жасама. Егер бірнәрсемен келіспесең, дұрыс дисскуссия жүргіз. Бірақ олар республикамыздағы халықтың көпшілігі ұстанатын дінді қаралап, пайғамбарымызды, исламның құндылықтарын балағаттап жатыр. Бірақ осыған қатысты бір де бір діни алауыздық тудырды деп қылмыс іс қозғалған жоқ!?».
Дінтанушы А.Сабдин мұның бірнеше себептерінде тізбектеп жазған. Оны дінтанушының жеке әлеуметтік парақшасынан оқуға болады.
Жалпы тәңіршілдік дін емес екені анық. Тәңіршілдік тек адам өміріне енген наным-сенім ғана. Жер бетінде қанша ұлт болса соншама наным-сенім бар. Демек, оның барлығы дін бола алмайды дейді ғалымдар.
Ал мешіт имамдары бабаларымыз ғасырлар бойы ислам діні ұлтымыздың төл дініне айналып отыр дейді.
Енді тәңіршілдік мәселесіне қатысты мамандардың пікірлерін келтіре отырып, қысқаша тоқталайық.
Осы тұрғыда: «Дін деген не? Тәңіршілдік дін бе?» деген сауалдар қатары арта түсуде. Бұл сауалдарға нақты жауапты ҚМДБ-ның бөлім басшысы Смайыл Сейтбековтың төмендегі сілтемесінен жауап алуға болады.
Оқи отырыңыз: Тәңіршілдік – дін емес, тек наным-сенім ғана
Халықты жолынан жаңылдырып, сенімімен ойнау кімге, қаншалықты пайда екені белгісіз?!
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген сөз рас. Осылайша қалт-құлт етіп, еңсесін енді тіктеп келе жатқан ата дінімізді қаралаушылар азаймай отыр.
Аллаға, пайғамбарға, құранға тіл тигізіп, тәңіршілдікті көксегендер мақсаты не?.
Әлеуметтік желіде белең алып отырған жағдайға байланысты білімді азаматтар халыққа дұрыс бағдар бергені дұрыс. Аз ғана қазақты жікке бөліп, ортаға от тастауға жол бермеу керек!
Белгілі дінтанушы Жалғас Сандыбаев тәңіршілдерге қатысты әлеуметтік желі арқылы «Кофессияаралық келісім – тұрақтылық кепілі. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру Ата Заңға қайшы.
Осы күндері біздің желіден көріп отырған дін исламға жағылып отырған дүниенің барлығы – діни экстремизм. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Олай болса, құзіретті органдар «Діни алауыздықты тудыруға жол беріп отырған» азаматтарға, ҚР Конституциясының 14-19 баптарын өрескел бұзып отырғандарға не үшін шара қолданбай отыр?
Меніңше, әлеуметтік желідегі «қоқысты» реттеп, тәртіпке келтіретін уақыт келген сияқты. Әлде қоғамда діни тұрақсыздық орын алуы шарт па? Сонымен қатар ҚМДБ-да өзінің ашық позициясын білдіруі тиіс» пікір білдіреді.
Ал ғылым докторы Смайыл Сейітбеков тәңіршілдік тақырыбында біраз келеңсіз нәрселерді жіктеп береді:
«Тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтарының соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Бұл ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы.
Діни атрибуттары мен институттары жоқ нанымды ұлттық дінге айналдыру барып тұрған надандық. Сондықтан ғасырлар қойнауына кеткен нанымдарын тек атаумен ғана шектелуде.
Сондай нанымның бірі – тәңіршілік. Ал кейбір тұлғалар тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта дін ретінде қалыптастыру қажеттігін алға тартады. Ұмытылып бара жатқан салт дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, дінім – ислам, құдайым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед (с.ғ.с.), қасиетті кітабым – Құран деген халықтың ұмытылған нанымын қайтпек? Әлде құдайды да жекешелендірмек пе?
Түркі халықтарының ешбірі «біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екенін ескерсек, расында да ақиқат дін болса өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды? Өйткені, ол күлкілі әрі надандық.
