Исламда неке мынадай жағдайларда аяқталады. 1. Талақ, 2. Екі жақты ризалығы (мухалә), 3. Қазының үкімі, 4. Өлім, 5. Діннен шығу, 6. Ерінің әйеліне зина жасады деп айып тағып осы істі анықтау үшін ант ішулері (мулаанә») 7. Төрт айдан астам уақыт әйелінен бөлек қалуға ант ішу (Илә).
Талақ араб тілінен енген сөз. «Әйелінен ажырасу, некелерін бұзу» деген сөз. Құранда талақ сөзі екі жерде кездеседі.
«Егер олар талақ етуге ниет етсе», «Талақ екі мәрте». Сондай-ақ он шақты аятта болса «татлиқ» түбірінен шыққан сөздер берілген. Мысалы:
«Ей, пайғамбар! Әйелдерді талақ еткілерің келсе ғиддат ішінде талақ етіңдер» дейді.
Ислам дінінде талақ ету тізгінін ер кісіге берген. Аят пен хадистерде берілген тәсіл осыны айғақтайды. Мұның екі негізгі себебі бар. Біріншіден егер талақ ету тізгіні әйелге берілетін болса онда ажырасулар көбейіп кетер еді. Өйткені, әйел өте сезімтал халық. Ол кейде ашуланған яки мазасыз немесе сол секілді әр түрлі жағдайларда сезімге беріліп күйеуін талақ етуі мүмкін. Оның үстіне талақ үш мәрте беріледі. Ендеше әйелге берілсе ол осы үш құқықын бір сәтте жұмсап жіберуі ықтимал. Тіпті күйеуі нашар, өзі аса сезімтал болса күнде талақ етуі мүмкін. Екіншіден, отбасының дүниелік жүгі ердің мойнына артылғандықтан ол талақ мәселесінде аяғын аңдап басуға мәжбүр.
Һәм Ислам дінінде ері әйеліне неке кезінде не болмаса одан кейін де талақ ету мүмкіндігін беруіне де болады.
Исламнан бұрын арабтар әйелдерін қалаған кезде талақ етіп, қалаған шақта қайта алатын. Отау құруды, шаңырақ көтеруді ойыншыққа айналдырған осы әрекеттеріне Хақ дін тыйым салып, үш талақпен шектеген. «Талақ екі рет…»,«егер ер әйелін үшінші мәрте талақ етсе, бұдан кейін оған, ол басқа ерге тимейінше халал болмайды».
Талақтың рүкіні мен шарттары: Рүкін – бір нәрсенің негізін құрайтын бөлшек. Талақты рүкіні әйелін талақ етердегі айтылатын арнайы сөз бен тәсіл. Яғни тікелей «сені талақ еттім», «біз ажырастық» деп ашық білдіргені секілді ауыспалы мағынамен «үйден кет», «бұдан былай көзіме көрінуші болма» сөздер. Сондай-ақ талақтың шарты да бар. Шарт – негізгі бөлшектерден тыс бірақ сол негіздердің құралуына арқау болған бөлшектер. Мысалы намаз оқудан тыс оның дәрет алу деген шарты бар. Ендеше талақтың да іске асуы үшін оған мынадай шарттар қажет. Талақ ететін ердің ақыл-есі түзу және ояу болуы. Талақ етілетін әйелдің сол ердің некесі қиылған әйелі немесе «ғиддат» мерзіміндегі әйелі болуы шарт.
Талақ ант секілді. Оның рүкіні мен шарттары толық болса дереу іске асады. Әрі оны кері қайтарып ала алмайды. Сондықтан ердің әйеліне қатысты үш талақ ету құқықының әрбірі пайдалану арқылы азаяды. Үшіншіде болса қайтадан үйлену үшін әйелдің біреуге тұрмысқа шығып, оған жақындап онан соң ғана онымен ажырасатын болса сонда ғана қайтадан қосылуына мүмкіндік туады. Енді осы туралы жеке-жеке тоқталып өтейік.
