Тұқымы Үндістан түбегінде егілген «Таблиғ жамағатының» қызметі бүгінде жүзден астам елге тарап, көптеген елде бұл жамағаттың ұстанымы мен таралуына тыйым салынған. Өйткені бұл жамағатты ұстанушылар мен қолдаушылардың дінді жансақ түсінуіне және психологиялық өзгерістеріне қатысты сындар ислам ғұламалары тарапынан дәлелденді.
Ислам ғалымдары бұл жамағаттың оқу-тәрбие мәселелеріне, исламға шақыру әдісіне, саяси көзқарастары мен ұйымдастыру формаларына қатысты сындары көп. Бұл айтылған сындарға жауап беретіндей уәждері болмаған Мәулана Мұхаммад Ильяс Кандахлауи және жақтастары үнсіз қалды. Сонымен қатар, әлі күнге дейін бұл қателіктерін жалғастыруын тоқтатқан емес. Біз бүгін Ислам ғұламаларының «Таблиғи жамағатқа» қатысты айтқан бірнеше сынына тоқталатын боламыз.
Білім беруге қатысты сындар
Таблиғ жамағатының ғылымға, зиялылар мен ғалымдарды тәрбиелеуге қабілетсіздігі басты назарда айтылған сындардан. Бұл дегеніміз, бүгінгі таңда өмір сүріп жатқан мұсылмандардың күнделікті қажеттілігіне, әлеуметтік және жеке мәселелеріне жауап беруге қауқарсыздығы. Шындығында, қысқа мерзімде өнеркәсіп пен технологияның қарқынды дамуы және Ислам әлемінің бұл ілгерілеуге жалпы көзқарас таныта алмауы көптеген проблемалар туғызады.
Исламның алғашқы кезеңінен кейін белгілі мәзһабтар пайда болды. Бұндай мәзһабтардың ғылыми пікірлері мен жорамалдары ислам дінінің артықшылығы ретінде қарастырылады. Бұған қоса алғанда, теріс пікірде және бұрмаланған мәзһабқа ұқсағысы келген топтар немесе жамағаттар кезең-кезеңімен пайда болып жалғасын таппай жатты. Ислам ғұламалары мұндай құрылымдарды ислам ережелеріне сәйкес анықтап, түсіндірмелер бере отырып күрескен. Шариғаттың мақсаты мен міндетіне кірмейтін бұндай топтар барша мұсылмандарға кір келтірері анық. Ислам дініне қатысты әрбір топ немесе жамағат белгілі бір мәзһабтың ықпалынан теріс айланып кете алмайды. Таблиғ жамағаты да белгілі бір мәзһабтың әсерінен пайда болған. Ал бұл әсер жамағат ұстанушылары мен қолдаушылары тарапынан байқалады. Яғни, жамағаттар мен белгілі бір топтардың ұстанымдары мен әрекеттерін, тәсілдері мен сөздерін басқа да ислам ғұламалары сынға алары сөзсіз.
Мысалы, ислам ғұламалары таблиғ жамағатының тылсым күштерді көп насихаттауын және «бидғат» болған зікірлерден бас тартуын, ұйқыда көрген түстерді дәлел ретінде көрсетулерін және шариғи ілімге, оның ішінде «Сенім» іліміне көп көңіл бөлмейтінін айтады. Сонымен қатар, Мәулана Мұхаммад Ильястың ұсынған әдісі ешқашан өзгермеген. Яғни, жамағаттың уақыт талабына сай жаңаруға қабілетсіздігі қозғалыстың жабық жүйеге айналуына себеп болды. Заман талабына сай білім беру жүйесінің болмауы және білім беру жүйесін дамыта алмауы себебінен Таблиғи жамағаты туралы санаулы әдебиеттен басқа кітаптар жазылмаған және білімге деген құштарлықтың болмауы себепті дамымай қалған. Осылайша жамағат мүшелерін ислам туралы түсініктерін шектеді және бүгінгі әлеуметтік және жеке мәселелерге қатысты ұстанымдарына кедергі болды.
Осылайша дамыған елдердің сауда мен өнеркәсіпте кездескен проблемаларына жауап беруге қауқарсыздығын көрсетті және жауап беруге де әрекет етпеді. Өйткені бұл топ мүшелерінің ислам туралы түсінігі шектеулі.
