Тафаккур (ар. ) – қайырлы пікірлер өрбіту, ойланып-толғану, бір мәселеге қатысты пікірді дамыта түсу мағынасын білдіреді. Ұлы Раббымыздың ғаламат өнерінің туындысы осынау әлемдегі барша жаратылысқа қатысты ойлану, пікір өрбіту ғибадат болып есептеледі. Көптеген ғылыми жаңалықтар да дәл осы тафаккур арқасында ашылған. Ал көптеген ғұламалар рухани кемелденудің шыңына шығуына тафаккурдің әсері үлкен болған.
Тәфаккур жөнінде Құран Кәрімде көптеген аяттар келген. Соның бірнешеуімен шектелейін:
- «Олар (ақыл иелері) тұрып та, отырып та, жантайып жатып та Алланы естеріне алып (зікір етеді), Ғарыштар мен жердің жаратылысына ой жүргіп: «Жаратқан Иеміз! Мұның бәрін Сен бекер жаратқан жоқсың!…Сені барлық нұқсаннан «Пәк» деп дәріптейміз. Бізді от азабынан құтқара көрші!-деп жалбарынады», «Әли Имран» сүресі,191-аят.
- «Ол (Алла), жерді тегіс қылып төсеп, оған тауларды орнатты және өзендерді жаратты. Жемістердің әрбір түрін жұп етіп жаратты. Күндізді түнмен бүркеді. Ақиқатын айтар болсақ, ойланған адам үшін осының барлығынан Құдайдың құдіретін көруге болады», «Раъд» сүресі, 3-аят.
- «Ақиқатын айтсақ, бұл дүниедегі өмір Біздің көктен жерге жауғызған жауынымыз секілді: адамдар мен жануарларға қорек болған жердегі өсімдіктермен жаңбыр тамшылары араласады. Өзіне суды сіңіріп алғанша жер қыртысы нәр ала алмайды. Ал адам баласы болса, өзі мекен етіп отырған жерге әмірлері жүріп тұр деп ойлайды. Алайда мейлі түн болсын, мейлі күндіз болсын, Біздің әміріміз келген заматта, ол алқап, әлдекім шөбін шауып алып кеткендей тып-типыл болып жатады. Сондай табиғат құбылыстарына ой жүгіртетін саналы жандарға Біз, Өз ғажайыптарымызды осылай түсіндіреміз», «Юныс» сүресі, 24-аят.
- «Бұның барлығының, Жаратқаннан келген ақиқат екенін олар түсінгенше Біз өз мұғжижаларымызды олардың жан дүниесінен де, шалғайдағы алыс жерлерден де көрсете береміз. Кеңістіктегі барлық болмыстан Тәңірдің толық хабардар екені олар үшін жеткілікті емес пе?», «Фуссилат» сүресі, 53-аят.
Тафаккурдің антонимі ғапылдық және ой-пікірден бейғамдық. Осыған қатысты бір хадисте: «Ұлық Алланың жаратқан нәрселері туралы ойланыңыздар (пікір өрбітіңіздер), бірақ Алланың заты (өзі) туралы пікір өрбітпеңіздер, құрдымға кетесіздер», – деген.
Ершат Оңғаров