Бірінші: Талақ еткен адамның күйеуі яки оның талақ етуге өкілеттік берген адам болуы қажет. Одан өзге ешкім әйелді талақ ете алмайды. Бірақ кейбір жағдайларда қазының ажырасуға үкім беруі талақ бола алады.
Екінші: Талақ еткен адамның ақыл-есі түзу, балиғатқа жеткен болуы.
Талақ етілетін әйелде болуы тиіс қажетті шарттар келсек,
Бірінші: Исламда талақ ету билігі ер кісіге берілген. Бірақ неке қиылар кезінде немесе үйленген кезде ер әйеліне талақ билігін беруіне болады. Ер кісі біреуді әйелін талақ етуге өкілдік бере алады. Бірақ ер осы өкілдігін қайтып алуына құқы бар. Алайда әйеліне берген талақ құқықын қайта ала алмайды. Сондай-ақ әйел кейбір себептермен қазыға барып некені бұздыра алады.
Екінші: Талақ етілетін әйелде қажетті шарттар. Талақ әйелге қатысты болғандықтан дұрыс (сахих) некенің болуы яки әйелдің бір немесе екі талақтан соң «ғиддат» күту мерзімінде болуы қажет. «Ғиддат» күтіп отырған әйелдің әлі некесі бұзылмағандықтан оны үшінші мәрте талақ етуге құқы бар. Бұл ханафилардың көзқарасы. Осы жерде талақ етуде ерекше жағдайларды айтпай кетуге болмайды.
Алдымен әзіл талағы туралы сөз қозғалық
Талақ етуде сөз де, сөздің мағынасы да аса маңызды рөл ойнайды. Сондықтан сөз, жазу яки ишаратсыз талақ етуді жүрекпен, іштен айтып ниет етуі жарамсыз саналады. Басым көпшілік мүштәһидтерге қарай талақ етудің талақтың мәнін білдіретін сөздер арқылы жасауы қажет. Сол себепті ері әйелін жүрегімен талақ етуді ниет етсе осы ниетін тілі яки жазу арқылы білдірмейінше талақ іске аспайды. Бұған Әбу Һурайраның жеткізген мына хадисі дәлел: «Сөзсіз Алла үмбетімнен жасамағандарын яки тілдерімен білдірмейінше жүректеріндегі әзәзілдіктері мен жасауға зорланған нәрселердің үкімін жойды».
Кейде талақ етуді ниеттеніп емес жай ғана талақ ету сөздіктерін пайдаланып әзілдеп айтуы мүмкін. Мысалы бір ер әйеліне әзілдеп яки мазақтап «мен сені талақ еттім» десе яки әйелі оған әзілдеп «мені талақ етсейші» десе оған күйеуі де ойнап «иә, талақ еттім» дейтін болса Әбу Ханифа мен Имам Шафиғи бойынша талақ іске асып, екеуі сол сәтте ажырасып кетеді. Өйткені әзілдеп айтса да талақ ету сөзін біле тұра айтып тұр. Бұған мына:
«Алланың аяттарымен ойнамаңдар» аяты дәлел. Сондай-ақ хадистер. Имам Мұхаммед бізге Алла елшісінің (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Үш нәрсенің қалжыңы да, расы да жүзеге асады (яғни, шындық есептеледі): талақ, азат ету және неке»,-дегені жеткендейді. Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) жеткізген риуаятта пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Шын мәнінде, талақ етудің ойыны мен шындығы бірдей болғанындай неке қиюдың да қалжыңы мен расы парапар (есептеледі)»,–дейді. Әл-Хасан риуаят еткен хадисте Алла елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Кімде-кім ойнап, не қалжыңдап талақ қылса немесе ойнап неке қылса, ол оған рұқсат етіледі (яғни, жүзеге асады)»,-дейді. Ибн Масғуд (р.а.): «Кімде-кім ойнап талақ қылса, неке қиса немесе (құлды) азат етсе, ол оған рұқсат етіледі (ол шынайы жүзеге асқаны)»,-деп айтқан. Ата: «Кім ойнап неке қиса немесе талақ қылса, ол есептеледі (шынайы жүзеге асады)» және «талақ пен некеде қалжың жоқ (жүрмейді)»,-деген.Әбу Дарда (р.а.): «Үш нәрседе: некеде, талақта және құл азат етуде қалжыңдаушы рас айтушы (есептеледі)»,-деп айтқан.
