Әйгілі сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Тақуалар – шіріктен (Аллаға серік қосудан) сақтанып, Алла Тағалаға тағат (бойсұнушылық) еткенде» деп түсіндірген.
Хасан әл-Басри тақуалыққа: «Сіздерге харам етілген істерден сақтану және парыз етілген істерді орындау» деп анықтама берген.
Қасиетті Құран кәрімнің «Әл-Бақара» сүресінің 2-5 аяттары толықтай тақуалық ұғымына арналады.Мысалы, екінші аятта «Құранның тақуа жандарға тура жол көрсететін кітап екендігіне ешқандай да күмән жоқ» делінсе, үшінші аятта «Олар ғайыпқа сенеді, намазды толық орындайды, Біз берген ризықтан (жақсылықтың жолына) жұмсайды». Бұл аятта тақуа сөзін Аллаға иман келтіргендердің (мүміндердің) сипаты ретінде қолданып отыр. Яғни, Құран Кәрім – Алланың әмір-бұйрықтарын орындау, тыйған істерінен тыйылу арқылы Құдайдың қаһарынан сақтанған, қорыққан мүміндер үшін тура жол болмақ. Тақуа жандар ақыреттегі күнін ойлап, ерте қамданып, намаздарын қаза қылмай, зекеті мен нәпіл садақаларын қалдырмайды.
Ал, төртінші аятта «Олар (тақуа жандар) саған түсірілген (кітапқа) және саған дейінгі түсірілген (кітаптарға) да сенеді. Ақырет күніне иланады» деп көрсетілсе, бесінші аяттатақуалардың сипатын «Раббыларының нағыз тура жолындағылар. Олар – бақытқа кенелушілер» деп айқындаған.