Сұрақ: Таңертең ұйқыдан тұрғанда дұға оқу шарт па?
Жауап: Ұйқыдан тұрған уақытта дұғаны айту шарт емес бірақ, адам парасатты жан. Өзіне жасалған жақсылыққа алғыс айту – адамшылық. Ал ұйқы адамға берілген нығметттердің бірі. Кейбір мамандардың айтуынша адам аштыққа шамамен ондаған (30-40) күндер шыдауы мүмкін.
Ал ұйқыға мұнша шыдай алмайды. Тіпті белгілі сағаттардан кейін адам еріксіз ұйқыға кетеді. Себебі адамның тәні, ақылы және жалпы ағзалары тынығуы қажет. Ұйқы сол үшін жаратылған: «Алла өз рахметімен сендерді түнде тынықсын, күндіз Алланың кеңшілігін іздесін және шүкіршілік қылсын деп күндізді һәм түнді жаратты» (Қасас. 73).
Енді адам ұйқыда жатқан уақытта естімейді, көрмейді, сезбейді яғни оның белгілі дәрежеде түйсіктері тоқтайды. Сол үшін қазақ ұйқыны кіші өліммен теңейді. Ұйқысы қатты адамға ұрысқан уақытта «өліп ұйықтайсың» немесе «өлік сияқты ұйықтайсың» деп сөгу әдетімізде бар. Бұл сөздердің мағынасына үңілер болсақ, онда ақиқатты көреміз:
«Ол сондай түнде сендерді өлідей ұйықтатады. Және күндіз не істегендеріңді біледі. Сонан соң сендерді белгілі бір мерзім толтыру үшін күндіз оятады» (Әнғам: 60)
Адамға келесі күн тіршілігіне күш алуы үшін ағза жеті сағат тынығу керек екен. Демек, адам жеті сағат кіші өлімде жатады. Осылай өмір бойы жалғасып отырады. Логикалық тұрғыдан қарағанда жеті сағат кіші өлімге кеткен адам бір күні қайтып келмей қалуы да мүмкін. Осындай кіші өлімнен оянып, тіршілікке қайта келу – нығмет. Мұсылман осы нығметі үшін ұйқыдан оянған уақытта Жаратушыға шүкір айтады. Бұл – ұйқыдан оянғанда оқылатын дұға. Мұны айту – сүннәт.
«Әл-хамду лилләһи әл-ләзи ахяна бағда мә әмәтана уә иләйһин-нушур» Қазақша мағынасы: Өлгеннен кейін қайта тірілткен Аллаға мақтау! Өлген соң қайта тірілту Оған ғана тән.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Жақсы жазылған екен.