Әбу Дәрдә (р.а.): «Жаһилия заманында бір ер әйелін талақ етіп кейін «мен сені әзілдеп талақ еткен едім» дейтін. Сондай-ақ құлды азат етіп яки бір әйелге үйленіп кейіннен «мен мұны әзілдеп жасадым» дейтін. Осыған орай аталмыш аят түсті»дейді. Әбу Һурайраның жеткізген мына хадисте де Алла елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Үш нәрсе бар. Бұлардың шыны да шын, әзілі де шын. Үйлену, талақ ету және (рижи) айну талақта әйеліне оралу» дейді. Абдуллаһ ибн Аббасқа бірде бір адам келіп: «Мен әйелімді жүз талақпен ажырастым. Менім осы ісім дұрыс па?» дейді. Сонда ол: «Әйелің үш талақтан кейін-ақ сенімен ажырасқан. Тоқсан тоғыз талақ арқылы Алланың аяттарын мазақ етіпсің»деп жауап береді.
Имам Мәлик бойынша ниетсіз әзілдеп айтқан адамның талағы жарамсыз саналады. Талақ ниет қажет. Сөз жеке өзі ниетсіз жеткілікті болмайды. Аятта: «Егер олар талақ етуге шешім қабылдаса…» деп айтылады. Бұл аяттағы «азамә» етістігі ниет ету, шешім қабылдау мағынасына саяды. Сонымен қатар Алла елшісі «амалдар ниеттерге қарай» дейді. Бұл хадистегі ниет жалпыға тән айтылғандықтан талақ мәселесін де қамтиды. Иә, малики мәзһабының көзқарасы.
Ал ханафилер болса ниет адамның ішкі әлеміне қатысты нәрсе. Ол амалдардың ақыреттегі жағдайын белгілеуде негізгі рөл ойнайды. Сондықтан сыртқы көрініске қарай үкім берілетін тақырыптарда ниетке қарамайды деген пікір айтады. Яғни неке мәселесі дүниеуаи мәселе секілді. Некенің өзі де ерлі-зайыптылардың өз ара «ортақ өмір сүрейік» деген келісім шарттары. Ал дүниелік келісім шарттарда ниетке қарамайды. Бір нәрсеге шынайы яки әзілдеп қол қоятын болсаңыз ол расталады. Сіз күн ертең сот алдында «ойнап қол қойып едім» деп бас тарта алмайсыз. Ендеше неке де сол тәрізді. Сондықтан үйленуде де талақ етуде де рүкін мен шарттары болса ислами тұрғыдан жарамды болады. Бірақ бір ердің қателісіп яки тілі жаңылысып айтатын болса онда іске аспайды. Өйткені бұл жерде талақ мәселесі әсте қозғалып тұрған жоқ.
Екінші зорлық (мүкрәһ) талағы. Бұл тақырыпқа қатысты екі көзқарас бар.
Бірінші: Әбу Ханифаның көзқарасы. Әбу Ханифа, Нәхәи, Сәури және Омар ибн Адбилазиз тәрізді мүштәһидтердің көзқарасына қарай біреудің қысымы мен зорлығына шыдай алмай талақ жасаған адамның талағы жарамды болып табылады. Өйткені зорлық негізінде ерікке жоққа шығармайды. Қорыққан адам екі жаман іс-әрекеттің бірін еркі арқылы таңдайды. Бұл жерде оның ризалығының болмауы нәтижені өзгертпейді. Оның таңдауы жеткілікті. Бұл ғалымдар мынадай дәлелдерді алға тартады. Құранда: «Ері әйелін (үшінші мәрте) талақ етсе әйелі оған басқа бір ермен үйленбейінше адал болмайды» дейді. Бұл аятқа қарайтын болсақ ерікті мен еріксіз талақ арасында ешқандай айырмашылық жасамаған. Алла елшісі де (с.а.у.): «Кішкентай бала мен ақыл-есі жарымнан тыс барлық талақ жарамды»дейді. Осы хадисте «мәжбүрленген адам» туралы сөз айтылмаған. Бұдан өзге мына хадис та бар. Еріне ашуланған бір әйел ол ұйықтап жатқан кезде көкірегіне отырып алып қанжарды тамағына таяп: «Мені үш мәрте талақ ет, әйтпесе осы қанжармен осып жіберімін» дейді. Осыдан кейін ері оны талақ етіп сосын Алла елшісі барып үкімін сұрайды. Хақ пайғамбар: «Талақта түс ұйқысының үкімі жоқ» деп жауап беріп талағының жарамды екенін айтады.
