Сұрақ: Тахник деген не?
Жауап: Сәби дүниеге келгенде орындалатын бірнеше сүннет амал бар. Мысалы, баланың құлағына азан шақырып ат қою, дұға тілеу, ақиқа құрбандығын шалу секілді.
Міне, осындай сүннет амалдардың бірі – тахник. Сахабалар жаңа туған сәбилерін дүниеге келе салысымен Пайғамбарымызға (с.а.с.) алып келетін. Алла елшісі (с.а.с.) оларды құшағына алып, дұға-тілегін айтатын. Сосын құрманы езіп, сәбидің таңдайына жағатын. Бұл сүннет «тахник» деп аталады.
Айша (р.а.) осы сүннет туралы былай баяндайды: «Жаңа туған сәбилерді Пайғамбарымызға (с.а.с.) әкелетін. Ол балаларға Алладан рақым тілеп, олардың таңдайына құрманы езіп жағатын» (Муслим).
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өз немерелері Хасан мен Хүсейінге де тахник жасағаны хадистерде айтылған. Ол кейде құрманы зәмзәм суына шалып, сосын барып сәбидің аузына салып, оған дәмін алдыртатын.
Алау ӘДІЛБАЕВ