Бақытты ел болудың кілтін іздеген…
Жүсіп Баласағұн- әйгілі «Құтадғу біліг» яғни «Құтты біліктің» авторы. Ол бүгінгі ұрпаққа талантты ақын, терең ойшыл, ірі қоғам қайраткері және энциклопедиялық ілім иесі ретінде белгілі.
Баласағұн – өз кезінің көрнекті ғалымы ретінде математика, астрономия, табиғат тану, тарих және араб, парсы тілдері сияқты білім салаларын зерттеуге айрықша үлес қосқан ғалым.
Дей тұрғанмен, осынау ұлы ойшылдың өмірбаяны жөнінде сақталған деректер- тым мардымсыз.
“Құтты білікке” қос кіріспе жазылған. Оның бірі қара сөз күйінде, екіншісі өлең-жыр нұсқасында қағаз бетіне түскен екен. Міне осы қос бірдей беташар бөлімде Баласағұн туралы аз да болса, деректер ұшырасады.
Cонымен бірге, автор аталған жинағының соңғы үш тарауында өз өмірінен аздаған мағлұматтар бере кеткен.
Өз сөзіне қарағанда «Құтты білік» авторы Қараханидтер мемлекетінің астанасы Баласағұнда дүниеге келген екен.
Баласағұн шаһарының жұртында, кеңес үкіметі жылдары, арнайы қазба жұмыстары жүргізіліп, осынау ойшыл ақынға байланысты деректер нақты жәдігерлермен дәлелдене түскен болатын.
Ал белгілі түрколог ғалым В. В. Бартольд «Баласағұн қаласы Жетісу өңірінде, Шу өзені бойындағы Тоқмақ қаласына жақын жерде болған» деген өз тұжырымын кеңес үкіметі кезінде-ақ білдірген еді.
Он сегіз айда жазылған дастан
Дастан екі жолдық жыр үлгісі, яғни бәйіт пішінінде жазылған. Онда барлығы 6520 бәйіт бар. Яғни дастан 13040 жыр жолдарынан құралған деген сөз.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1070-жылы жазып бітіргені жөнінде жырдың 6495, 6623-бәйіттерінде ескертіп өткен екен.
Жырды зерттеуші түркологтар ақынның: «Елуге де кеп қалдық. Бір кезде қара қарға едік, аққуға аппақ айналдық» деген жыр жолдарына қарап, сонымен бірге дастанды 18 айда жазып шыққаны туралы аутордың айтқан ескертпелерін ескере отырып, «демек Баласағұн ақын 1015-1016-жылдары дүниеге келген болар», деген болжам айтуда.
Автор дастанның қарасөзбен жазылған кіріспесінде: «…осы кітапты Қашқарда жазып бітіріп,шығыстың әміршісі Табғаш Қара Бограханға тарту еттім»,- деген екен. Бұл сыйлыққа риза болған Бограхан ақынға “ұлы хас хажиб”, яғни “ұлы уәзір” деген атақ берген көрінеді. Сол себепті де ақынның есіміне “хас хажиб” сөзі тіркеле жазылып келеді.
«Құтты білік» бүгінгі ұрпаққа неcімен қымбат?- деген сауалға келер болсақ, ең әуелі бұл дастан- түркі жұртының орта ғасырлардағы өмір қалыбы: әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері және саяси-әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлары хақында мол мағлұмат беретін жазба дерек көзі.
Орта ғасырлық тарихқа сәл ғана шегініс жасар болсақ, Қарахан мемлекеті он бірінші ғасырда өз аумағын одан әрі кеңейтіп, біртіндеп Шығыс және Батыс қағанаттары болып екіге бөлініп кеткен еді.
Шығыс қағанат құрамына Шығыс Түркістан мен Жетісу аймағы қарап, оның астанасы Баласағұн қаласына жақын жердегі Қара Орда, Күз Орда қалалары болған-ды.
Ел бірлігін күйіттеген ұл
Құрамына әртүрлі ұлт өкілдері мен ұлыстар енген мұндай ірі мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын лайықты жүргізіп, ел бірлігін сақтап тұру- оңай шаруа емес еді.