Атышулы Рим империясы пұтқа табынған, парсылар отқа табынған. Дамыған бұл елдер сол байырғы дінін қайта тірілтуге құлықты емес» дейді.
ҚМДБ-ның атқарып жатқан ұшан-теңіз жұмыстары көзге ілінбей, керісінше имамдары мен дін насихатын мазаққа айналдыру дұрыс емес. Осы ретте Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі Кеңшілік Тышқанұлы: «Діни алауыздық тудыруға жол берген әлеуметтік желідегі парақша админдері де Конституцияның 14-19 баптарында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін 174-бап бойынша жауап берсін!» деген талап қойып та отыр.
Докторант Амантай Тойшыбайұлының пікірінше: «Егер Тәңіршілдікті дін деуге келетін болса, оның қалыпты дін атаулыға тән пайғамбары немесе негізін салушы адамы, кітабы немесе мәтіні болуы тиіс, әрине ондайы жоқ. Сондықтан да оның нақты имани білімі мен заңдарыда болған жоқ. Тек Тәңірлік сенімнің сарқыншақтары ретінде қалған ырымдар мен шамандық ырым-тыйымдар мен әдет-ғұрыптар мидай араласып кеткен».
Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов та желідегі шуға үн қосты:
«Тәңіршілдік пен мұсылмандықты бір-біріне қарсы қойып жатқан әрекеттер жөнінде мынаны айтқым келеді:
Қанша тырысса да, бұл топ Қазақстанда тәңіршілдікті дін деңгейіне көтере алмайды. Қазақтың наным-сенімінің эволюциясында орны болса да, қазіргі даму кезеңінде Тәңіршілдік дін ретінде қалыптаса алмайды. Дін болуы үшін оның жүйеленген ілімі, бірегей ритуалдары, ең бастысы, сенушілері мен оларды біріктіретін ұйымы болуы керек. Бұл аталғандардың бірі де жоқ.
Тәңіршілдіктен қол үзбеген басқа халықтарда бар болса да, ол қазаққа дін ретінде қайтып келмейді. Әзірге Қазақстанда тәңіршілдіктің діни бағыт ретінде қалыптасуына негіз көріп тұрған жоқпын. Бұл жерде анық байқалатын құбылыс – Исламға қарсы көңіл-күйді қоғамдық қозғалысқа айналдырғысы келетін қасақана топтың бар екендігі анық. Олардың, тіпті, тәңіршілдікке еш қатысы да болмауы мүмкін.
Мақсаты тек елдің ішінде іріткі тудыру» дей келе, тәңіршілдік құбылысы толық жойылып кетпейтіндігін айтады. Оның элементтері халықтың мәдениетінде, менталитетінде, дүниетанымында сақталады.
«Қазақтың өзінің қалыптасқан мұсылмандық жолы бар. Әбу Ханифа мәзһабы қазақтың мұсылмандықты ұстау ерекшелігін айқындайды. Бұл қазақтың дәстүрлі мұсылмандық жолы. Бүгінде қазақтың басым бөлігі осы дәстүрлі мұсылмандық жолды ұстанып отырғандар. Сол арқылы қазақтың діни ғана емес, этникалық та ауызбіршілігі сақталып отыр», – дейді Т.Жақиянов.
Елдің діни сауаттылығы басым болса, тәңіршілдік деп бас ұрып кетпесі анық. Тек дінді көркем түрде насихаттауды жоғалтпау керек. Пайғамбар дәуірінде де Құранға, пайғамбарға тіл тигізіп, шектен шығушылар болды. Алла Елшісі олардың әрекетіне мән бермеу арқылы хақ жолға шақырудан танбады.
P.S: Алланың шынайы дінінен шығып, өз беттерінше жаңа бір діни сенім мен құдай жасап алған тайпалар бұған дейінгі дәуірлерде де болған. Ендеше ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген ислам дінін енді келіп бұрмалауға негіз жоқ.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