2018 жылдың басынан елімізде «Татуласу: сотқа дейін, сотта» деп аталатын жаңа жоба пайда болды. Жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде Татуласу орталықтары ашылып, азаматтардың даулы мәселелерін осы орталықтардағы медиаторлардың, нотариустардың, психологтардың және басқа да мамандардың көмегімен шешу жүзеге асып отыр.
Аталған орталықтар мен еліміздегі медиация әлеуетінің бүгінгі ахуалы жөнінде kazislam.kz тілшісіне «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының әкімшісі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының бас консультанты Әбілсейіт Тоқсейітұлы Түлкиев айтып берген болатын.
Алғашқы орталық Қызылордада ашылды
2018 жылдың басында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен сот жүйесін одан әрі дамыту мақсатында жеті басым міндет айқындалып, жеті жоба бойынша жұмыс топтары құрылған болатын. Соның бірі – «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы.
Бұл жоба «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Ұлт жоспары – реформаларды жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламаларындағы Елбасы тапсырмаларының аясында жүзеге асып отыр. Осы аталған бағдарламаларда дауларды соттан тыс реттеу жолдарын жетілдіру көзделген.
Соттан тыс татуласу орталығын құру үшін Сыр өңірі пилоттық аймақ ретінде таңдалып, республика бойынша бірінші Татуласу орталығы Қызылордада ашылды.
Неліктен бұл бастаманы көтеріп отырсыздар?
Біріншіден, Елбасымыздың тапсырмасы.
Екіншіден, соттардың дау шешудегі міндеттерін, оның қыр-сырын, себеп-салдарын білетіндіктен, осы проблеманың оңтайлы шешу жолдарын қарастыру.
Осы бағдарламалардың шеңберінде қазіргі уақытта жаңа жүйелік, түбегейлі өзгерістер қолға алынып отыр.
Қазіргі таңда еліміз бойынша 46 татуласу орталықтары мен 1000-нан астам татуластыру кабинеттері жұмыс істейді.
11 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында Татуласу орталығы ашылып, алғашқы күні-ақ онда медиаторлық келісім жасалды.
Бұл дауларды баламалы тәсілмен шешуге сұраныстың барын білдіріп отыр. Бағдарлама қоғамда құқықтық дауларды соттан тыс реттеудің тәсілдерін насихаттауға басымдық береді.
Жоба бойынша кешенді жұмыстар нәтижесінде дауларды шешудің мәдениеті қалыптасады, моральдық және материалдық шығындар азаяды, даукестіктің деңгейі төмендейді және құқық бұзушылықтың алдын алуға болады.
Басты жетістігіміз – біз сотқа кез келген себеппен бара беретін дағдыны өзгерттік.
Дегенмен, іс сотқа түскен болса, тараптар сот медиациясының арқасында екі жаққа да қолайлы келісімге келу мүмкіндігіне ие болады.
Қазіргі уақытта «Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасы 93 сотта іске асырылып, онда судья-татуластырушылар жұмыс істеп жатыр. Оның 64-і бірінші саты соттарында орналасқан.
Қазіргі нәтиже қандай?
Татуластыру рәсімдеріне келген азаматтардың 55%-ы татуласқан, яғни, бұл аталған пилоттың нәтижесі медиация әлеуетінің жоғары екендігін көрсетіп отыр.
Сонымен қатар, жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесінде сұралушылардың 90%-ға жуығы жобаны қолдап, татуластыру рәсімдерінің қажеттілігін көрсеткен.
Биыл прокуратурамен бірге еліміздің 8 өңірінде Татуласу орталықтарын құру жоспарланып отыр. Оларды Құқық қорғау қызметі орталықтарымен біріктіру көзделген. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар Атырау және Жамбыл облысында өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.
Медиатор деген кім?
Медиатор – сот жүйесіне жатпайтын және сот көмекшісі саналмайтын кәсіби делдал. Оларға жанжалдарды реттеуге азаматтардың өздері жүгінеді.
Елімізде «Медиация туралы» Заң бар. Ол республикамыздағы медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Медиатор, әрине, ол судьяны алмастырмайды. Ол жеке және заңды тұлғалар үшін дауларды шешудің балама, неғұрлым аз шығынды тәсілін ұсынады
Олар дауласушы екі тараптың да кәдесінен шығатын шешім қабылдап, заң аясында келісімге келудің жолдарын қарастыра отырып, дауды шешеді.
Медиацияның соттан айырмасы қандай?
Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласу деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі қолайлы келісімге келу.
Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында кінәлілер немесе кінәсіздер деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы белгілі бір құқық бұзушылық үшін жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеуді мақсат етеді.
Сотта тараптар бір-біріне қарсы болса, ал медиация барысында өзара ынтымақтастықта әрекет етеді.
Орталықтарда көбіне қандай даулы мәселелер қаралады?
Орталықтарда қаралатын даулардың басым бөлігін отбасылық, неке, жер даулары, еңбек шарттары және басқа да келісім-шарттардан туындайтын даулар құрайды.