Осынау мемлекеттік күрделі мәселелер, әрине Жүсіп Баласағұн сияқты отаншыл ұлды ойландырмай қоймады.
Сондықтан да, оның қаламынан туындаған бұл тарихи жыр-дастанда ел басқаруға пайдасы тиетін небір ақыл-кеңестер мен түрлі заңдық ережелер және әдет-ғұрыптар топтамасы қамтылған.
Дидактикалық сарында жазылған «Құтты білікте» қарапайым шаруадан бастап мемлекет басшысына дейінгі аралықтағы әрбір қоғам, мемлекет мүшесінің мінез-құлық тұрғысынан қандай болуы керектігі таратыла айтылған.
Әсіресе аутор «ел басқарам деген азаматтар қандай қасиеттерге ие болуы тиіс?»-деген сауалға егжей-тегжейлі жауап беруге тырысады. Сондықтан да болар, көрнекті түрколог ғалым С. Е. Малов «Құтты білік» кітабының атын «Бақытты басқарушының кітабы» деп, ал ғалым А.А.Валитова «Басқару туралы білім» деп аударған екен.
Мұндай атаулар жырға берілген орынды баға сияқты. Себебі ақын ел билеуші мен қарапайым халықтың бірінің алдындағы екіншісінің хақыларын дастанда егжей-тегжейлі түрде баяндайды.
Енді дастаннан нақты мысалдар келтірейік: «Ей, әкім! Халықтың сенде үш түрлі ақысы бар. Сен олардың сол ақысын төле. Сөйтіп өз жаныңды жәбірден азат ет. Ол ақының біріншісі-ақшаның нарқын көтеру яғни ақша құрамындағы алтын мен күмістің үлесін арттыру және оның төмендеп кетпеуін қадағалау. Екіншісі: ел үшін пайдасы зор әрі сенімді, берік те әділ заңдар шығар. Халық сенен осындай әрекеттер күтеді. Үшіншіден: ел ішін және жолдарды қарақшылар мен кісі өлтірушілерден тазала. Ел тыныштығын қамтамасыз ете біл».
Осылай дей келе Жүсіп Баласағұн келесі бір жыр жолдарында халықтың ел басқарушы алдындағы міндеттерін де санамалап өткен екен: «Ей, елдің көсемі! Халықтың өзіңе қойған осынау үш талабын орындағаннан кейін, сен олардан мынандай үш мәселені талап етуге хұқылысың: Біріншіден-сен жария еткен қандайда бір жарлықты олар сөзсіз және тез арада жүзеге асыруға міндетті. Екіншіден-мемлекет тарапынан салынған салықтарды дер кезінде ел қазынасына құйып отырулары шарт. Үшіншіден: тұтас елің сен дос тұтқандармен дос болып, сен дұшпан деп бағалағандарды өз дұшпанындай қабылдауы тиіс».
Ақын ұсынып отырған бұл қағидалар- қай ғасыр үшін де өзекті.
Олай болатын себебі, дана Баласағұн аталған дастанында өзі өмір сүрген кезеңдегі ғана емес, одан бұрынғы дәуірлердегі ел билеу тәжірибелерінен жинақталған қағидалар мен даналық тұжырымдарды көркемдікпен қамти білген.
Жыр тұңғыйығына жасырынған ой маржандары
Енді дастаннан мысалдар келтіріп көрелік:
«Хаққа табын, сеніп адал құлқыңа,
Бауырмал бол, түзу қара жұртыңа.
Барша елге мейіріммен қарар бол
Үлкенге де, кішіге де адал бол!
Ізгі болсын десең бүгін күллі ел,
Өзің ізгі болғын елдің ішінде, ер!
Түзетемін десең бәрін, біле бер,
Өзіңді-өзің түзе, халқың түзелер.
Халқы азса, оны бектер түзетер,
Бек азса егер, оны кімдер түзетер?!
Сый берерде-тез бер, созып, қашыртпа,
Жазаларда-таяқтауға асықпа.
