Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Өйткені дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, рухани құндылықтар бастауы, моральдық нормалар жиынтығы, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Бір сөзбен айтқанда, дін – рухани мәдениет феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды.
Тақырыпқа осы тұстан ойыссақ. Жасампаз әлеуетке ие дін атаулыға «тұрмыстық зорлық-зомбылық» ұғымы мүлде жат. Базбір қате түсініктегілер пайымдап жүргендей «әйел теңсіздігі» деген ұғым да дінде жоқ.
Жалпы, әйел тақырыбы, соның ішінде дін және әйел мәселесі қай қоғамда, қай кезеңде болмасын өзіндік маңызға ие болған. Әрбір дін әйел затының отбасындағы, қоғамдағы орны мен құқықтарына қатысты өзіндік көзқарасын білдірген. Соның ішінде әйелдер қауымының құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтерген және оның отбасындағы міндеткерліктерін белгілей отырып, қоғамдағы орнын айқындап берген ислам діні өзге діндерден оқ бойы озық тұрады. Ислам негіздері бойынша ерлер мен әйелдер Алла алдында тең. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде отбасылық қатынастарда әйел затына мейіріммен, құрметпен қарау насихат етіледі. «Жәннат – аналардың басқан ізінің астында» деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталады.
Басқа діндердің әйелдер туралы пайымдауларына назар аударсақ, кез келген діннің қасиетті кітабында әйелдердің орны ерлерден кем саналмағанына көз жеткізу қиын емес. «Құдай әйелдерді де ерлер секілді өзіне ұқсатып жаратқан» деген тұжырым Тәуратта (Библия) кездеседі. Христиан діні жеке тұлғалардың өзара теңдігін дәріптейді, иудей немесе пұтқа табынушы, құл немесе азат адам, еркек немесе әйел деп бөлудің жөн еместігін, Құдай алдында бәрінің бірдей екенін насихаттайды.
Рас, ерте және дамыған орта ғасырларда бірқатар христиан дінбасылары әйел адамның құқығына қатысты жазбаларды назардан тыс қалдырып, олардың құқығын мүмкіндігінше шектеуге тырысты. Мұндай біржақты пайымдаулар христиандықта ғана емес, басқа да діндер өкілдерінде қазіргі күні де ішінара кездесіп қалатыны жасырын емес. Дегенмен өркениетті сана деңгейінде ойлайтын христиан дінінің кез келген тармағының дін ғалымдары – православ, католик немесе протестант болсын, қасиетті кітаптарда әйел-ана теңсіздігін тудыратын ешбір қағиданың жоқтығына бірауыздан келіседі. Сонымен қатар құдайлық миссияның әйел-ана арқылы жүзеге асырылуы, әйел бейнесінің Құдай-ана дәрежесіне дейін көтерілуі, Тәуратта дінге қызмет еткен әйелдер бейнесінің кездесетіні христиан дінінде де әйел-ана тұлғасына елеулі мән берілгенін аңдатады.
Мәселенің екінші жағы – әйелдердің дінге деген қатынасы. Барлық діндерде дерлік әйелдер мен ерлердің Жаратушы алдындағы міндеткерліктері, жасауға тиіс құлшылықтары бірдей болып саналады. Құлшылық рәсімдерінің жекелеген бөліктерінде ерлер мен әйелдер үшін айырмашылық болуы мүмкін, ал рәсімнің өзі тұтастай алғанда баршаға ортақ. Осы заңдылықтың және әйел затының табиғи сезімталдығынан руханилыққа бір табан жақын тұратындығының нәтижесінде әлем діндерінде құлшылыққа берілген тақуа әйелдер бейнесі көптеп кездеседі. Исламдағы әулие дәрежесінде дәріптелетін әйел-аналар, христиандықтағы монах әйелдер, өзге де діндердегі дін қызметкерлері ретінде танылған әйел бейнелері – соның айғағы. Барлық діндердегі сенушілер қауымының елеулі бөлігін әйелдер құрайды, сонымен қатар дін ілімін жеткілікті деңгейде меңгерген әйел затының ұстаздық қызмет атқаруына ешбір дін тыйым салмайды. Ал исламда білім алу әйелдер мен ерлерге бірдей парыз етілген.