Басқа тұрғыдан да ханафилер зорлықпен талақ етуді әзілмен айтқан адамның талақ етуімен салыстырған. Әзілдеген адам талақтың сөзін айтып, үкімін меңземейді. Ендеше зорлықпен айтқан адам да осы тәрізді. Өйткені ол нәтижеге разы емес. Бұл жағдай талақта ниеттің қажет еместігін көрсетеді.
Әйелін бір яки екі мәрте талақ еткен ерді әкесі әйеліне оралуға зорлайтын болса бұл да жарамды болады.
Бірақ ханафилер зорлықпен жаздырылған талақтың жарамсыз екендігін алға тартып, бұл тек сөз арқылы ғана іске асады дейді.
Екінші: Шафиғи, Мәлики және Ханбалилердің көзқарастарына бойынша зорлықпен жасалған талақ жарамсыз болып табылады. Олар былайша дәлел айтады. Құранда: «Теріске шығаруға зорланып амалсыз осы істі тілімен ғана жасаған бірақ жүрегі иманға тұнып тұрған адамнан басқа кімде-кім иман келтірген соң Алланы теріске шығарып, көңілін күпірге ашатын болса оған Алланың ашуы және оларға зор азап бар» дейді. Осыған орай зорлықпен күпір сөзді айтқан адамның сөзі жарамсыз болатын болса бұдан әлде қайда төмен деңгейдегі талаққа қатысты сөздер әлде қайда жарамсыз болуы керек. Һәм хадисте: «Сөзсіз Алла үмбетімнен қателесу, ұмыту және жасауға зорланған нәрсенің үкімін жойды» дейді. Ханафилер бұл хадис жалпылама еместігін алға тартады.
Көпшіліктің сүйенген тағы бір мынадай хадис те бар. «Иғлақ» (зорлау, қорқыту, ашу-ыза) кезінде талақ және құл азаты болмайды». Хадистегі «Иғлақ» сөзі – қатты ашу яки қайғыру, не істерін білмей қатты сасу мағынасына саяды. Адам қатты қорқып не болмаса қатты ашуланға кезде өзіне ие бола алмайды. Ендеше бұл жағдайда оның талағы жарамды болмауы керек. Османлы мемлекеті де ақырғы кездерінде көпшіліктің пікірін негізге алып: «Зорлықпен жасалған талақ жарамсыз» деп заң қойған.
Ал енді мас адамның талағына келелік.
Бұл туралы да ғалымдар арасында екі көзқарас бар. Бірінші: Ханафилер және Шафиғилардың жаңа көзқарасы һәм Маликилердің кейбір көзқарасы және Ханбалилердің мықты көзқарасына қарай мас адамның талақ етуі жарамды болып саналады. Бірақ мастықтың мүбаһ адал жолмен болмауы керек. Дәлел: Аятта: «Талақ – екеу». «Ері әйелін (үшінші мәрте) талақ етсе әйелі оған басқа бір ермен үйленбейінше адал болмайды» «Бақара» сүресі, 230. Осы аяттарда мастық туралы сөз болмаған. Хадисте: «Кішкентай бала мен ақыл-есі жарымнан тыс барлық талақ жарамды».
Басқа бір аятта да:
«Мас болып тұрғандарыңда өздеріңнің не деп тұрғандарыңды білгенге дейін намазға жақындамаңдар» дейді. Осы аятта мастар сөз етіліп, олардың діни әмір мен тыйымдарға мойынсұну міндетті екендіктері ишарат етілген. Ендеше мастың талағы жарамды.
