Сұрақ: Бүгінде тәңіршілдер дейтін ағым өкілдері біздің тілімізге исламмен бірге келген арабша және парсыша діни терминдерді «қазақыландыруға» тырысуда. Олар «Құран» және «Құдай» сөздерін қазақтікі дейді. Бұл қаншалықты рас?
Жауап: Кейінгі уақытта қазақ тіліндегі араб, парсы сияқты т.б. кірме сөздердің этимологиясын бұрмалап, өздерінің сенім жүйесіне негіздеуге күш салып жүрген азаматтар бар. Олардың мақсаты – жалпы бұқара халықтың арасында сөздік ұғымдарға қатысты қате түсініктерді таратып, өздерінің қатарларын арттыру.
Мысалы, олар қазақ тіліндегі парсыдан енген «Құдай» сөзінің этимологиясына қатысты: «Бұл сөз қазақтың «құтты Ай» (құт ай) деген сөздерінің бірігуінен пайда болған. Басқаша айтқанда «Құдай» сөзі парсыдан еңген кірме сөз емес, қазақтікі» – деген болжамды айтады.
Негізінде парсы тіліндегі «Худо» бүкіл ғаламды, дүниені жаратушы, оның әміршісі, табиғаттан тыс бір ғана құдіретті күш ретінде бейнеленетін діни ұғым; Алла Тағала, Тәңір, Жаратушы. Құдай – діни ілімдер мен түсініктерде аса құдіретті, табиғаттан тыс, бүкіл әлемді жаратушы және басқарушы күш; Исламда – Алла, иудаизмде – Яхве, христиандықта – қасиетті үштік (Мәдени-философиялық энциклопедиялық сөздік).
Сол сияқты кейбір азаматтар енді «Құран» сөзіне кіріскен болса керек. «Құранның» қазаққа араб тілінен енген кірме сөз екенін дәлдеу қиынға соқпасы анық. «Құран» арабтың (қора`а, иақро`у, қироа`тун, қур`аанун) түбір сөздерінен шығып, қазақша – оқу дегенді білдіреді. Сол үшін Орта Азия халықтары Құранды толық жаттаған адамды – Қари (Құран оқушы) деп атайды.
Ал енді жалпы Құранның әлем мұсылман халықтарының қасиетті кітабы екені баршаға мәлім. Құран шегі жоқ ғылым – Құран ілімдеріне кіріспе, Құран тәпсірі, Құран оқу ережелері және сол сияқты т.б. Сол себепті Құран этимологиясына, оның мәні мен мазмұнына қатысты таласу немесе меншіктеу оңай дүние емес.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