Таблиғқа қатысты сындар
Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың хадистерінде, мұсылман еместерді исламға шақыру (таблиғ) сауапты амал екені туралы айтылған. Әр жамағаттың өзіне тән исламға шақыру тәсілі мен қызметі бар. Бүгінгі таңда ғылым мен техниканың дамуы, дінді үйренудің бір жолы және нәтижелі жоба дей аламыз. Исламның алғашқы кезеңінде дін ауызша жеткізілсе, бүгінде теледидар, интернет, газет, журнал т.б. сияқты медиа құралдарымен де жеткізілуде. Бұл құралдарды пайдалану жер бетіндегі көптеген аймақты бір мезетте қамтиды және ыңғайлы. Міне осы себепті бүгінгі таңда осындай құралдар арқылы уағыз-насихат жұмыстарында бұқаралық ақпарат құралдарының пайдасын көріп отырғанын байқаймыз.
Алайда «Таблиғ жамағаты» бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланбайды және осы себепті сынға ұшырады. Олар Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пен сахабалары исламға адамдарды шақырғанда немесе уағыз насихат жұмыстарын жүргізгенде адамдармен бетпе-бет кездесті дейді. Міне осы себептен де бұқаралық ақпараттық құралдарын қолданбайды. Осылай болғанына қарамастан сахабалардың исламға шақырған аймаққа орналасуын және жергілікті бір жерге тұрақтану насихатын қабылдамауы қайшылық туындатады. Дағуат үшін барған аймақтан қайтып кетуі және екінші рет ол жерге бармауы кемістік ретінде қарастырылған. Сонымен қатар, жамағаттың сапасы жағынан емес, саны жағынан өсуді талап етуі де сынға ұшыраған. Адамдар тек «шәһадатті» айтса болды, басқа міндеттері мен исламның талаптарының болмауы. Міне осылайша ислам дінін тек «кәлима шәһадатпен» шектейді.
Саяси көзқарастарына қатысты сындар
Таблиғ жамағаты мүшелерінің негізгі міндеті мына алты негізгі қағида төңірегінде өрбиді. Бұл алты негізгі ұстанымнан тыс оқиғалар мен әрекеттерге араласпайды және үнсіздігін қорғайды. Яғни қандай да болмасын елдің ішкі және сыртқы саясаты Таблиғ жамааттың шеңберінен тыс. Дағуат барысында қандай да бір саяси идеологияны айтпауға тырысады.
Сонымен қатар, Таблиғ жамағатының әдебиеттерінде «Исламды билікке әкелу немесе мемлекетті исламмен басқару, ислам ережелерін қолдану» деген саяси талаптары да жоқ. Мұсылмандарды қоғамдық мәселелермен, қоғамдық проблемалармен, даму стратегиясымен айналысуға емес, фундамантализмге шақырумен ғана айналысуды негізге алады.
Насихаттарына қатысты сындар
Таблиғ жамағатын белгілі бір жүйесі бар ұйыммен салыстыруға келмейді. Тек жеке адамдарға деген өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынаспен ғана шектеледі. Яғни, бұл жамағаттың кәсіби ұйымдық құрылымы жоқ деп айтуға толықтай болады.
Жамағаттың жалпы әмірлері болғанына қарамастан, жергілікті жерлерде де әмірлер және олардың бұйрықтары бар. Жамағаттың ортақ шешімдері мен бұйрықтарын ұйымдастыратын арнайы мүшелерін нақты белгілемеген. Сонымен қатар, жамағатқа қосылу немесе шығу белгілі бір тәртіппен жасалмайды. Уағыз-насихат іс-шараларын ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген жамағат мүшелері кездесіп сөйлесу науқанына баруға шақырады. Бұл кездесуге кез келген адам бара алады. Бұл адамдар дайындықтан және белгілі бір кезеңнен өтпейді.
Қорытындылайтын болсақ, сынның негізгі бағыттарының бірі де насихат мақсатында жолға шыққан мүшелерінің қауіпсіздігінің болмауында. Дағуат мақсатында жолға шыққан мүшелері мешіт және медресе немесе кім есігін ашса соның үйінде түнеумен қатар тазалық этикасы жағынан да сынға ұшырады. Жергілікті мешіт жамағатына үрей тудырып алаңдаулы. Ең маңыздысы да дағуат мақсатында ұзақ мерзімге жолға шыққан бұл жамағат мүшесінің жанұясының және жақындарының нәпақасын қамтамасыз етпеуі, денсаулығына мән бермеуі және жергілікті бір жерге қоныстанбауы сынды сындар жетерлік.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Ислам құқық ғылымдарының PhD докторы