Мұсылмандар әміршісі Омар ибн Хаттаб (р.а.) дала арабтарының бірінен ат сатып алды. Халифа аттың құнын төлеп, ет-тоқымына жақсылап жайғасып жүріп кетті. Алайда, көп жүрмей-ақ, ат шаба аламай ақсаңдап қалды. Омар (р.а.) лезде атты сатқан арабты тауып алып:
– Атыңды кері қайтарып ал, кінәраты бар екен»,-дейді. Араб:
– Ей, мұсылмандар әміршісі! Қайтып алмаймын. Сізге сап-сау күйінде сатқанмын.
– Арамызға төрелік ететін кісіні өзің айт.
– Төрелікті Шурайх бин Харис Кинди айтсын.
– Келісемін.
Халифа және атты сатқан араб Шурайхқа төрелік сұрап барды. Мәселенің мән-жайын арабтан толық естіп болған соң Омар ибн Хаттабқа (р.а.) бұрылып қарап:
– Уа, мұсылмандар әміршісі! Атты сап-сау күйінше сатып алдыңыз ба?,-деп сұрады.
– Иә.
– Мұсылмандар әміршісі! Сатып алған күйінше аман сақтаңыз. Әйтпесе, қалай алған болсаңыз, сол қалпында қайтарыңыз,-деді.
Омар Шурайхқа таңданып қарап тұрды да:
– Тек осылай ғана төрелік етіле ме? – деді.
– Шындық сөз және әділ үкім, – деді Шурайх.
– Куфаға жолға шық. Сені сонда қази етіп тағайындадым, – деген екен халифа.
Ел сыйлайтын ғалымдар мен ақсақалдар Шурайхтың асқан парасаттылығын, өткір ақылын, жоғары мінезін, өмірдегі терең де ұзақ тәжірибесін жоғары бағалайтын. Шурайх халифа Омардан бастап, Мұғауияға заманына дейін алпыс жыл қази боп қызмет етті.
Мұхаммед ибн Ханафия
Бұл Әлиден туған Мұхаммед. Нағашы жұрты Ханафия руынан. Әкеден бірге туған бауырлары Хасан және Хусейннен ажырату үшін жұрт Мұхаммед бин Ханафия деп атап кетті.
Ол екі ағасын ерекше құрметтеп, сыйлайтын. Күндердің күні үлкен ағасы Хасанмен екеуінің арасында реніш болады. Сонда, інісі ағасына: Алла Тағала сізді менен әлде қайда мәртебелі еткен. Сіздің анаңыз Мұхаммедқызы Фатима, ал менің шешем ханафия руының бір әйелі. Ал, нағашы атаңыз болса адамзаттың асылы – Алланың елшісі. Менің нағашым болса, Жағфар бин Қайс. Менің бұл хатым қолыңызға тиетін болса, маған өзіңіз келіп татуласыңыз. Мен сіздің барлық жағынан менен биік әрі мәртебелі болуыңызды қалаймын,-деп сәлемдеме жібереді. Хатты алған Хасан көп кешікпей інісіне келіп татуласқан екен.
Мұхаммед бин Ханафия әкесі Әлидің барлық қасиетін бойына сіңірген тұлға. Әкесінен бір елі ажырамай жүріп ділмәр шешен, тақуа діндәр, батыл да батыр боп өсті. Шайқас майданында арыстандай айбатты, мешіт мінберінде шешен уағызшы болды.
Әкесінің барлық шайқастарында ту көтеріп бірге жүрді. Мұхаммед бин Ханафия отқа да, суға да түсетін. Әли Хасан мен Хусайнге жүктемеген ауыр міндеттерді Мұхаммедке тапсыратын. Күндердің күні: Неге әкең сені тауғаи да, тасқа да ұрады. Ал, бауырларың Хасан мен Хусейнге мұндай ауыр тапсырма бермейді,-деп сұрайды. Сонда Мұхаммед: Менің екі ағам әкемнің көз жанары, ал мен әкемнің қол қолымын. Әкем қол қолымен көздерін қорғайды» деп жауап берген екен.
Хасан әл-Басри
Мұсылмандар анасы Үмму Сәләма (р.а.) тәрбиелеп өсіріп, ұзатқан Хайра есімді қызметші қызының шаңырағынан сүйінші хабар келді. Хайра шекесі торсықтай ұлды дүниеге алып келіпті. Үмму Сәләма лезде сіңлісі Хайраның үйіне барып бауы берік болсын айтты. Бала тәп-тәтті әдемі еді. Баланың шешесіне қарап: «Хайра! Сәбиіңе ат қойдың ба?» деді. «Жоқ, анашым! Қоймадым. Бұл істі сізге қалдырғанмын. Өзіңіз ат қойып беріңіз» деді. Үмму Сәләм: «Баланың есімі, Алланың берекетімен, Хасан болсын» деп, балаға батасын берді. Хасан үшін Үмму Сәләмә екі жағынан ана болды. Жалпылама пайғамбардың (с.ғ.с.) жұбайлары мұсылмандар үшін ана екені мәлім. Екінші жағы, Үмму Сәләмә Хасанның сүт анасы. Хасанның мәртебесі тек осымен тұрып қалмады. Ол Алла елшісінің (с.ғ.с.) уахи жазушы хатшысы саңлақ сахаба Зайд бин Сабиттің шаңырағында да тәрбиеленді. Өйткені, Хасанның әкесі Ясар Зайд бин Сабиттің қызметшісі еді. Саналы ғұмырының көпшілігін Басра шаһарында өткізгендіктен Басри деп танылды.
Хасан әл-Басри (р.а.) бір топ кісімен мәжіліс құрып отырған көрінеді. Біреу келіп: «Уа, имам! Жаңбыр жаумай қойды» дейді.
– Алла Тағаладан кешірім сұра, – дейді.
Тағы бір кісі келіп: «Менің әйелім бала көтермей жатыр» дейді.
– Алла Тағаладан кешірім сұра, – деді имам
Үшінші адам келіп: «Кедейліктен қажыдым», – дейді
– Алла Тағаладан кешірім сұра, – деп, ол адамға да жауабын қайталады.
Имамның жанында отырғандардың бірі: «Ғажап, сізден ақыл-кеңес сұрап келіп тұр, ал сіз болсаңыз олардың барлығына бірдей: «Алла Тағаладан кешірім сұра» дедіңіз деп сырын сұрады. Сонда имам: «Сен Алла Тағаланың: «Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені, Ол – көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендерге бау-бақшалар өсіріп және сендер үшін өзендер пайда қылады» (Нұх: 10-12) деген сөзін оқымап па едің? – деген екен.
Дайындаған
исламтанушы Руслан ҚАМБАРОВ