Сұрақ: «Таблиғи жамағат» несімен қауіпті?
Жауап: Елімізде 2013 жылдың 26 ақпан күні Астана қаласы, Сарыарқа аудандық сот шешімімен таблиғи жамағат экстремистік ағым ретінде танылып, Қазақстан Республикасы аумағында емін-еркін үгіт жүргізуіне тыйым салынғаны белгілі.
Оларға біздің елімізде ғана емес, ТМД елдері ішінде ең алғаш болып Өзбекстан, 2006 жылы Тәжікстан экстремистік ұйым ретінде танып, олардың қызметтеріне біржола нүкте қойса, 2009 жылы Ресей Федерациясы өз аумағында таблиғи жамағаттың әрекеттеріне тосқауыл жасаған болатын.
Аталмыш топ шетелден басқарылатындықтан мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ұйым болып табылады. «Таблиғи жамағат» дәстүрлі Ислам дініне, сондай-ақ, қоғамның ұлттық ауызбіршілігіне кері әсерін тигізіп, халқымыздың салт-санасымен санаспай, қалың жұртшылық арасында бүлік туғызғаны үшін тыйым салынған.
Әуелі аталмыш топтың қоғамдағы исі мұсылман жұртшылығына тигізетін кері әсерлері жөнінде сөз қозғайық. Олар сырттай қарағанда ислами мінез-құлқы жақсы, ықыласты, дін таратуға, дінге шақыруға талапты мұсылман бейнесінде көрінуі мүмкін. Алайда, таблиғи жамағаттың ұстанымы мен амал-әрекеттерінде шариғатқа сай келмейтін тұстары бар екені белгілі.
Күнделікті өмірден мысал келтірер болсақ, отбасылық, яки қандай да бір жеке мәселелерін уайымдап келе жатқан жанға жолай кездесе кеткен таблиғшының жағадан алып: «Лә иләһә иллә Алла, Мұхаммед расул Алла», – деп тіліңді кәлимаға келтір деуіне әлгі уайымы басынан асқан пенденің оған ауыр сөз айтып, сөгіп жібермеуіне ешқандай кепілдік жоқ.
Нәтижесінде, таблиғшы ол адамның күнәға ұрынып қалуына себепші болады. Ал асыл дініміз даналыққа шақырады емес пе? Онда, ол Алла Тағаланың (Бақара сүресі, 255 аяты): «Дінде зорлық жоқ», – деген аятына қайшы келетіні сөзсіз. Сол себепті дінге үгіттеу үшін шариғи ілім қашан да, қай кезде де маңызды болмақ.
Олардың шынайы іс-әрекеттеріне назар аударар болсақ, олардың асыл дініміздің кейбір тұстарын тастап, ғылым мен білімге негізделген баптарын қабылдамайтындарын да байқаймыз.
Балғабек МЫРЗАЕВ