Ал, қаншама пенделер аста-төк дүниені оңды-солды шашып, өздерінше бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Бақыт деген не? Біреудің қиын хәліне жәрдемдесіп, жетім мен жесірдің көзінен аққан тамшы жасын жерге түсірмеу. Бақыт деген не? Адасқанға ақ жол көрсетіп, оған бақыт ұсына білу.
Уа, адамдар! Жүректеріңіздегі қатыгездікті кетіруді қалайсыздар ма? Жәннатта пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасында болуды қалайсыздар ма? Аздаған амал арқылы жүздеген сауаптарға кеңелуді қалайсыздар ма?
Егер осы нәрселерді қаласаңыз, жетімге ата-анасының орнын басарлықтай мейірім танытып, жақсылық жасаңыз. Жылы шырай білдіріп, басынан сипаңыз, жүрегіне шаттық, езуіне күлкі сыйлаңыз. Міне, бақыт осындай ізгіліктерден көрінеді. Себебі, Алла Тағала Өзінің Қасиетті кітабының көптеген аяттарында жетімдерге жақсылық жасауды бұйырып: «Олар сенен (Ей, Мұхаммед!) жетімдер туралы сұрайды. Оларға (жетімдерге) ізгілік ету – қайырлы іс. Ал олармен аралассаңдар – олар сендердің бауырларың»,-деген («Бақара» сүресі, 220-аят). Сонымен бірге Алла Тағала жетімге жақсылық жасауды Өзіне жақындататын себептердің үлкені етіп және ізгіліктің ең ірі түрлерінің қатарына жатқызып: «Ізгілік жүздеріңді шығыс немес батыс жаққа бұруларың емес. Алайда ізгілік – Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірулерің, өздері жақсы көре тұрып, малды жақындарға, жетімдерге, кедейлер мен (еліне жете алмай) жолда қалып қойғандарға, тіленшілер мен құлдарды азат етуге берулерің»,-деп, осы аятты: «Міне, осылар (сөзін ісімен) растағандар. Міне, осылар – нағыз тақуалар»,-деп аяқтады («Бақара» сүресі, 177-аят).
Алланың елшісі (с.ғ.с.) жетімдердің жағдайына ерекше көңіл бөліп: «Мені мен жетімге қамқорлық жасаушы адам – Жәннатта мынандай болады»,-деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын біріктіріп көрсеткен екен. Ғалымдар осы хадисті түсіндіре келе: «Осы хадисті естігендерге пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Жәннаттағы жақын досы болу үшін оған амал жасау – уәжіп. Әрі бұл дәрежеден жоғары еш нәрсе болмайды», – деген ой айтады.
Он сегіз мың ғаламның Иесі Алла Тағала жетімге, оның басынан сипап жақсылық жасағанға көптеген сауаптарды уәде етеді. Рахмет пайғамбары (с.ғ.с.): «Кімде-кім жетімнің басынан сипаса, әрі мұны тек Алла ризалығы үшін жасаса, қолы өткен әрбір шашы үшін бір сауап жазылады»,-деген. Міне, көрдіңіз бе? Жетімнің тек басынан сипағанымыз үшін осыншама сауап берілетін болса, оны құрметтеп, асырағанға берілетін сауаптың санын Алланың Өзі ғана біледі.
Жетімдерге жақсылық жасауда құтылу бар
Бәріміздің қайтар орнымыз о дүние екені белгілі. Қияметтегі жағдайлар адамдарға өте ауыр болып келеді. Алайда, жетімге жақсылық жасағандар бұл тауқыметтерден құтылады. Құранда Қияметте қиналатындардың жағдайы былайша баяндалады: «Ол асудан өте алмады. Асудың не екенің саған не білдірді? Ол – құлды азат ету. Ашаршылық күні жақындығы бар жетімге немесе дымы жоқ кедейге тамақ беруің». Демек, жетімдерге қарайласу адамды ақырет ауыртпашылықтарынан құтқарады.
Жетімдерге жақсылық жасау – жүректегі қатыгездікті кетіреді
Бір кісі Мұхаммед пайғамбарға келіп, жүрегіндегі қатыгездік төңірегінде шағымданады. Сонда пайғамбар оған жетімнің басынан сипап тұруды өсиет етіп, тапсырған екен.