Осы жерде әйел теңдігі мәселесіне қатысты түсінбестік тудырып жүрген бір жайтқа назар аударған жөн. Әлемдік діни қағидаттарда «ерлер мен әйелдердің теңдігі» деген түсініктен гөрі «ерлер мен әйелдердің бірін-бірі толықтыруы» деген түсінік басым қолданылады. Өйткені табиғи ерекшеліктеріне сәйкес ерлер мен әйелдер бір-бірінің мінезіне немесе қасиетіне ие бола алмайтыны секілді, бір-бірінің құқықтары мен міндеткерліктерін де иемдене алмайды. Ерлер мен әйелдер өздеріне тән мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеткерліктері бар дербес тұлғалар ретінде қарастырылады. Барлық дінде дерлік әйелдердің құқықтары мен міндеткерліктерінің басым бөлігі олардың ана және жар ретіндегі отбасындағы роліне көбірек қатысты болып келеді. Ал ерлер отбасының асыраушысы, қоғамдағы негізгі міндеттерді атқарушы ретінде отбасынан тыс құқықтарға көбірек ие. Осы ерекшеліктерді теңсіздік ретінде бағалау әрекеттерін дін негіздерін шынайы, терең түсіне білмеудің салдары деп бағалаған жөн. Қазақтың атақты шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлының сөзімен айтқанда:
Әйел жерден шыққан жоқ,
Ол – еркектің баласы.
Ерлер көктен түскен жоқ,
Әйел – оның анасы.
Әйелдер мен ерлердің құқығына деген қатынасын қазақ осылай қарапайым да түсінікті тілмен өрнектеген. Құран Кәрімде: «Ерлер әйелдерден бір саты жоғары тұрады. Себебі олар әйелдер үшін мал-мүлкін сарп етеді» деген аят бар. Бұл жерде де әңгіме құқықтық басымдықтан гөрі міндеткерлікке көбірек қатысты болып отыр. Өйткені «әйелдер үшін мал-мүлкін сарп етеді» деген сөздің астарында әйелге тиісті қалың мал беріп үйленіп, оны асырап-бағу, онымен қоса балаларын да ішіпжеммен, киіммен қамтамасыз ету, оларды оқытып, тәрбие беру, үй жай ету секілді сансыз көп міндеткерлік тұр.
Ал исламдағы әйел және отбасы мәселелеріне келсек, ең ізгі қарым-қатынас ретінде отбасылық қатынастар көрсетіледі. Мұхаммед пайғамбардың: «Әйелдеріңмен жақсы мәміледе болыңдар. Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың», «Тіпті қолынан ине ұстау келмейтін болса да әйелдеріңізден ажыраспаңыздар» деген хадистері бар. Отбасылық қатынастардың тұрақтылығы – исламдағы ең басты құндылықтардың бірі. Исламда кейбір діндердегідей емес, мәжбүрлі жағдайда ерлі-зайыптылардың ажырасуына рұқсат етіледі. Бірақ рұқсат етілген істердің ішіндегі Алла Тағалаға ең ұнамсызы – ажырасу болып есептеледі.
Отбасы жауапкершілігі де исламда ерекше маңызға ие. «Сіздердің әрқайсысыларыңыз өз қол астыңыздағылар үшін жауаптысыздар. Патша өз бұқарасына, ер адам үй ішіне, әйел еріне, үйге, қызметші қожайынның мал-мүлкіне, перзент ата мұрасына жауапкер. Демек, бәріңіз де жауапты адамдар боп саналасыздар» – исламдағы адами қарым-қатынас пен жауапкершілік мәселесі осылай белгіленген. «Әркім сырттағылардан гөрі өз отбасындағыларға көбірек мейірімді болуы тиіс. Мен де сіздерге қарағанда отбасымдағыларға мейірімдірекпін» делінеді Пайғамбар хадистерінде. «Туыстың туысқа берген садақасы әрі садақа, әрі адамгершілік» деген Мұхаммед пайғамбардың хадисі қазақ халқының бітім-болмысында көрініс тапқан адамгершілік қағидаларымен үндес келеді. Бала тәрбиесіне келгенде рухани-моральдық құндылықтардың бірінші орында тұратынын «Ата-ана өз баласына жақсы мінез-құлықтан артық тәрбие бере алмайды» деген хадис дәлелдейді. Исламда атаананың бала алдындағы үш міндеті бар деп саналады. Олар – жақсы ат қою, сүндетке отырғызу, үйлендіру.
