“Нұр-Мүбарак” университетінде тақырыбы да, мән-мағынасы да көпшілікті бейжай қалдырмайтын құнды кітаптың тұсауы кесілді. Қос ғасырдың ғана емес, екі мемлекеттік жүйенің куәгері болған түрік ғалымы Мұхаммед Ихсан Оғыздың (1887-1991) кітабы қашанда адамзатты қызықтырған, мұсылман қауымын да түрлі тартысты көзқарастарға итермелеген тақырып төңірегінде, яғни «Тағдыр кітабы» ирада, ықтияр, қаза, тағдыр мәселелерінің мәнін түсіндіруімен маңызды. Осыған орай Түркиядан арнайы делегация Нұр-Мүбарак университетіне ат басын тіреді. Мәртебелі меймандарды университет басшылығы қабылдап, түбі бір туыс елмен білім, ғылым саласындағы әріптестік үшін ризалықтарын білдірді.
Тұсауксесер рәсімінде Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат әл-Жинди, проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев, ҚР-дағы Түркияның Төтенше және өкілетті елшісінің Дін істері жөніндегі Атташе өкілі Сыддық Қая, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке құттықтау сөз сөйледі. Ал алыстан ат терлетіп келген Мұхаммед Ихсан Оғыз қоры төрағасының өкілі, кәсіпкер Мехмет Ихсан бастаған ғалымдар Мұстафа Айкач, Хилми Демир, Юнус Өзтүрік кітап тақырыбы аясында баяндама жасады.
Автор Мұхаммед Ихсан 104 жыл ғұмырында 100-ден аса кітап жазған. Ал «Тағдыр кітабы» Ислам ғалымдарының тағдырға қатысты түрлі көзқарастары, зерттеулері, ой-пікірлері, талас-тартыстары қамтылып, тағдыр, қаза мәселесіндегі проблематикаларға дәлелдерімен ең дұрыс түрде, Құран мен сүннет ерекшеліктеріне, ақыл мен логикаға сай түсіндірмелер келтірілген. Тағдырға қатысты пікір айтқан ғалымдардың қысқаша өмірбаяндарына және кейбір сенім мәзһабтары мен ағымдарға да ақпараттық мақсатта орын берілген.
Діни сала мамандарына арналған кітаптың жарық көруіне Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясы ұйытқы болды. Жоба жетекшісі директор, теолог Тимур Нүсіпхан, ал аударған академияның бас сарапшысы Салтан Сәкен, жауапты редактор PhD доктор Қайрат Құрманбаев. «Нұр-Мүбарак» баспасынан шыққан 156 беттік еңбек 2000 данамен оқырманға жол тартып, танытым шараларына жалғасып кетті.