Бірақ екі түрлі мастық бар.
1. Мүбаһ, адал бір тамақты жеуден яки сусынды ішуден мас болып не болмаса мас қылатын нәрсені зорлықпен яки қорқытылып ішіп мас болып талақ ететін болса жарамсыз болады. Бұл тұрғыда мәзһабтардың ауыз бірлігі бар. Мысалы тым көп бал жеу яки кейбір жемістен жасалған сусынды ішу арқылы мас болу осыған жатады. Тіпті қазақта қымызды көп ішіп мас болатын болса бұл да осыған жата алады. Өйткені қымыздың құрамы адал. Ол шарап секілді жасанды емес, нан, айран сияқты табиғи түрде ашиды. Шарапқа ұқсас сұйық заттардың құрамы мен қымыздың құрамы бір-біріне мүлде ұқсамайды.
2. Харам етілген бір сұйық затты ішіп мас болу. Шарап, арақ, коняк, сыра т.б яки анаша тәрізді нәрселерді пайдаланып мас болып талақ ететін болса бұл жарамды болады. Мысалы мас адам біреудің малын ұрласа яки біреуге тіл тигізсе заң алдында жауап береді. Оның мастығына қарамайды. Ендеше мас адамның әйелін талақ етуі де дәл осылай жарамды болмақ. Мастың бұл іс-әрекетінен жауапты болуы «қылмыс өзге қылмысты заңды ете алмайды» ұстанымына сүйенеді. Мастық күнә саналғандықтан үзір болып табылмайды.
Бірақ мас адамның күпір сөз айтуы оны діннен шығармайды.
Екінші: Мастың талақ етуін жарамсыз санағандардың дәлелі. Хазіреті Оспан, Омар ибн Абдулазиз, Ханафилерден Зүфәр, Тахауи және Кәрхия сондай-ақ Имам Шафиғи мен Ахмед ибн Ханбалдан жеткен кейбір деректеріне көз салатын болсақ мас адамның талағы жарамсыз болып табылады. Олар былайша дәлел келтіреді. Мастық ақыл мен ерікті жоқ қылады. Сондықтан бұл ақыл-есі жарым адамға ұқсайды. Ақыл-есі кем, кішкентай баланың және адал жолмен мас болған адамның талағының жарамсыз болуының сыры олардың ақыл-есі толық орнында болмауынан туындауда. Ендеше мастық да дәл осылай. Оның үстіне мас адам күпір сөз айту арқылы діннен шықпайтын болса оның талағы да жарамсыз болуы керек.
Басқа бір дәлел Майыздың оқиғасы. Майыз Пайғамбарымызға келіп өзінің зина жасағанын айтып мойындағанда Алла елшісі сахабаларға қарап Майыздың мастығын тексеріңдер деп бұйрық береді. Егер ол сол сөзін мастықпен айтқан болса онда ол жауапты болмай, сөзі жарамсыз саналатын еді. Ендеше осы хадис мастың жасаған сөзі мен іс-әрекетіне жауапты еместігін көрсетеді. Османлы мемлекеті де заңында осы көзқарасты негізге алып: «Мастың талағы жарамсыз» деп жазылған.
Иә, мұсылманға арақ-шарап мәңгілік харам. Оны ішкен адам үлкен орны толмас күнәға батады. Арақ-шарап ішкен адам өзіне де, отбасына да тіпті қоғамға да көп зиянын тигізеді. Бірақ сөйте тұра әзәзілдің құрығына ілініп шарап ішіп мас болып әйелін талақ ететін болса онда оның сол сөзді ақыл-есі орнында болып айтты ма, әлде есін білмей айтты ма екендігін есепке алып соған қарап фәтуа беру абзал болуы мүмкін. Әсіресе бұл жағдай дінге енді ғана бет бұрып келе жатқан қазақ халқында жиі кездесетін болса керек. Егер осылай болса иманы жаңа ғана толысып дінін әстелеп үйреніп келе жатқан халыққа екінші көзқарасты ұстану ең азбалы болса керек.
Хат арқылы талақ етуді айтуда жөн бар.
