«Егер ауырсам Ол (Раббым) маған шипа береді» (Шұғара: 80).
«Ей, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір уағыз және жүректегілеріңе шипа әрі иман келтірген үшін туралық пен мейірім (Құран) түсті» (Жүніс: 57).
Ислам тарихында Құранның кейбір бөлігі ғана емес, барлығы тұтастай шипа екеніне куә болатын оқиғалар жеткілікті. Мұндай риуаяттардан соң адам расында да бүкіл Құран Кәрім – шипа деген тұрақты шешімге келеді. Мысалы:
Әбу Ауф әл-Ашджағи есімді ғалым науқастанып қалады. Адамдар оған келіп:
– Сені емдейік пе? – деп сұрайды.
Сонда Әбу Ауф әл-Ашжағи:
– Маған су алып келіңдер. Расында Алла Тағала:
«Аспаннан берекетті жауын жаудырдық» – деп айтқан дейді (Қаф: 9). Қасындағылар су алып келеді. Мұнан соң:
–Енді маған әсел алып келіңдер. Алла Тағала:
«Араның қарындарынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар» – деп айтқан дейді (Нахыл: 69). Адамдар барып әсел алып келеді. Әбу Ауф әл-Ашжағи:
–Енді маған зәйтун майын беріңдер. Бұл хаққында Алла Тағала:
–Шығыста болмаған берекетті зәйтун майымен тамызылады», – деп айтқан дейді (Нұр: 35).
Айтылған осы нәрселердің барлығы Әбу Ауф әл-Ашжағидың жанына қойылады. Ол бұлардың барлығын бір ыдысқа араластырып, кейін Алланың шипасы болсын деп ішеді. Осылай Әбу Ауф әл-Ашжағи дертінен айққан екен.
Сондай-ақ, Құранның адам баласы үшін шипа екеніне Алланың мына аяты дәлел болмақ:
«Құраннан иман келтіргендер үшін шипа әрі мейірім түсіреміз» (Исра: 82).
Құран аяттарының адам үшін шипа екенін нақтылай түсетін мына оқиға пайғамбар (с.ғ.с.) мен сахабалардың өмірбаянын оқыған адамға жақсы таныс. Бұл риуаяттың бірнеше түрі бар. Біз сіздерге осындай риуаяттардың мына түрін ұсынамыз:
Бір күні сахабалар сапарға шығады. Күн бата демалулары үшін олар яһудилердің қоныстанған ауылына тоқтайды. Сахабалар бұл ауылға құдайы қонақ болып барады. Бірақ ауыл тұрғындары оларды қабылдамай елді-мекеннің сыртына шығарып жібереді.
Сол арада яһудилердің көсемін шаян шағып алады. Олар оның уын қайтару үшін ем жасап әбден әлекке түседі. Бірақ, мұның барлығы оңды нәтиже бермейді. Олардың арасынан біреулері:
– Қап, әлгі жолаушыларды ауылда алып қалғанда, бәлкім олардың бірінен мына дертке қарсы дәрі-дәрмек шығарма еді! – деп сан соққандары да болды.
Сөйтіп яһудилер ауылдың шетіне уақытша тұрақтаған әлгі сахабаларға келіп:
– Ей, жамағат! Біздің көсемімізді шаян шағып алды. Қолымыздан келгенін жасадық. Шарамыз таусылды. Сендердің біріңде бұған ем қылатын нәрсе бар ма? – деп өтініш білдіреді.
Сахабалардың арасынан біреуі тұрып:
– Иә, бар. Аллаға қасам, мен дем саламын! Бірақ, біз сендерге құдайы қонақ болып барғанымызда сендер бізге жылы шырай танытпадыңдар. Сол үшін сендер бізге ақысына бір нәрсе бермейінше мен дем салмаймын – деп шарт қояды.
Яһудилер мұның ақысына біршама қой беруге сөз береді. Әлгі сахаба барып, шаян шаққан яһудиге «Фатиха» сүресін оқып үрлейді. Ол дертінен айығып, жүріп кетеді. Яһудилер келіскен қойларын береді. Сахабалардың бірі:
– Бұл қойларды бөліп алайық – деген ұсыныс айтады. Әлгі Құран оқыған сахаба:
– Жоқ, Алланың елшісіне (с.ғ.с.) барып, хабар бермейінше бұлай жасамаймыз – дейді. Олар пайғамбарға (с.ғ.с.) болған жағдайды баяндайды. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Оған дем салу керектігін қайдан білдің? – деп, кейін:
– Олжа сендердікі, оны бөліп алыңдар – дейді (Бұхари, Мүслим).
Міне, мұнда дерттің дауасын дәлме-дәл сәйкес келгені сонша дерттің ізі де қалмаған екен. Бұл – ең оңай шипа. Егер, адамдар «Фатиха» сүресін немесе Құранның басқа да сүрелерін ықыласпен оқып емделер болса, онда оның ғажайып шипагерлік әсерін көрері сөзсіз.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
философ. ғ.к., дінтанушы