Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Құдай қосқан қосағы парасатты әйел еді. Әр қилы сәтте пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанынан табылатын. Үй шаруасы және бала-шағаның тәрбиесіне жіті мән беретін. Үш қызы да анасының асыл қасиеті мен тәрбиесін бойына сіңіріп өсті. Қиын сәттерде пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сүйеу болды.
Шоқанды тәрбилеген әжесі Айғаным. Абайды анасы Ұлжан мен әжесі Зере. Өмірін толығымен ел қамына арнаған тұлғаларды ана тәрбиелейді. Ел үшін туған азамат – асыл ана жемісі.
Имам Суфиян Сәуридің анасы
Суфиян Сәури – арабтың фиқһ және хадис ғалымы. Хадис ғылымында мұсылмандар әміршісі мәртебесіне жеткен. Суфиян Сәуридің ғылым шыңын бағындыруда анасының еңбегі мол еді. Суфиян – анасының жылдар бойы төккен маңдай терінің жемісі. Баласының жақсы тәрбие алуы үшін анасы аянбай еңбек етті. Өзі бұл жайлы: «Білім жолына түскім келген кезде: Уа, Раббым! Маған күнелтетін қаражат қажет. Ал, білім болса құмға құйған су сияқты тарап бара жатты. Мен уақытымды білім алуға арнаймын деп шештім. Сонда Алладан ризық-несібемді жеткіз деп дұға еттім» дейді. Суфиянның анасы: «Балам! Оқы, білім ал. Мен ұршығыммен сенің наныңды тауып беремін» деп баласының білім алуы үшін аянып қалған жоқ. Баласының қарнын тоқ, көйлегін көк етумен шектелмей үнемі ақылын айтып, білім алуға деген құштарлығын қайрап отыратын. Анасы бір сөзінде: «Ей, балам! Егер он әріп жазып жүрегіңе үңілгенде онда тақуалығың, жұмсақтығың және байсалдығын артпаса, бұл ілімің саған пайдасынан зияны көбірек болады» деген екен. Міне, осындай ана Ислам әлеміне үлкен ғұламаны тәрбиелеп жеткізді.
Имам Мәлик бин Әнастың анасы
Имам Мәликтің жиені Ибн Әбу Уайс былай дейді: Менің нағашым Мәлик бин Әнас анасы жайлы: «Анам менің үстіме киімімді, басыма сәлдемді кигізіп Рабиғат бин Әбу Абдурахманның дәрісіне жіберетін. Шығарып салып тұрып: «Балам! Рабиғаттың дәрісіне бар. Ол кісіден хадис және фиқһ үйренуден әуел ұстаздың мінез-құлқы мен әдебін үйрен» деуші еді.
Имам Шафиғи анасы
Имам Шафиғи жөргектегі нәресте шағында әкесі Идрис дүние салады. Анасы Идристің ұлы Мұхаммедті үлкен азамат етуді мұрат етті. Сондықтан құндақтағы баланы Ғазза қаласынан Меккеге алып келді. Өйткені, бала жырақта Ғиззада туған еді. Имам Шафиғи жеті жасында Құранды толық жаттап алды. Мұнан кейін анасы баланы араб тілінің қыр-сырын меңгеру үшін дала арабтарына апарып тастайды. Ер жете келе атқа мінуді және жебе тартып, садақ атуды үйренеді. Мұхаммед атқан жүз жебенің барлығын нысанаға дөп тигізетін құралайды көзіне атқар мерген болды.
Міне, анасы баласының тәрбиесіне «бала аман болсын, не көрсе де жұртпен көрер» деп немқұрай қарамады. Баланың жасына сай білім мен өнерді қатар үйретіп отырды. Ұстазы имам Малик жас жігіт Мұхаммед бин Идрис шәкіртіне он бес жасында пәтуа айтуға рұқсат берді.
Анасы өте зерек және дінді жақсы білетін әйел еді. Тарихшылар бұл жөнінде мынадай дерек айтады: «Шафиғидің анасын және бір әйелді ер кісімен бірге сот ісіне куәгер ретінде қази шақырады. Қази екі әйелді бөлек-бөлек кіргізбекші болады. Сонда Шафиғидің анасы:
– Сіздің мұныңыз жөн емес. Құран Кәрімде: «…Сонда екі әйелдің бірі жаңылса, екіншісі есіне салады…» (Бақара сүресі, 282-аят) деген, – дейді. Қази да әйелдің сөзіне құлақ асқан екен.
Анасы баласын алдына тұрғызып: «Балам! Шыншыл боламын деп маған уәде бер» дейді. Жас Шафиғи де өмірдегі ұстанатын жолы шындық болатынын айтып анасына уәде береді. Мұхаммед Шафиғи өзінің бала күні жайлы былай дейді:
– Мен анамның құшағында жетім боп өстім. Анамның ұстазыма беретін қаражаты болмады. Ұстазым өзі болмағанда балаларға бас-көз болып қарайласуыма келісіп дәріс берді. Құранды жеті жасымда толық жаттап алдым. Ал, «Муаттаны» (Муатта – имам Мәликтің хадис кітабы) он жасымда жаттадым. Құранды толық жаттап шыққан соң мешітке келіп ғалы
мдардың дәрістеріне қатысып хадис немесе фиқһтан бір мәселе үйрендім. Үйіміз ауылдың ең шеті болатын. Дәрісті жазатын қағазда ақшам болмады. Сондықтан сүйекке немесе жарамсыз қағаздарға жазатынмын»,-дейді. Сонда дәрістен келген соң: «Анашым! Білім үшін бас июді, мұғалім үшін әдепті болуды үйрендім» дедім, – дейді имам Шафиғи.
Халық жазушысы Мұхтар Әуезов атамыз «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген. Расымен де, әйел баласы – қоғамның тәрбие көзі. Болашақ ананың мейірлі көзі мен ыстық алақанында. Сондықтан, тұлғаларды тәрбиелейтін болашақ ана болмысы мен тәрбиесіне мән бермейінше мұратқа жету неғайбыл. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген сөздің төркіні де осында жатыр. Қыз текті болмайынша одан туған ұрпақ тектігілі жайлы әңгіме айту қиын.
Руслан ҚАМБАРОВ,
исламтанушы