XX ғасырдан бері араб континентінде түрлі саяси-экономикалық, геосаяси үрдістердің салдарынан жат ағымдар дін мен мәдениеттің дамуына кері әсерін тигізіп жатыр. Ислам дінінің тарихында әрбір мемлекеттік жүйеге қарсылық себептерімен пайда болған ағымдардың бірі – «Такфиризм». Аталған жат ағым Мысырдағы саяси билікке қарсы шыққан топтардың бірі болып саналады, бұл ағымның басты ұстанымдары харижиттік сенімге ұқсас. Идеялық пікірлері бойынша намаз оқымаған, ораза ұстамаған, кіші күнә жасаған мұсылмандарды кәпір санатына кіргізетін пайымдары бар. Мемлекет басшыларына, діни жетекшілер мен діни ғұламаларға бағынуға және бұйрықтарын, насихаттарын орындауға қатаң тыйым салады.
«Такфиризм» сөзінің мағынасы араб тілінен аударғанда «тәрк ету, бас тарту, бойұсынбау» мағыналарына саяды. Жат ағымның азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет қағидаттарына қайшы келетін тұстарының бірі: діни сенімдеріне қарсы келді деген жалған айыптарды насихаттау арқылы ағым ұстанушылары арасында шетелге қоныс аудару, «хижрет» орындау деген қате түсініктері бар. Классикалық исламның ұстанымы бойынша мешіттердің есіктері ашық болып діни рәсімдер (мінберден азан айтылып намаз оқуға шектеу болмағанда) орындалуына кедергі келтірілмеген мемлекеттен «хижрет» жасауға мұсылманға рұқсат етілмейді.
«Такфиризм» идеологиясының қауіптілігі діни мәселеде ақпараты аз, әлеуметтік осал топтардың өкілдерін, билік пен мемлекеттік органдардың шараларына қарсы болған, діндегі көзқарастары «буквализмге» сүйенетін, критикалық ойлау, сыртқы келбеті діндарға ұқсайтын адамдарға еліктегіш адамдар мен ата-анасынан айырылған, жетім балалар арасында бұл ағымның қате түсініктерінің насихатталуы ықтимал.
Жат ағымның негізін салған мысырлық Шукри Мустафа өз кезегінде діни топтардың қатарында болып, кейіннен абақтыда отырған кезінде түрлі әдебиеттерді зерттеп, радикалды ұстанымдарын қуаттауға тырысқан, заңсыз насихатына байланысты өзін және 400-ге жуық ізбасарлары сот шешімдерімен сотталған болатын, топтың 5 жетекшісі өлім жазасына кесілген.
«Такфиризм» ағымының қауіпті тұстарының бірі – әлемнің түрлі аймақтарында қарулы қақтығыстар, билік пен қарсы топтардың ортасында түрлі бүлік, жанжал мен конфликтерге қатысушы фактор екендігі анық. 2011 жылы орын алған Сириядағы жанжалдарда «ДАИШ» лаңкестік ұйымына қолдау көрсетуші тарап болғандары туралы мәлімет жарияланған.
Осыған орай, аталған жат идеологияның ұстанымдары қате ұстаным болғаны анық. Қасиетті Құранда: «Әй, иман келтіргендер, Аллаға мойынұсыныңдар және елшіге сондай-ақ, араларыңдағы билік иесіне бойұсыныңдар» – деп бұйырған (Ниса сүресі 59 аят), осы мағынадағы асыл сөздер бүгінгі қоғамдағы мұсылмандар қауымы арасында аса қажетті мазмұнға айналып отырғаны ақиқат.
Еліміздің заңдарына сәйкес, бейбітшілік пен құқықтық тәртіпті бұзушы топтардың қызметіне қатаң тыйым салынады, Қылмыстық кодекстің 174, 181, 182 баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны белгілі.
Дінтанушы Алмасбек Шағырбайдың жеке парақшасынан