Ислам дінінде ерлі-зайыптылар бір-бірлерінен ұзақ тұрып-ақ ажырасуларына болады. Ханафилер бойынша ері әйеліне хат жазып сол хаттың сыртына әйелінің мекен-жайы мен аты-жөнін жазып хатта «Сені талақ еттім» яки «Сенімен ажырастым» деген сияқты айқын талақ етуді білдіретін сөздермен жазатын болса ниеті талақ ету болмаса да талақ іске асады. Бірақ ері әйелінің аты-жөні мен мекен-жайын жазбай тек қана бір қағазға «әйелім пәленше сені талақ еттім» деп жазатын болса бұл сөз айқын талақ етуді білдірумен қатар «астарлы сөзбен талақ ету» түрі саналады. Сондықтан бұл жерде ерінің талақ туралы ниетінің қандай екендігі зерттеледі. Өйткені ері бұндай жазуды басқа бір ниетпен де жазуы мүмкін.
Хаттағы жазу әсілінде сол хаттың жазылған күнінде жүзеге асады. Бірақ хатқа «осы хат жеткен кезде» яки «осы хатты алған сәттен бастап сені талақ еттім» деген сияқты сөздер болса сол хат жетпейінше талақ іске аспайды. Көптеген мүштеһидтердің көзқарасы бойынша ері әйелін талақ еткенін бір қағазға талақ ниетімен жазатын болса талақ іске асады. Егер жазуды басқа бір ниетпен жазатын болса онда талақ іске аспайды. Яғни талақ ниетімен жазған адам оны аузымен айтқанмен бірдей болмақ. Бұған дәлел Пайғамбарымыздың Исламды жаюда қолданған әдістеме. Ол көптеген патшаларға хат жазып оларды дінге шақырған. Ислам діні кең дін. Сол себепті саңырау мен мылқаудың талақ ету жолдарын да қарастырған.
Саңырау мен мылқаудың үйленуі арнайы белгілермен болғаны секілді ажырасулары да осыны білдіретін белгілермен іске асады. Бірақ хат танитын саңырау мен мылқаудың талақ ету туралы түрлі көзқарас бар. Кейбірі мылқаудың жазу арқылы талақ етуді жөн көрсе, кейбір ғалымдар белгімен талақ ете алатынын айтады.
Көптеген ғалымдар бойынша сөйлей алатын саңырау адамның белгімен жасаған некесі де талағы да дұрыс болмайтынын айтады.
Сондай-ақ Исламда талақты ердің әйеліне талақ ету құқықын беруі жолдары да бар.
Ислам дінінде талақ ету құқықы ерге берілген. Бірақ сонымен қатар кейбір зәру жағдайларда әйелдің де қазыға шағым жасап ажырасуыларына боалады. Һәм ер де талақ ету құқықын әйеліне де беруіне болады. Егер ері әйеліне мұндай құқыны беретін болса кейіннен қайтып ала алмайды. Яғни мұндай жағдайда қалаған уақытта әйелі де талақ құқықын пайдаланып некелерін бұза алады. Бұған дәлел Құран мен сүннет. Құранда Алла Тағала: «Пайғамбар! Жұбайларыңа: «Дүние тіршілігін оның сәнін көксесеңдер, дереу келіңдер, сендерге бір нәрселер беріп, көркем түрде ажыратайын» де. Егер Алланы, Елшісін және ақырет жұртын қаласаңдар, әрине Алла сендерден жақсылық істегендерге зор сыйлық дайындайды» деп айтылады«Ахзаб» сүресі, 33/28. Бұл аят Пайғамбарымыздың (аләйһис-саләту уәс-сәләм) жарлары «біздің де төрт құбыламыз түгел болып, мал-мүлкіміз болса» дегендеріне қатысты түскен. Осы аят бойынша Алла елшісі оларды өз еріктеріне қалдырды. Қаласа ажырасып көп дүние алып бөлек өмір сүре алатын еді. Хазіреті Айша: «Алла елшісі бізді өз еркімізге қалдырды. Ал біз Алла пен Оның елшісін таңдадық» дейді.
