Жуырда Ақтөбеде «Әдемі әуезді азаншы» атты ІІІ Республикалық азаншылар жарысы өтті. Байқау алғаш рет 2009 жылы Астана қаласында өткен болатын. Тың жобаның авторы – Төлеби Оспан. Ол сол жылдары «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы қызметін атқарған. 2014 жылы оңтүстік астанамыз Алматыда оның жобасының жалауы қайта желбіреді. Енді, міне, үшінші рет облыстық «Нұр Ғасыр» мешіттің он жылдық мерейтойына орай Ақтөбеде өтіп отыр. Бірегей жобаның басты мақсаты қандай? Осы жөнінде жоба авторы, Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби қажы Дәділұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Төлеби Дәділұлы, жоба қалай дүниеге келді? Әңгімемізді осыдан өрбітсек.
– Бірсарындылық адамды мезі етеді. Мейлі, ол қызметте, не басқа бағытта болсын. Тың дүниелер ойлап табу, орайы келсе, оны іске асыру уақыт талабы болып отыр. Азан жарысы жобасы Түркиядан алған тәжірибеммен тікелей байланысты. 2009 жылы жолдама бойынша осы елге 2 айлық курсқа бардым. Сапар барысында білім алумен қатар, діни қызмет тұрғысынан тәжірибе алмастық. Мені, әсіресе, мұндағы діни іс-шараларды өткізу форматының өзгешелігі қызықтырды. Сондай шаралардың бірі – азаншылар жарысы еді. Менде осы жарысты өз елімізде өткізу туралы ой туды. Ауқымды іс-шараның жобасын әзірлеп, діни басқармаға ұсындым. Мүфтият мақұлдап, республикалық азаншылар жарысы қолға алынды. Оған «Әдемі әуезді азаншы» деген атау таңдадық. Ең алғаш рет Елордамызда, кейін Алматы, соңғысы Ақтөбе қаласында өтті. Астанада өткен байқаудың бір айырмашылығы – халықаралық деңгейдегі төрешілердің қамтылуында. Түркияның Стамбул, Анкара қалаларынан кәсіби азаншыларды арнайы шақырдық. Оған қоса, жарыс екі түрлі номинацияда өтті. Кәсіби азаншылар мен әуесқой жас азаншылар өз араларында жарысты. Бұған қоса, алғашқы азан жарысы кезінде өзіміз де жан-жақты іздендік. Азан тарихы мен тағылымына тереңірек үңілдік. Нәтижесінде, шараның бір жемісі ретінде «Азан жайлы не білеміз?» атты шағын кітап басылып шықты.
– Ақтөбеде өткен бауқайдың Бас жүлдесіне 1 млн теңге тігілді. Азан жарысына мұндай қомақты жүлде қорының қойылуы бірінші рет. Әйтпесе, азан айту Құран жаттаудай күрделі емес.
– Байқаудың жалпы жүлде қоры – 3 млн теңге. Соның ішінде, Бас жүлде – 1 млн теңге сыйақы. ІІ орынға Умра қажылығы (500 000 тг), ІІІ орын алғанға 300 000 теңге берілді. Екі адамға 100 000 теңгеден Ынталандыру сыйлығы, сондай-ақ, әрбір қатысушыға 50 000 теңгеден сыйақы берілді. Бас демеуші – Құлғазиев Келбатыр есімді кәсіпкер.
Жүлде қорының қомақтылығы байқаудан үміт етілген нәрселермен байланысты дер едім. Себебі, жарыстың басты мақсаты – азаншылық діни қызметтің сапасын арттыру. Ал, азан – ислам рәмізі, одан қала берді құлшылыққа шақыру құралы ғана емес, бұл – біз ұсынатын діни қызмет. Сондықтан, оның сапалы болуына баса мән беруіміз керек. Азаншы діни сауатты әрі құранды қатесіз оқуы керек. Кешегі өткен азан жарысында Құран жаттаған қос қари бауырымыздың қанжығасы майланды. Бірі байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды. Енді бірі ІІ орынды иеленді. Демек, бұл болашақта азан жарысы қатысушыларына қойылатын талаптардың арта түскендігін аңғартады. Ал, қомақты жүлде қоры оларды осы талап үдесінен шығуға талпындыратын стимул болмақ.
– Жарыстың әттеген-ай деген тұстары болды ма?
– Ұйымдастыру шаралары ойдағыдай өтті. Шақырылған үміткерлер де толық келді. Бірақ, жарыс барысында әлі де болса, азаншыларымыздың кәсібилігін арттыру керектігін байқадық. Әрқайсысының әр түрлі айтуы, ырғақ, мақам үйлесімдігінің көрініс таппауы, басын бір мақаммен бастап, аяғында басқа мақаммен аяқтауы, тәжуид ережелерінің сақталмауы, т.б. Елімізде қарилар дайындайтын орталықтар бар. Бірақ, азан шақыруды үйрететін арнайы курстар немесе орталықтар жоқ. Осындай курстар діни оқу орындарының жанынан ашылса, әуезді етіп азан шақыратын діни мамандар машықтанып шығар еді.
– Ал, жарысты тамашалаған көпшіліктің әсері қандай?
– Жарыста азаншыларға қосымша азанға қатысты діни сұрақтар қойылды. Әр азаншының бір сұраққа жауап беруі арқылы жамағат қаншама азан төңірігіндегі сауалдардың жауабын естіді. Яғни, білімін арттырды. Бұл да бір олжа емес пе?! Сондай-ақ, әр өңірден келген әр түрлі азанды тыңдап, рухани ләззат алу мүмкіндігіне ие болды. Жарыстың тағы бір артықшылығы – халыққа азанның қадір-қасиеті кеңірек насихатталды. Аллаға шүкір, бүгінде жамағат жаңа туған сәбидің құлағына азан шақырып, ат қойдыруға айрықша көңіл бөледі. Мұндай ниетпен мешітке келушілер қатары жылдан-жылға толығып келеді. Оған өте қуаныштымыз.
–Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Индира ІЗБАСҚАН,
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық
мешітінің баспасөз хатшысы