Жетімге қамқорлық жасаудың дұрыс түсінігі
Көптеген адамдар жетімге қамқорлық жасау материалдық жағдайға байланысты деп ойлап жатады. Бұл әлбетте, таяз түсінік. Жетімдерге қаржылай көмектесу өте сауапты амал болса да, оларға жақсылық жасау бұдан да кең мағынаны қамтиды. Хафиз Ибн Хажар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мені мен жетімге қамқорлық жасаушы адам – Жәннатта мынандай болады»,- деген хадисін түсіндіру үшін жетімге қамқор болғанның Жәннатқа кіруінің немесе онда пайғамбарға жақын болуының хикметін былай түсіндіреді: «Пайғамбар (с.ғ.с.) дінді білмеген адамдарға жіберіліп, оларға ұстаз әрі жетекші болғандай, жетімге қамқорлық жасаушы да дін, керек десеңіз дүние істерін білмегендерге үйретіп, көркем әдептерді үйретіп, оларға ұстаздық етеді. Өйткені, жетім өзіне қамқорлық жасаушыдан, оның тұлғасы және бергенінен үлкен әсер алады». Демек, жетімге пайдалы нәрселерді үйретіп, рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру да оларға жасалған жақсылық болып табылады.
Жетімге жақсылық жасау – Жәннатқа апарар төте жол
Жәннаттан үміт әрбір құлға мына аяттар зор қуаныш сыйлары сөзсіз. Мұсылманды жақсылыққа жетккізіп, жәннатпен қауыштыратын төте жолды Алла Тағала өзі көрсетіп береді. Құран кәрімде Жаратушымыз: «Олар өздері қалап тұрса да, тамақты кедейге, жетімге және тұтқынға береді. (Олар): «Шын мәнінде біз сендерді Алланың дидары үшін тамақтандырамыз. Сендерден (бұған) сый да, алғыс та қаламаймыз. Ақиқатында, біз сұсты, ауыр күні Раббымыздан қорқамыз» (дейді). Алла оларды сол күннің жамандығынан сақтап, оларға жарқындық пен шаттық нәсіп етеді. Әрі сабыр еткендері үшін оларға Жәннат бағы мен жібек киімдермен марапаттайды»,-деген («Инсан» сүресі, 8-12-аяттар).
Жетімге қамқорлық көрсетудің артықшылықтары:
- Жетімге көрсеткен қамқорлығы адамға дүние мен ақыретте мол сауап және ұлы кеңшілік болып қайтады.
- Жетімге қамқор болу іштарлық пен өшпенділіктен таза қоғам қалыптастыруға қосылған үлес болып есептеледі.
- Жетімге қамқор болғанның ұрпағы Алланың қорғауында болады.
- Жетімді құрметтеу – жетім болып өскен пайғамбарымызды құрметтеу.
- Жетімді құрметтеген үй – мұсылмандар үйлерінің ең қайырлысы.
- Жетімді асырау – пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) Жәннатта бірге болудың кепілі.
- Жетімге қамқор болу – ізгілік пен жанашырлықтың белгісі.
- Жетімге қамқор болу – жүректің жұмсақтығын және қатыгездіктен ада екенін көрсетеді.
- Жетімге қамқор болу мұсылманның малын тазартып, оны арттыра түседі.
- Жетімге қамқор болу – қамқоршының ризығына береке дарытады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім өз үйінде ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң атырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады»,-деген. Басқаша айтқанда, әлемнің ең бай адамымен бірдей болады. Көптеген адамдардың үйлерінде бір күндік емес бір неше айдың тамағы бар. Жиғаны өзіне ғана емес, балаларына да жетеді. Осы тұрғыдан, тұрақты табысы бар мұсылман бір емес, бірнеше жетімге қамқор бола алады. Бірақ, білмегендіктен бе, болмаса көңіл бөлмегендіктен бе адамдар бұл мәселеге жеңіл қарауда?! Бұған еліміздегі жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан мейірім атаулыдан жұрдай болып өсіп келе жатқан балалар саны куә. «Бар мейірім балаларға!» деген сөз барлық адамдардың ұраны болса екен деп ойлаймын. Олай болса, мол сауапқа кенеліп, Жәннатта пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасында болу мүмкіндігін қолымыздан жіберіп алмайық.
Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы.