Төрт мәзһаб имамдарының бірі имам Шафиғи бірде таң намазынан кейін үйіне қайтып келе жатып, бір кісімен кездесіп қалады.
Әлгі адам бірінші болып имамға сәлемін беріп, жақсы тілек-дұғасын жасағаннан кейін «қайырлы таң» деген мағынада «Қалай таңды атырдыңыз?» деп қалады. Сонда имам Шафиғи қалай таңды атырғанын былайша түсіндіреді:
«Менен сегіз нәрсені қалаған күйде таңды атырдым».
Сұрақ қойған кісі имамның жауабына таңданып: «Уа, имам! Сізден кім сегіз нәрсені талап етуде? Сіздің ешкімде ақыңыз жоқ емес пе?!» – дейді.
Әңгіменің астарына түсінбеген адамға күлімсірей қараған имам: «Қараңыз, менен әр күні кімдердің нені қалап жатқанын айтайын», – дейді де төмендегілерді айтып шығады:
«Жаратқан Алла менен парыз амалдарын қалайды;
Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар менен сүннетін қалайды;
әйел, бала-шағам күнделікті нәпақасын қалайды;
нәпсім өзіне бағынғанды қалайды;
шайтан ізінен менің ергенімді қалайды;
екі иығымдағы екі періште жақсы және жаман амалдарымды жазғанын қалайды;
өткен күндерім қартайғанымды қалайды;
жан алушы періште Әзірейіл (ғ.с.) болса, өлімге дайын болуымды қалайды…
Міне, осылармен бірге таңды атырамын. Әр күні осы сұрақтар менен жауап күтеді».
Хазреті Шафиғидің жауабын мұқият тыңдаған адам ойлана бастайды.
– Уа, имам! Мына санаған нәрселеріңізді сенен қалай ма, әлде менен де қалай ма? – деп сұрады.
Имам Шафиғи тағы да күлімсіреп:
– Оны мен айтпайын, өзің ойлан! – деді.
Әлгі адам басын салбыратып тұрып сөзін былайша жалғайды:
– Шынымды айтсам, әр таңның менен не қалайтынынан хабарым болмапты. Мен де бұларды түсінуім керек екен.
Сөз соңында имам Шафиғи ой үстіндегі адамға қарап:
– Не дейсіз? Сізден де осындай сегіз нәрсе қалай ма? – деп одан әрі ойландыра түскен екен.
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