Осындай өнегелерді қалдырған дін ілімі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол беретін емес, оның алдын алатын өнеге көзі болып табылады. Оның ғибратты құндылықтарды жаңғыртып, насихаттаудың, бүгінгі зайырлы қоғам мүддесіне пайдалана білудің маңызы зор. Және бұл зайырлылық қағидаттарына қайшы келмейді. Өйткені зайырлылық – дінсіздік те, дінді терістеушілік те емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Ал ел азаматтарының басым бөлігі дінге сенушілер екенін, олардың діни сенім бостандығына құқылы екенін, сонымен қатар зайырлы мемлекет азаматтары ретінде рухани-моральдық құндылықтарының қорғалуына, дамытылуына қажеттілігі зор екенін ескерсек, мұның барлығын қоғамдық қажеттілік ретінде қабылдаған жөн.
Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына кешенді көзқараспен келген жөн. Бір ерекшелігі, біз «алдын алу» деген ұғымды қолданғанымызбен, көбіне соңын реттеу шараларына мән береміз. Яғни бұл орайда да біз құбылыстың себебімен де, өзімен де емес, салдарымен күресудеміз. Шынайы алдын алу мәселесіне келгенде ақпараттандыру жұмыстары біршама жүргізілуде, заңнамалық тетіктер қалыптастырылуда. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты негізгі мәселе тұлға факторына байланысты болғандықтан, басты назар тұлғаны тәрбиелеу мен қалыптастыруға аударылуы қажет.
Бұл орайда бірімен бірі үздіксіз жалғасатын үш мәселені бөліп көрсеткен жөн. Біріншіден, жеке тұлға мен барша қоғам тәрбиесін дәстүрлі рухани құндылықтарсыз елестету мүмкін емес. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.
Қазіргі Қазақстан қоғамы өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен ұлттың дәстүрлі құндылықтық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік роль атқарып отыр. Сондықтан рухани тарихты, рухани мәдениетті, рухани құндылықтарды зерттеп-зерделеу, оқытып-үйрету, өмірге енгізу бағытындағы шаралар арқылы дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртып, рухани тәрбиені жолға қою қажет.
Екінші мәселе осы айтылғанмен тікелей байланысты. Тәрбие дегеніміздің отыра қалып ақыл айту емес екені баршаға белгілі. Тәрбие ең алдымен жүріс-тұрыс, іс-әрекет арқылы әркімнің өз өнегесімен өзгеге беріледі. Сондықтан тәрбие берушілер қатарындағы ересек буынның рухани ахуалы да назардан тыс қалмауы тиіс.
Біздің қоғамда әдетте жастар мен қарттарға көп көңіл бөлініп, жағдай жасалады да, орта буын үнемі ұмыт қалып жатады. Орта буын өз ахуалы келісіп тұрмаса да, өзге екі тарапқа жағдай жасап әуре. Бірақ мемлекет қамқорлығына азамат қай кезде де, соның ішінде орта буын жасында да зәру. Адамның ақыл-ойы, іс тәжірибесі негізінен орта жастарда өнімді жеміс береді. Бұл – азаматтардың қоғам өміріне, ел қызметіне белсене араласатын кезі. Отбасылық мәселелердің шарықтау шегіне жететін кезі де ата-ананың орта жастағы кезеңіне тұспа-тұс келеді.Сондықтан мемлекеттің азаматтарға және отбасыға деген қамқорлығы тек жас буынмен және қарттармен шектелмеуі тиіс. Өзінің мемлекетке керек екенін әрбір азамат сезінген жағдайда ғана әлеуметтік дерттер азаяды. «Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары» деген абзал қағида сөз жүзінде қалып қоймауы тиіс.
Осы орайда орта буын өкілдерінің рухани ахуалы баса назар аударуды қажет етеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шығу негіздерін әдетте жеке адам факторымен байланыстырып жатады. Орта буын өкілдерінің ішінде де қалыптаса алмаған тұлғалар немесе бағдары дұрыс қалыптаспағандар аз емес. Оған өз кезінде бала шақтан көрген тәрбиесі, өмірлік жағдайларды қабылдау ерекшеліктері, қоғамда басымдық ала бастаған жаңа құндылықтар мен факторларды сіңіре алмау салдарлары әсер етеді. Алғашқы екеуі өткен күннің еншісіндегі іс, оның салдарларын өмір бойы жоюға тура келеді. Ал қоғамда басымдық ала бастаған жаңа құндылықтар мен факторлар мәселесіне келгенде мемлекеттің атқаруға тиіс шаралары едәуір.
