«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – дейді дана халқымыз. Осылайша, бірлік пен берекені ту еткен халқымыздың дәстүрлі таным-түсінігі, өзге халықтар мен конфессиялардың өкілдеріне деген кең пейілділігі мен сыйластығының арқасында еліміздің қарқынды дамуына жол ашылды.
Тәуелсіздік алған уақыттан бері, елімізде этникааралық және конфессияаралық келісімнің өзіндік моделі қалыптасты. Соның бір көрінісі ретінде үш жыл сайын Астана төрінде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ауыз толтырып атауымызға болады. Бұл жиындарға бастапқыда сенімсіздікпен қарап, кейіннен жемісті нәтижесін көрген әлем қауымдастығы конфессияаралық татулық пен келісімді нығайтудағы маңызын сөзсіз мойындады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Халықаралық қоғамдастықта біздің елімізді мекен ететін және біртұтас Қазақстан халқын құрайтын барлық ұлт өкілдерінің толеранттылығын, конфессияаралық және мәдениетаралық келісімін қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті саясатымыз қазірдің өзінде кеңінен танылып отыр» – дегені де осының айқын дәлелі. Биылғы елімізде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі де әлемдік деңгейде дінаралық келісімді нығайтуға өз үлесін қосары сөзсіз.
Осы съезге дайындық қарсаңында, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Конфессияаралық келісім – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі» тақырыбында брифинг болып өткен болатын. Бұл жиында айтылғандай, елімізде дәйекті мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қарым-қатынас орнатылған. Мұның көрінісі елімізде берік орныққан ұлтаралық және конфессияаралық келісім әлемде «Қазақстан жолы» ретінде танылған. Дін істер комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин «…бұл мемлекеттің дін саласында жүргізіп отырған саясатының жемісі және қазақ халқының тегінде бар бауырмалдық пен төзімділіктің нәтижесі» деп атай отырып, өз кезегінде, еліміздің дамуының бүгіні мен болашағына берік іргетас құрайды деп тұжырымдады. Бұл еліміздегі конфессияаралық келісім мен татулықтың қарқынды дамуының арқасында орын алған жағдай.
Сөз соңында бүгінгі жарқын таңымыздағы конфессияаралық келісім мен татулықты – халқымыздың маңдайына жазылғаны, тарихтың таңдауы десем артық айтқандығымыз емес деп білемін.
Мирас ҚАЙДАР,
дінтаушы