Ер кісі әйеліне талақ ету құқықын неке қиярда бере алады. Әйел еріне «бір талақ ету құқықын алу арқылы саған тұрмысқа шықтым» дейтін болса ер кісі де «иә, қабыл еттім» дейтін болса ұсыныс жүзеге асады. Шаңырақ құрған шақта да осындай құқықты бере алады.
Бірақ мұндай оқиға тарихта аз көрінген. Өйткені әйелге талақ құқын беру отбасын қауіп тудырумен бірдей. Әйелдің жаратылысы қашан да нәзік және сезімтал. Ол кейде ашуланған шақта өз-өзіне ие бола алмай артық сөздер айтуы мүмкін. Тіпті мұндай жағдай хайыз, нифас кездерінде көп кездесуі мүмкін. Сондықтан кейбір сезімтал әйелдер күніне бір емес бірнеше мәрте талақ етуі ықтимал. Ислам дінінің әйелге де талақ құқықын беруге мүмкіндік беруі дінде ер мен әйелдің тепе-теңдігінің көрсеткіші.
Ислам дінінде сондай-ақ әйел қазыға шағымдану арқылы да ерінен ажырасуына болады. Бірақ мұндай жағдайда ажырасуына қатысты айқын дәлелдер болуы қажет. Қазы да ерлі-зайыптылардың себептерін зерттеп соған қарай шешім шығарады. Бұларға төмендегі себептерді айтуға болады.
Бірінші: Науқас яки үзір. Ханафилардан бөлек көпшіліктің көзқарасы бойынша ерлі-зайыптылардың әрбірінің үзір себебі болу арқылы қазыға шағымдануына болады. Өйткені науқас арқылы бір-бірлерінен зиян көруі мүмкін. Әбу Ханифа мен Әбу Жүсіпке қарай әйелдің қазыға шағымданып некелерін бұздыру үшін ерінің белі жоқ, күш-қуаты жоқ және сиқырланып қалуы сондай-ақ ерінің жынысының беймәлім болуы секілді шарттар болуы қажет. Имам Мұхаммед бойынша әйел ерінен қандай да бір өзіне зиян тиетін кемшілік пен науқас көретін болса қазыға шағымдана алады.
Имам Шафиғи мен Мәлики бойынша ерлі-зайыптылардың әр бірінде жыныстық қатынасқа қатысты кемшілік яки жарыместілік, алапес сияқты жиіркенішті науқастарда қазыға шағымдана алады.
Екінші: Ерінің нәпақа таба алмауы. Әйелдің нәпақасы еріне тиесілі. Ханафилер бойынша ерінің кедейлігі үшін қазы некелерін бұзып ерлі-зайыптыларды ажырата алмайды. Мұндай кезде әйелдің сабырлық танытуы тіпті қаласа ерінен рұқсат алып жұмыс істеуі яки ерінің біреуден қарыз алып нәпақа табуы қажет.
Шафиғи, Мәлики, Ханбали бойынша ері нәпақа таба алмайтын болса әйелдің қазыға шағымданып талақ ету мәселесін қозғауына болады. Аятта: «Талақ еткен әйелдеріңе зұлымдық жасау үшін ұстаушы болмаңдар» дейді.
Сайд ибн әл-Мусәййәбке (ө. 93/711): «Әйеліне қажетті нәпақасын таба алмаған кісі сол әйелімен ажыратыла ала ма?» деп сұрағанда «Сүннетке қарай» деп жауап берген. Бұл сөзімен Пайғамбардың сүннетіне қарай ажырастыра алады» деуді қалаған. Сондай-ақ хазіреті Омар әйелдерінен бөлек өмір сүрген еркектер туралы әскер қолбасшыларына хат жазып: «Оларды терге! Не напақасын берсін, не болмаса талақ етсін. Талақ ететін болса оларға тиесілі бұрынғы жиналып қалған нәпақаларын да берсін» деп әмір етеді.
Үшінші: Ерінің үйін тастап кетіп қалуы: Ерінің үйін тастап кетіп қалуынан әйелінің қиыншылыққа тап болып фитнәға түсу қаупі туындаса қазыға шағымданып некелерін бұздыру мәселесі туындайды.