Азаматтарымыз медиация туралы толықтай білмесе де, қазіргі таңда оның қызметіне жүгінушілер көп. Сұраныс артқан сайын медиаторлар қызметінің сапасы жақсарып, жауапкершілігі артады деп ойлаймын.
Татуластыру орталықтарында кімдер жұмыс істейді?
Татуластыру орталықтарында кәсіби медиатордан бастап психолог, нотариус, сот орындаушылары, конфликтологтар мен адвокаттар халыққа тегін кешенді қызмет көрсетеді. Осы орайда орталықтардың жұмысының жүйелі түрде жұмыс істеуіне даулы мәселелерді шешуде көп жылдық тәжірибесі бар отставкадағы судьяларымыз атсалысып жүргенін ерекше атап кеткен жөн.
«Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасын түсіндіріп, оны кеңінен насихаттау мақсатында 2018 жылдың басынан бастап жоба жетекшісі Сағатбек Болатбекұлы бастаған жұмыс тобы республика өңірлерін аралап, аймақтың зиялы қауым өкілдері мен әлеуметтік сала мамандарымен кездесті.
Билер кеңесі – ата-баба дәстүрін жаңғыртудың жарқын үлгісі
«Əділдікке жығылмайтын адам жоқ» деген мақалдың мағынасында билердің адамдардың өзара қарым-қатынастарында тəртіпті реттейтін дəстүр мен əдет-ғұрып заңдарын негізге ала отырып, әділ шешім шығарудың тарихи рөлі зор болды. Қазақ халқының дəстүрлі ережелері мен құқықтық күші бар əдет-ғұрып заңдары арасында белгілі бір белгі болған жоқ. Қоғамның саяси өмірінде ел бірлігін сақтау мақсатында билер жариялылығы, əділдігі жəне шешендік данышпандығы арқылы екі жақты татуластыру мен бітімгершілікке шақыруға көп мəн беріп отырған.
Кезінде билер институты, ақсақалдар алқасы болған, шет шыққанды шеттетпеген, тентекті түзей білген ел ретінде Билер кеңесінің болуы өте маңызды.
Ата-бабамыздың осы игі дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында Билер кеңесі институтын жаңғыртуды қолға алып отырмыз. Ол жоғарыда аталған татуласу орталықтарында және кәсіподақтар федерациясы мен жергілікті әкімдіктердің жанында жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша 412 Билер кеңесі құрылған. Бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде 750 даулы мәселе билер кеңесінің көмегімен шешілсе, оның басым бөлігі азаматтық және әкімшілік істер екенін айта кету керек.
Қара қылды қақ жарған бабалырымыздың жолын ұстанатын Билер кеңесіне әр өңірдің сөздері өтімді, білімді, парасатты зиялы қауым өкілдері сайланады. Олар «би» деген атына лайық шешімдер қабылдап, даулы мәселелерді тиімді шешеді деген сенімдеміз.
Орталық туралы дін мамандары не дейді?
Татуласу орталықтарының қызметі дін мамандары тарапынан да қолдау тауып отыр. Мәселен, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы Татуласу орталығына арнайы келіп, жұмысымен танысқан еді.
Ол бұл аталған жобаға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы тарапынан қолдау білдіретінін жеткізіп, алдағы уақытта халықпен ұдайы байланыста болатын имамдар, дін қызметкерлерінің медиация қызметімен танысу мақсатында семинарлар өткізіп, имамдарға орталық жұмысын кеңінен түсіндіріп, медиациялық келісімдердің қалай жасалатынын айтып берсеңіздер деген ұсынысын да айтты.
Халықты үнемі бірлікке, татулыққа шақырып жүретін имамдар мен дін қызметкерлерінің Татуласу орталықтарының кеңінен насихатталуына септігі тиеді деген ойдамыз.
Шетелдік тәжірибенің берері мол
Былтыр әріптестеріміз Біріккен Араб Әмірліктері мен Сингапур мемлекеттеріне барып қайтты. Қос елдің тәжіребиесін көрді. Бұл мемлекеттерде отбасылық соттар жұмыс істейді екен. Олар отбасылық дауларды, яғни ажырасу, бала асырап алу мәселелері бойынша дауларды қарайды екен. Тіпті, ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейінде олардың ары қарай өмір сүруіне жағдай жасалады (психологтар көмектеседі).
Грузияда біздің орталық сияқты орталықтар жұмыс істейді. Онда медиаторларға мемлекет тарапынан айлық төленеді екен. Демек бұл мәселеге жалпы мемлекет мүдделі болып отыр деген сөз.
Әрине орталықтарды тез арада ашып, оның жұмысын ұйымдастыру, халықтың санасын өзгерту оңай шаруа емес. Дегенмен, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей орталық жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып, бір арнаға салып, халық арасында насихаттау жұмыстарын жүргізсек, оның нәтижесі оң болатынына сенімдіміз.