Жұма сайын мешітке барсаңыз қол жайған тіленшілерден көз сүрінеді. Ұят пен қысылып-қымтырылу дегенді бір шетке ысырып қойып, тура қалтаңдағы ақшаңды бермеске қойғызбайтын қайыршыларды көріп, кейде өзің кірерге тесік таппай кетесің. Ырзығын Алладан емес, адамнан сұрайтын бұлардың қайсысының шынайы мұқтаж, қайсысының кәсіп қылып алғанын да ажырата алмайтындай халге келдік. Әнеубіркүні жұма намазынан шығып бара жатып, бір-бірінің «огородына» кіріп кеткені үшін жаға жыртысқан екі тіленшіні көріп, жаным ауырды. Құранда тіленшілерді сипаттап: «Өзін құдай жолына атаған, тіршілік ету үшін ешқайда баруға шарасыз болған кедейлерге қайыр-садақа беріңдер. Ахуалды білмейтіндер олардың тіленшілік етпейтіндігіне қарап, оларды бай деп ойлайды, олардың кейіптерінен де белгілі, олар біреуден қадалып бір нәрсе сұрамайды» деген аяттың ізін біздің тіленшілердің бойынан таба бермейсің.
Әбу Хурайрадан риуаят етілген сахих хадисте де Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Міскін – адамдардан тіленіп бір-екі үзім нан немесе бір-екі құрмамен қайтқан адам емес, нағыз міскін жағдайы жоқ бола тұра мұнысын сырт көзге білдірмегені үшін өзіне садақа берілмеген, өзі де адамдарға қол жайып тіленбеген адам», – деген (Бұхари, 1479; Мүслим, 1039).
Бұлардың барлығы шынайы мұқтаж жанның өзгеден тіленуге ұяты жібермейтіндігін, қол жаюға ары рұқсат етпейтіндігін көрсетеді. Әрине, садақа берушіге де «мынаған бер», «мынаған берме» деп айтуға қақымыз жоқ. Әркім ниетіне қарай сауабын алады. Себебі, «Қайыр ретінде берген садақаларыңның сауабы өздеріңе толықтай қайтарылады, сендерге әділетсіздік етілмейді», – деп Аллаһ Тағаланың өзі уәде етеді («Бақара» сүресі, 272-аят).
Кейде Османлы мемлекетінің бұл мәселені шешуде қандай көркем жол тапқанын көріп таңғаласың. Түркияда жүрсеңіз, кейбір мұражайлардан ұзын-ұзын тастарды көресіз. Халық мұны «садақа тастары» деп атайды. Бұлар – Османлыдан қалған жәдігерлер. Мәселенің тереңіне бойлай білген мұсылмандар мұқтаж, пақыр, міскін жандардың ар-ұятын қорғау әрі садақа берушілерді риядан сақтау мақсатында төбесіне ойық жасап осындай «садақа тастарын» көпшілік жүретін, бірақ көзден тасалау жерлерге қоятын болған. Қайырымды жандар ешкімге көрінбей, түннің қараңғы уақытында садақаларын осы тастың үстіне қойып кететін болған. Халыққа қол жайып, қайыр-садақа сұрауға ұялатын шынайы мұқтаж жандар болса, қараңғы уақыттарда «садақа тастарынан» өзіне қажетті мөлшерде ғана ақшасын алып, артығын кері қойып кете баратын.
Міне, бұдан садақа беруші риядан аман қалып, қол жаюға ары жібермейтін шынайы міскіндер де қажеттілігін көретін болған. Бұл «садақа тастарының» тағы бір ерекшелігі – қайыршылықтың етек жаюына жол бермейді. Себебі, садақа ашықтан-ашық берілсе тіленшінің ұят пердесін жұқартып, соңында адамдардың қайыршылықты әдетке айналдырып, кәсіп қылуына әкеп соғады. Өкінішке қарай, бүгінде бұл «садақа тастарын» Түркиядан да көрмейтін болдық.
Негізінен қазақ даласында да мұндай «садақа тастары» секілді «садақа ағаштары» болған. Өкінішке қарай, оның бүгінде мәні ауысып, халық арасында теріс түсінікке ие болды. Қазақ даласында көбіне шалғай жерлерде, жол бойында көп кездестіретін ақ шүберекке оранған ағаштар негізінен бастапқыда «садақа ағашы» рөлінде болған. Әлі есімде бала кезімізде әлгіндей ағаштарға оралған шүберектерден ақша шығатын. Мұнысы «жолаушылар керегіне жаратар» деген ниетпен адамдардың садақа ретінде байлап кететін ақшалары еді. Зекет берілетін топтардың арасында жолаушылар да барын ескерсек, жолаушылар үшін берілетін садақалардың да сауабы мол болатынын қазақ жақсы білген. Тіпті, әлі күнге дейін кейбір аймақтарда халқымыз мәнісін түсінбесе де, зираттың есігіне ақша түйілген шүберектер байлап жатады. Бұл да ескіден халқымыздың жолаушылар үшін байлаған садақалары еді. Себебі, қазақ жолаушылап иен далада қалып қойса, зиратқа түнейтін. Сол кезде мұқтаждығы болса, сол түйіншектегі ақшаны керегіне жарататын. Ал, бүгінде халқымыз мұның мәнісін білмесе де, «әйтеуір бабаларымыз осылай ететін» деп бұған бір әдет-ғұрып ретінде ғана қарайтын болды. Шүберекті де, ағаштарды да қасиетті деп түсініп, ақшасыз құр шүберектер байлап кететін болдық. Сондықтан да, бұның мәнісін халыққа дұрыс түсіндіргеніміз жөн…
Міне, мұндай садақа тастары мен садақа ағаштарына қажеттілік дәл бүгінгі күні қатты сезіліп тұр. Себебі, ұяттың пердесін ысырып тастап, барлық нәрсені ашықтан-ашық жариялауға шақыратын әлеуметтік желілердің етек жайған шағында қайырымдылықтарымызды да елмен бөлісіп, рияға жиі ұрынып жүргендейміз.
Салтан САЙРАНҰЛЫ