Сұрақ: Таһажуд намазын оқу үшін ұйықтап ояну керек пе?
Жауап: Таһажуд – «ұйқыдан ояну», «ұйқыны бұзу», «сергек болу» деген мағыналарды беретін сөз. Таһажуд намазының үкімі мұстахаб, қосымша нәпіл намаз. Оны орындамағанға күнә жазылмайды.
Бұл нәпіл намаз түрін мұсылман адам Аллаға жақындай түсу мақсатында құптан намазынан кейін ұйықтап, түннің үштен екінші бөлігінде тұрып оқиды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) түнгі намазды әрқашан оқыған және үмбеттеріне абзал екенін ескерткен. Таһажуд намазын екі, төрт, алты, сегіз ракағат оқығандығы жайында хадистерде келген. Таһажуд намазына ниет етіліп, әдеттегі намаздар сияқты «фатиха» суресінен кейін білетін сурелерді қосып оқиды.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Түнгі намазға аса маңыз беріңдер. Оны сендерден алдын өткен ізгі адамдар үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз Жаратушыларыңа жақындатады, жамандықтарыңызды өшіреді және күнәлі іске баруға тосқауыл болады» деген.
Таһажуд намазы үтір уәжіп намазын оқумен аяқталғаны абзал. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Түнгі намаздарыңды үтір намазбен аяқтаңдар», – деген. Алайда таһажудке тұра алмайтындығынан қорықса, үтір уәжіп намазын таһажуд намазына қалдырмай, құптан намазынан кейін оқып алғаны дұрыс.
Икрам АЙТАЕВ