Ел пайдасын, ішіңменен түсін де,
Өз пайдаң бар ел пайдасы ішінде».
Міне ел басқарған бектер мен хандарға қарата «Құтты біліктегі» айтылған ақыл-кеңестер осылайша жалғаса береді. Сәл бағамдап, ой жіберсеңіз, біздің бүгінгі күнімізде де ел басқарған азаматтарға жетпей жататын қасиеттер осы бәйіттерде баяндалған жайыттар емес пе?!
Дастанда сонымен бірге, кез-келген жұмыр басты пендеге қажетті асыл қасиеттер, иманды мінез-құлықтар жиынтығы дидактикалық мәнерде, былайша жырланады:
«Дүние қума, тірлігіңді тәрк етпе,
Баянсыз ол, қор етеді әл кетсе.
Сыннан өткен кісілермен жолдас бол,
Пайдасы-мол, ал араммен оңбас жол.
Кіреріңде, шығар жерді байқап ал,
Қор боларсың, шыға алмасаң қайтадан!
Жақсы-жаман келсе- қарсы ал, қарама, аузыңды бақ, бойыңды бер қазаға!»
Біздің ойымызша, «жақсы-жаман» дегенде, аутордың айтпағы өмірдің ащысы мен тұщысы, қайғысы мен қуанышы болса керек. «Бойыңды бер қазаға» дегені «о дүниеде алдыңнан тосып алатын Есеп берер күнді ұмытпа, соған осы бастан әзірлен!»-дегені шығар.
«Құтты біліктің» алғашқы бәйіті Хақ-Тағалаға мадақ айтудан басталады.
«Құдіретті бір Хақ озық баршадан,
Мадақ, мақтау, құрмет лайық бір соған!
Жаралғанның бәрі мұңлық мұңы көп,
Ием ғана жалғыз шері, мұңы жоқ.
Туылғаннан қорықпа, тілеп, табынба,
Жаратқаннан қорық, жолдан жаңылма»,- дейді ғұлама.
«Сылдырап өңшең келісім… »
Жүсіп Баласағұн «Құтты білікте» өзі өмір сүрген дәуірде және оған дейінгі ғасырларда түркі әдеби әлеміндегі қолданылған көркемдік машықтарды мейлінше оңтайлы қамтыған. Бұл орайда филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетовтың пікірін келтіре кеткен жөн болар: «Құтты білік» дастанының ауторы метафора, аллегория, гипербола, меңзеп яғни астарлап сөйлеу сияқты көріктеу құралдарын зор шеберлікпен, білгірлікпен пайдаланып отырады. Сондықтан жырдағы сан қилы адам бейнелері, табиғат көріністері, қаһармандардың көңіл күйі мейлінше айқын, әсерлі шыққан», дейді ғалым.
Түркология әлемінде «Құтты біліктің» үш түрлі нұсқасы сақталған. Олар-Вене, Каир, Наманган нұсқалары. Түрколог ғалымдар аталған үш нұсқаны өзара салыстыра, ғылыми сараптамадан өткізе келіп, дастанның толық нұсқасын жариялаған болатын.
Мысалы академик В. В. Радлов «Құтты білікті» түбегейлі зерттеу, оны жариялау істеріне жиырма жылын арнаған екен.
Ал қазақ ақыны, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Егеубаев «Құтты білік» дастанының қазақ әдебиетінің дамуына идеялық-көркемдік әсері» атты тақырыпта ғылыми диссертация қорғады. Сондай-ақ жырды қазақ тіліне аударып, 1986-жылы «Жазушы» баспасынан жинақ етіп шығарды.
«Қанша білсең, ізден тағы, тағы да, Білікті адам жетер тілек, бағына»,- деп өзі айтқандай, ғұлама Баласағұн сіз бен бізді ойландырар небір даналық тұжырымдары мен сөз маржандарын соңына қалдырып кетті. Кейінгі ұрпақ керегінше өз қоғамдарында қолдансын, пайдаларына жаратсын деп аманат етіп кетті.
Нұрлытай Үркімбай