Ауғанстан әйелдері паранджа сатып алу үшін ұзын-сонар кезекте сағаттап тұруға мәжбүр. Бұған қоса, әйелдерге бетіне дейін тұмшалауды талап ететін тәліптердің билік басына келуіне байланысты паранджаға сұраныс күрт артып, бағасы шарықтап кеткен, дәлірегі, он есеге қымбаттаған. Бұл жайында islam.kz порталы ISNA ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
Оның үстіне, Тәліптер радикалды қозғалысының (Қазақстанда насихаты мен іс-әрекетіне заң жүзінде тыйым салынған – ред.) өкілі Сұхейл Шахин елдегі әйелдерге жамылып жүруге міндеттелетіні жөнінде арнайы мәлімдеме жасаған еді. Бұған қоса, әйелдерге қасында туысының немесе күйеуі болуы тиіс көшеге шыққанында. Бұдан бөлек, Тәліптер радикалды қозғалысы елдегі ерлерге сақалын қыруға әрі жас жігіттерге ауған байрағының түсіне сәйкес қызыл және жасыл киім киюге қатаң тыйым салатын жазбаша бұйрық шығарды.
АҚШ бастаған бірқатар мемлекет билікті қолына алған тәліптерге қарата арнайы үндеу жариялады. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті дайындаған құжатта Ауғанстандағы әйелдер құқығының шектелмеуі талап етілген, соның ішінде, ауған әйелдерінің жұмысқа түруына, еркін жүріп-тұруына, өзі қалаған білімді алуына кедергі келтірмеуді талап еткен. Аталмыш құжатқа Еуропалық одақ құрамындағы елдермен қатар Австралия, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Канада, Норвегия, Швейцария елдері қосылып қолдарын қойған болатын. Алайда, ауғанның қазіргі билігі әлем қауымдастығының бұл талабына құлақ асар емес.