Ең алдымен рухани адамгершілік тәрбие саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарсы бағытталған іс-әрекеттерге тосқауыл қойылуы қажет. Мемлекет бір жағынан асқақ гуманизмді, жоғары руханиятты, рухани адамгершілік тәрбиені насихаттап отырып, екінші жағынан ғаламтор ресурстары мен БАҚ-тарда қаптаған зорлық-зомбылықты, агрессияны, қатыгездікті, тамырсыздықты насихаттайтын арандатушы ақпараттарға жол беріп қоюы идеологиялық әрі-сәрілікті туғызары сөзсіз. Бұл қоғамға, әсіресе жастарға бір қолмен бал, бір қолмен у ұсынғанмен бірдей. Жастарды бағдарынан жаңылдырып, ересек буынның наразылығын күшейтетін, құндылықтардың құнсыздануына, рухани жалғыздыққа соқтыратын мұндай қосұдайлыққа мүмкіндігінше шектеу қойылуы тиіс.
Үшінші мәселе әйел-ананың жай-күйімен байланысты. Отбасы шағын мемлекет десек, оның реттеуші күші – әйел. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алатын негізгі күш-жігер де әйел-анаға тән. Бірақ ол өзінің осы тұрғыдағы әлеуетін дұрыс пайдалана алмауда. Ал көп жағдайда әйел-аналардың өздері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың субъектісіне айналуда.
Осы мәселеге келгенде біз әдетте үнсіз қаламыз. Шын мәнінде әйел-ана да өз табиғатына тән емес жайтқа – зорлық-зомбылыққа жол береді. Баласын ұрыспайтын, ұрмайтын ана жоққа тән десек артық айтқандық емес. Неге? Перзентін тоғыз ай құрсағында, үш жыл қолында, өмір бойы жүрегінде көтеріп өтетін ана үшін бір сәттік ашу соның бәрінен күшті болғаны ма? Олай болуы мүмкін емес. Сонда мәселе неде? Мәселе – әйелдің ширыққан жүйкесінде, шешімін таппаған әлеуметтік мәселелерінде, қорғансыздығы мен қамқорлықсыздығын сәт сайын сезінетінінде.
Қазіргі қазақ әйелі дәстүрлі құндылықтарға адалдық танытуда. Ол өзінің елеусіз жүріп, ел басқара білген парасатты болмысын дамытуда. Қазақ әйелі қоғам өміріне бұрынғыдан да белсендірек араласып келеді, бірақ қазіргі қоғамның тұрмыс жағдайлары дәстүрлі қазақ қоғамынан өзгеше екені баршаға белгілі. Қазақ әйелі қазір кешегідей от басы, ошақ қасында жүріп-ақ ел тізгінін ерлермен бірдей ұстайтын мүмкіндікке ие емес. Ол қоғамды тәрбиелеу, қоғамға қызмет ету үшін кейде ерікті, кейде мәжбүрлі түрде өз баласын өзгенің тәрбиесіне тастап, жылы ұясы – отбасынан жиі жырақта жүруге мәжбүр. Сол құрбандықтың құнын біз қалай өтеудеміз?
Қызметте жүрген әйел отбасының қам-қарекетін қосқанда ерлерден кемінде үш есе артық жұмыс істейді. Сөйткен әйел-ананың жұмыс күнін ерлерден бір сағат болса да қысқа ету, сенбі, жексенбі күндерін әйелдер үшін тұрақты демалыс күндері етіп белгілеу секілді қарапайым көтермелеу шараларын қабылдасақ, әйел-ананың отбасына көбірек көңіл бөлуіне елеулі ықпал етер едік. Әйел-ананың бүгін тәрбиелеп үлгермеген баласын ертең бүкіл қоғам болып қайта тәрбиелей алмайтынымызды есте сақтауға тиіспіз.
Қазір мемлекеттік қызметтегілердің 60 пайыздан астамын әйелдер құрайтыны жиі айтылып жүр. Ал басшылық қызметтегі әйелдердің пайыздық көрсеткіші саусақпен санарлықтай. Біз әрбір әйел талантты әрі басшылық қабілетке ие дегелі отырған жоқпыз, дегенмен сан өзгерісі сапа өзгерісіне ауысуы тиіс қой?! Демек, әлі де болса қызметтегі әйел-ана етектен тартқан түрлі қиындықтар салдарынан өз әлеуетін толық жүзеге асыра алмай отыр. Әлі де болса әйел затының қабілет-күші өзгелер тарапынан пайдаланылып, өзі ескерусіз қалуда.