Ханафилер мен Шафиғи бойынша ер кісінің үйін қысқа мерзімге яки ұзақ мерзімге тастап өз бетімен кетіп қалуы әйеліне қазыға шағымданып талақ ету құқықы туындамайды. Мұндай кезде қазыға арызданып ерін таптырып нәпақасын алуы тиіс.
Ал егер ері үйден кетіп өлі мен тірі ме екені белгісіз болса онда «жоғалған» үкім іске асады. Мұндай жағдайда Әбу Ханифа және Шафиғи бойынша әйелі ерінің құрдастарының өміріндей уақыт күтуі қажет. Ал Имам Мәлик бойынша жоғалған ердің әйелі төрт жыл күтеді. Мәлики және Ханбалилер бойынша ері үйін ұзақ уақыт тастап кетіп әйелі осыдан қиындық көретін болса ері осы уақыт аралығына жететін мал-мүлік тастап кетсе де әйелінің қазыға ажырасу туралы арыздану құқықы туады. Дәлел: «Исламда зиян және зиянға зиянмен қайтару да жоқ» деген хадис.
Мұнымен қатар хазіреті Омар халифа болып тұрған кезінде әйелдерінен бөлек кеткен еркектер туралы хат жазып не нәпақа берсін не оларды талақ етсін деп әмір еткені бар.
Имам Мәлик бойынша үйден ұзақ уақыт кетудің мерзімі бір жыл яки одан көп мезгіл болып мұндай кезде ерінің қайда екені табылатын болса қазы оған үйіңе қайт немесе талақ ет яки нәпақа бер деп ескертеді.
Ханбалилер бойынша бұл мезгіл алты ай немесе одан да көп. Дәлел хазіреті Омардың берген әмірі. Әйел қазыға шағымданып дәлелдейтін болса оларды ажыратады.
Төртінші: Мәликилерден тыс көпшіліктің көзқарасы бойынша ерінің абақтыға қамалуы немесе тұтқындалуы яки дұшпанның қолына түсуі талақтың себебіне жатпайды. Өйткені бұл туралы ешқандай аят пен хадис жоқ. Мәликилер бойынша ері себепсіз әйелінен бір жыл немесе одан да көп бөлек қалса әйелінің қазыға шағымдануына құқығы бар.
Бесінші: Бір-бірімен қатты тіл табыса алмау және қиыншылық көрсету. Ерінің әйеліне қатты тіл тигізіп балағаттауы, оны ұрып соғып денесіне із қалдыру яки жарақаттауы және Алланың харам еткен бір істі жасауға зорлауы немесе себепсіз оған қырын қарауы қиыншылық көрсету алаңына жатады.
Ханафи, Шафиғи, Мәликилер бойынша бір-бірлерін қатты түсінсе алмау және қиыншылық көрсету жағдайлары ажырасудың себебі бола алмайды. Мұндай жағдайда кінә әйелде болса ері Құрандағы тәсіл бойынша амал етіп сонда да әйелі түзелмейтін болса өзі талақ ете алады. Ал әйел ерінен таяқ жеп, сөз еститін болса қазыға арызданып ерін түзете алады. Бұл жерде дереу ажыраса қоюдың ешбір қисыны жоқ.
Мәликилер бойынша мұндай жағдайда әйел қазыға арызданып ажыраса алады. Дәлел: «Исламда зиян және зиянға зиянмен қайтару да жоқ» деген хадис.
Османлы құқықында Мәликилер бойынша заң қабылдаған. Ендеше иманы енді толыса бастаған біздің елде де мұсылман жұртшылыққа осы үкімді пайдаланған абзал болмақ.
Мұхитдин ИСАҰЛЫ,
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам
мәдениеті университетінің доценті,
теология ғылымының докторы,
исламтанушы
Ассалаумағалейкум құрметті ұстаздар менде сұрақ болып тұр, сұрағым: талақ берген жағдайда әйелі хайыз болса талақ қаншалықты дұрыс немесе қайту мүмкіндігі бар ма? Талақ саны азайды ма?