Білімсіздік, надандық, шала сауаттылық қандай жамағаттың да жік-жікке бөлініп, араздасуына себеп болады. «Соқыр көргенінен айнымас» деген, ондайлар бір жерден оқыған немесе естіген, түйген мағлұматын басты негізге алып, дауласа кетеді. Мұның арты адамды бір жақты ойлауға итермелейді. Ислам тарихын зерделей қарасақ, талай қоғамның шат-шәлекейін шығарған кері ағымдардың көпшілігі осындай кемшіліктерден туындағанын анық байқаймыз. Тағы баса айтарлығы, білімсіздік һәм надандық кез-келген саладағы маманды шектен шығуға жеткізсе, дін жолындағы пендені адасушылыққа ұрындырады. Мұндай кемшілігінің кесірінен кейбірі нәпсіқұмарлыққа ерсе, енді біреулері саясаттың сойылын соғып, қоғамға, өзгелерге зиянын тигізеді. Және бұл әрекеттерінен өздері хабарсыз деп айтуға әбден болады.
Сол сияқты, діни ахуал күрделене түскен қазіргі таңда да бірлігі мен ынтымағы жарасқан әлем мұсылмандарының арасына от салып, шырқын бұзуға асығатындар баршылық. Солардың бірі – «Тәкфир және хижрат» жамағаты. Бұл жамағат қатарындағылар өздерінің сенімдерінен басқаны кәпір санайды. Сонымен қатар, көңілі таза, бейкүнә жастарды, жаңа буынды әу бастан ата-бабаларымыз ұстанып келген дәстүрлі асыл дінімізден аздырады.
Зайырлы мемлекет пен оның басшыларын тұрғындар үшін әкімшілік бағыну нысандары емес, керісінше діни сыйыну нысандарына айналып кеткен деп те айыптайды. Осы секілді бірбеткей, сыңаржақ пікірлер тәкфиршілердің идеологиялық ұғымдарында негізгі орын алады және басты ұстанымдарына айналған. Бұл, әрине, кейбір замандастарымыздың психологиясына да, санасына, тіпті, ұғым-түсінігіне әсер етеді, адастырады. Тура жолға бастайтын төл дініміздің іргесін сетінетуге жасалған, бағытталған тағы бір амал болып қалыптаса береді.
Ислам бұйырған парыздар мен міндеттердің бірін орындамаған немесе өздерінің пікіріне қосылмаған әрбір мұсылманды кәпір санайтын бұл топ өкілдері күні кеше пайда болған жоқ. Дәл осындай көзқараста болған жандардың ізін тарихтан да кездестіреміз. Айналасын «Тәкфир және хижрат» жамағаты секілді айыптау, қаралау ең алғаш сонау харижиттерден бастау алады. Бұлар төртінші халиф хазіреті Әлидің (р.а.) дәуірінде-ақ мұсылмандар арасында бүлік шығарып, тағайындалған басшыға қарсы шығып, түрлі қоқан-лоқылар көрсеткен. Көзі тірісінде жұмақпен сүйіншіленген хазіреті Әлиді (р.а.) де, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзін көріп, тәлімін алған сахабаларды да күпірлікпен айыптаған. Қазіргі тәкфир жамағаты да пікірлерін қабыл алмаған немесе қабыл алып, жамағаттарына қосылмаған және сол жамағаттың имамдарына ермеген әрбір адамды кәпір санайды, нақақтан нақақ айыптайды. Ал, жамағаттарына кіріп, қайтадан тура жолға түскен мұсылманды «діннен қайтқан сатқын» деп кінәлайды. Тіпті, оны өлтіруге де болатындығын жасқанбай айтады.
Әрине, бұл айтылғандар шынайы ілімінің, таза білімнің таяздығынан екені рас. Аталған ағым тарихтан жойылғанымен, харижиттік ақида сипатындағы «Тәкфир жамағаты» сияқты топтармен бой көтеріп келеді. Осы сөзімізге бүгін де көз жеткізіп жүргенімізді мойындау қажет. Жамағат өкілдерінің қатысуымен өткен қандай басқосуда да олар дін тақырыбында пікір таласуға бастайды. Нәтижесінде, бірі екіншісін кінәлап, әр сөзінен кемшілік іздеп, сүрінген тұсын аңдып, емін-еркін күпірлікпен айыптайды. Бұл да тәкфиршілік ағымның басты ұстанымдарының бірі болса керек. Ал шындығында, бір мұсылман екінші біреудің қателесуіне, жаңылыс үкім беруіне, жаман қылық жасауына себепші болмауы қажет.