Әйел-ана ешбір технологиялық жетістіктер, ешбір ғылыми прогресс дүниеге әкеле алмайтын қоғамның ең баға жетпес байлығын – адам ресурсын дүниеге әкеледі. Ендеше неге сол баға жетпес және қолдан жасалмас қазынаны дүниеге әкелген әйел-ана неге бала күту демалысында мемлекеттің қамқорлығынсыз қалуға тиіс? Қазіргі балаға берілетін айлық жәрдемақының ана тұрмақ, нәрестенің өз қажетін өтеуге де жетпейтіні белгілі. Неге оған – қоғам мүшесін тәрбиелеп отырған анаға қызметте жүрген кезіндегідей толық жалақы төленбейді? Неге ол қызметте жүрген кезінде ғана қажетті болып, ал мемлекеттің болашақ азаматын тәрбиелеп отырғанда өмір қиындықтарымен бетпе-бет қалуға тиіс? Өркениетті елдердің кейбірінде бала дүниеге келісімен оның атына қор ашылып, қаржы салынады. Екінші бір елдерде бала кәмелетке толғанға дейін оны толық қамтамасыз етуге жететіндей жәрдемақы беріліп отырады. Үшінші бір елдерде бала тәрбиесімен айналысып отырған ана қызметте жүрген әйелден кем ақы алмайды. Осындай елдік қадамдардың бірін болса да жүзеге асырып, әйел-ананың қорғалуына күш салатын кез әлдеқашан жетті.
Халықтың демографиялық жағынан өсуі қай кезеңде де әлеуметтік тұрмыс шарттарымен тікелей байланысты болған. Қоғам ең алдымен дүниеге келетіндердің емес, келгендердің қамын ойлап, жағдайын жасауға тиіс. Нақты тұрмыстық проблемалар шешімін таппай тұрып, жаңа демографиялық толқын туралы сөз қозғау қиын. Қазіргі қазақ қоғамындағы әлеуметтік тұрғыдан ең аз қорғалған топ – жалғызбасты аналар мен әкесіз балалар. Өкінішке орай, қазақ отбасының елеулі бөлігін дәл осы қорғансыз топ құрайды. Ана мен балаға қамқорлық дегенде біз ең алдымен жартыкеш отбасыларды ойлауымыз керек. Қазір бұл бағытта көп жұмыстар атқарылып отырғаны белгілі, дегенмен ол бүгінгі қазақ отбасының жарты бөлігін қамтуға жетпей отыр. Сондықтан ана мен баланың жай-күйін іргелі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолға алып, ел аумағында жаппай жүзеге асыру тетіктерін қалыптастыру қажет.
Әйел бәрін көтереді, көнеді, бірақ солай екен деп бар ауыртпалықты әйелдің өзіне артып қоюға болмайды. Әйел қажыса, болмысынан айырылады. Болмысынан айырылған әйел қоғамның сәні, отбасының көз қуанышы болудан қалады. «Жібекті түте алмаған жүн етеді, қызды күте алмаған күң етеді» дегендей, әйелдің қадіріне жетпей, аздырып алсақ, «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел айдан шығадының?» кері келері анық. Әйел бақытты болса – қоғам бақытты. Әйел дертті болса – қоғам ауру. Дертті қоғамнан дені сау ұрпақ тумайды. Әйелге жағдай жасасақ, ол отбасын өзі реттейді. Әйелдің дүниеге ұрпақ әкелуі мен бала тәрбиелеуіне толық жағдай жасалса, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың мөлшері кемінде 50 пайызға кемір еді.
Рухани-адамгершілік тәрбие бағытында дін саласындағы уәкілетті орган не істеп жатыр дегенге келсек, ҚР Дін істері агенттігінің (қазіргі Дін істері комитеті) Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетімен бірлескен бастамасымен еліміздің бірнеше аймағында «Дін және әйел» форумы өткізіліп, көптеген жоғары оқу орындарында «Қыз Жібек» клубтары құрылуда. Мақсаты – дәстүрлі тәрбиені бойына сіңірген, заманауи құндылықтарды болмысына жинақтаған қазақ қыздарының озық буынын қалыптастыру. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле!» деген ұлттық ұстанымымызды ұлықтай отырып, жүргізіліп отырған осы шараларға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия да қолдау білдіруде. Сонымен қатар ақпараттық-ағартушылық шаралардың басым бөлігі рухани құндылықтарды, дәстүрлі діни танымды, рухани тәрбие мен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталуда. Осындай шараларды қоғам тарапынан белсендіре және мазмұндық тұрғыдан байыта түсу рухани тепе-теңдіктің орнауына белгілі бір дәрежеде септеседі деген сенімдеміз.
А.Әбдірәсілқызы,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу
және талдау орталығының директоры, филол. ғ. к.