Қазақстан аумағында «Таблиғи Жамағат» халықаралық ұйымының қызметіне тыйым салынған. Бұл жөнінде 2013 жылы 26 ақпанда kazinform Халықаралық ақпараттық агенттiгі жариялаған болатын. Мәтіні:
– Астана қаласы прокуратурасының арызы бойынша бүгін Сарыарқа аудандық соты «Таблиғи Жамағат» халықаралық ұйымын экстремистік деп танып, оның қызметіне Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салу туралы шешім шығарды, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
«Бұл шешімді шығару барысында сот аталмыш ұйым қызметінің экстремистік бағыты туралы қолда бар материалдармен қатар, «Таблиғи Жамағат» халықаралық ұйымы Ресей Федерациясында, Өзбекстан және Тәжікстан Республикаларында сот тәртібімен экстремистік деп танылғандығын және тыйым салынғандығын назарға алды», – делінген (http://inform.kz/kaz/article/2538163).
Сол кездегі Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф өз сөзінде:
– Аталмыш сот шешімі Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерге толық сәйкес келеді. Мемлекет Басшысы өз Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы жат діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», – дей отырып, дәстүрлі емес секталар мен жалған діни ағымдардың қызметіне қатаң тосқауыл қою қажеттігіне баса мән берген болатын.
ҚР Дін істері агенттігі де сот тарапынан қабылданған шешімге толық қолдау білдіреді, – деді агенттік төрағасы. Сондай-ақ, ол аталған діни ағымның сипаттарына да кеңінен тоқталып өтті:
– «Таблиғи жамағат» – деструктивті діни ұйымдардың қатарына жатады. Теологиялық жағынан аталған діни ұйым Исламның сүнниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше, оның идеологиясы Исламның кейбір қағидаларына қайшы және радикалдық тұрғыдан уахабизмге жақын. Яғни, бұл қозғалыстың идеясы да балама ойлар мен пікірлерді жоққа шығарады. Шындығында, Исламның ханафи бағытына мұндай біржақтылық тән емес еді.
Ислам дінін зиянды әсерлерден тазалауды алға тарта отырып, бұл қозғалыс өзге діндердің ғана емес, Исламның басқа тармақтарының өмір сүруіне қарсы болу арқылы, дінішілік әрі дінаралық қақтығыстардың туындауына себепкер болмақ.
Негізінен «Таблиғи жамағат» ұйымының ерушілері саналы-санасыз түрде террористер ұстанатын жиһадшылық идеологиядан аса ерекшеленбейтін исламдық сенімді ұстанады. Дінге бет бұрып жүрген жас мұсылмандардың басым көпшілігінің діни санасының радикалдануының алғашқы қадамы «Таблиғи жамағат» қатарына қосылудан басталады. Француздық басылымдар-дың бағалауынша, исламдық экстре-мисттердің 80 пайызы осы ұйым қатарынан шыққан. «Таблиғи жамағат» ұйымы оқшауланған қозғалыс болып табылады. Оның негізгі орталықтары Үндістанда, Пәкістан мен Бангладеште орналасқан болса, ұйымның бағдарламалары мен нұсқаулары қозғалыс басшыларының шағын тобына ғана белгілі. Мұндай тәсіл Ислам қағидаларына қайшы, өйткені дәстүрлі Ислам оқшаулану мен соқыр бойұсынушылықты құп көрмейді, – деп атап көрсетті Қ. Лама Шариф.
Агенттік қызметкерлері, дінтанушылар таблиғшылардың негізгі кітабы болып табылатын «Фазаил амали» кітабына талдау жұмыстарын жүргізіп, қозғалыстың идеялық негіздері өз мүшелерінің ерік-жігерлерін басып тастауға әрі олардың кәсіби және интеллектуалдық іс-әрекеттерін шектеуге ба-ғытталғанын анықтаған. Бұл кітаптың мазмұнында «адамды Алламен байланыстыра алатын» діндар шейхты табу әрі «оған қызмет етіп, өз еркің мен қалауларыңды жоқ етіп, оның айтқанымен жүру керектігі және оның әмірлерін бұлжытпай орындау қажеттігі» насихатталады екен.
Кітапта тіпті отбасының мұқтаждығын өтеуге мұрша бермейтін дәрежеде дінге шексіз қызмет етуге көп көңіл бөлін-ген. «Таблиғи жамағаттың» идеологиясы бойынша отбасыны қамтамасыз етуге жұмсалатын жұмыс уақыты дін мақсат-тарына сәйкес келмейді немесе жеткіліксіз.
Біздің қоғамымызда да «Таблиғи жамағаттың» ізба-сарлары «дін тарату» мақ-сатында отбасыларын тастап кету фактілері орын ала бастауда. Таблиғшылардың отбасыларының ыдырауының, олардың әйелдері мен бала-шағаларының әлеуметтік-экономикалық және рухани тарығушылықтарының себептері осы емес пе? Ал Ислам діні мұсылманның өз отбасын бағып-қағуға және жұбайына көңіл бөлуге жұмсаған уақытын ғибадаттың бір түрі деп үйретеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары да азаматтардың отбасыларын бағып-қағуын парыз деп белгілеген.
Жалпы алғанда, «Таблиғи жамағат» қозғалысы миссионерлерінің сан ғасырлардан бері мұсылман болып табылатын қазақ халқының арасында белсенді түрде жүргізілуіне сақтықпен қарауымыз керек-ақ. Осы орайда, кез келген миссионерлік қызметтің өзге дін өкілдеріне бағытталатындығын ескерер болсақ, бұл мәселе өте мұқият назар аударуды қажет ететіндігі сөзсіз.
«Таблиғи жамағат» қозғалысы Қазақстанда қызмет атқарған уақытында ешқашан ресми тіркеулерден өтпей, іс жүзінде белсенді түрде бейресми қызмет атқарып келді. Ал 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң күшіне енгеннен бастап олардың іс-әрекеттері тіпті заңсыз болып табылады. Сонымен, «Таблиғи жамағаттың» қоғамға қауіп төндіретіні күдіксіз. Бұл қозғалыстың діни ұстанымы қоғамның діни-рухани бөлінуіне себепкер болып, оның мүшелері мен ізбасарларының
конституциялық құқықтар мен міндеттерді ескермеуі «Таблиғи жамағаттың» деструктивті сипатқа ие екендігін көрсетеді ).