Такфир жамағатының қоғамға және жеке тұлғаларға тигізетін кері әсерлерін бірнеше бағытқа бөліп қараса болады. Айталық, саяси, қоғамдық, әлеуметтік, ұлттық әрі шариғи… Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып жатпай-ақ, мемлекетке тудыратын қаупі тұрғысынан зерделеп, олар ұстанатын негізгі принциптерді қаузап өтсек дейміз. Такфир жамағатының өкілдері үшін зайырлы мемлекет дегеніміз толығымен кәпірлер мемлекеті болып саналады. Кәпір мемлекетті түзететін екі жол бар: «шынайы» ислам дінін ұстанатын такфиршілердің арасынан «елбасын» тағайындап, күш арқылы болса да мемлекет басшысын өзгерту немесе ол жерден толығымен қоныс аударып көшу. Бұл жерде кейінгісін залалсыз десек те, алғашқысы үлкен қауіп-қатердің басы екенін ескере білгеніміз жөн.
Кез келген мемлекет пен ұлтты кәпірлікке шығару – ағым басшыларына көптеген мүмкіндіктер ашып береді. Мәселен, «Сирия мемлекетін құдайға серік қосушылар басқарып отыр» деу арқылы соғыс ашылды әрі өзге мемлекеттерге «ұлы соғыс» басталғанын айтып, дабыл қағып, әлемнің түпкір-түпкірінен лаңкестік бағыттағы жасақтарды жинап, қатарларын толықтыруда. Ағымның лаңкестік бағытта екенін ғаламтордағы кәлимасын айтып үлгермеген мұсылмандарды бақилық еткендерін көрсететін бейнежазбалар дәлелдеп отыр. Такфиризмнің де ислам дініне, бейбітшілдікке, ынтымаққа және ел бірлігіне нұқсан келтіретін, дәстүрлі дініміздің жолына қайшы келетін бағыт екенін осындай әрекеттерінен-ақ айқын аңғарамыз.
Тәкпіршілік кеселін жұқтырған адамдар толығымен қоғамнан ажырап, дәстүрлі ислам дінінен алыстап, мұсылмандар арасында бүлік шығарушыларға қалай айналғандарын өздері де байқамайды. Олар «осы өмірде құдайдың ілімін, оның ішінде белгілі шейхтардың, әскер басшылардың ақылын өмірлік өлшемге айналдыру қажет» деу арқылы кісінің қисынды ойлауына тосқауыл қояды. Бұл ұстаным – Құрандағы бірқатар аяттарда айтылатын «ойланбайсыңдар ма?», «ақылға салмайсыңдар ма?» деген үндеуге қарсы шығушылық. Әлбетте, осының бәрі діни сауатсыздық пен білімсіздіктен бастау алады.
Діни ілімі жоқ немесе таяз азаматтың санасына қасиетті Құран аяттары мен екі әлемнің сардары болған Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерін бұрмалап түсіндіру арқылы такфиршы әрі радикалды ойды сіңіру оңайға соғады. Ақты қара деп, ал қараны ақ деп санасына танытқан соң ол адам имамдар мен дін қызметкерлердің тура жолға шақырғандарын жалған деп айыптаумен болады. Бір сөзбен айтқанда, такфир идеясын қабылдаған жан ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіні айдан анық. Мұндай керітартпа түсініктің дәстүрлі исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмасы анық. Сондай-ақ, мемлекеттік құрылымға, халқымыздың дәстүріне, туыстық қатынасқа және әлеуметтік-қоғамдық қарым-қатынастарға зияны өте көп.
Дінінен, ділінен, ұлтынан ажыраған адам айналасындағы барлық ағайын-туыс, бауыр, жекжаттың өзін жау деп тануда. Өйткені, олар такфир жолын ұстанушыны түсінер емес. Халқымыздың мұндай зиянды топтан аулақ болулары үшін діни тұтастық пен тыныштыққа қауіп төндіретін, керітартпа топтарды уағыздайтын интернет сайттарды жабудың механизмдерін тауып, жүзеге асыру қажет. БАҚ-тарда жат ағымдар мен діни экстремизмнің зияндығын, оны қолдаушылардың артында тұрған күштердің мақсаттарының діни емес, саяси бағытта екенін дәлелдейтін арнайы бейнетаспалар мен мақалаларды көптеп жариялаумен қатар, діни-танымдық әрі ағартушылық материалдарды жариялауды қолға алу қажет.
Бабаларымыздың «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген ұлағатты сөздерін алға тартып, дінаралық татулықпен ауызбіршілікте өмір сүрейік. Дәстүрлі Ислам дінін насихаттап, құлшылық пен ғибадат мәселесінде Ханафи мәзһабын, ал сенімде – Матуриди мектебін бекем ұстанайық.
Қалмахан ЕРЖАН,
Теология ғылымының докторы, доцент