Қазақ халқы тәкаппарлық, менменшілдік, өзімшілдік секілді Аллаға ұнамсыз жаман қылықтардан жирену керектігін мақал-мәтелдері арқылы жеткізген. Мысалы «Тәкаппардың жүрегі – көк тіреген таумен тең. Жаман достың тілеуі – жасырынған жаумен тең, «Сараңнан ас сұрама, тәкаппардан жауап сұрама», т.б.
Тәкаппарлықтың жағымсыз һәм ұнамсыз қасиет екендігі Құран аяттарында да, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де айтылады. Сонымен бірге тәкаппар кісінің барар жері тозақ болатындығы да хадистерде ескертілген.
Мысалы, құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Үлкендік пен ұлылық – Менің ажырамас екі сипатым. Кімде-кім бұл екеуі арқылы Менімен жағаласатын болса, оны тозаққа тастаймын».
Тағы бір хадисте: «Тәкаппарлық (кібірлік) – ақиқатқа дөрекілік таныту және адамдарды төмен санау» делінген. Яғни бұл жерде тәкаппарлықтың ақиқатқа разы болмауға және адамдарды менсінбеуге алып келетіндігі ескертіліп отыр.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Тәкаппарлықтан Өзіңе сыйынамын» деп Алла Тағалаға дұға жасағандығы белгілі.
Марат ӘШІМХАНОВ,
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы,
Жаңақұрылыс ауылдық
«Айқым ата» мешітінің наиб имамы