Сұрақ: Тәхәжжуд намазының басқа намаздан ерекшелігі неде?
Жауап: Адамдар терең ұйқыға кеткен уақытта түн жамылып Аллаға құлшылық етіп оқылатын намаз – тәхәжжуд намазы (қиям әл-ләйл). Тәхәжжуд намазын түннің әуелгі бөлігінде оқыса – түнді сергектікпен өткізу намазы, ал намазды түннің ортасында немесе ақырғы бөлігінде оқитын болса – тәхәжжуд намазы делінеді. Алайда екеуі де тәхәжжуд немесе түнгі намаз деп атала береді.
Алла тағала Құранда тәхәжжуд намазының артықшылығы мен оны оқығандардың ерекшелігін бірнеше жерде сипаттайды:
«(Мұхаммед (с.ғ.с)) түннен оянып өзіңе нәпіл оқы. Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі» (Исра: 79).
«Олар түнді Раббыларына сәжде қылу, тіке тұрумен өткізеді» (Фурқан: 64).
«(Мұхаммед (с.ғ.с) сөз жоқ, Раббың сенің әрі сенімен бірге болғандардан бір топтың, түннің үштен екісіне жақынырақ, жартысында, үштен бір шамасында намазға тұрғандарды біледі» (Музаммил: 20).
Сол сияқты Алланың елшісі де (с.ғ.с.) тәхәжжуд намазының ерекшелігін атай отырып, оны оқуға жігерлендірген. Мысалы, Жәбир (Алла оған разы болсын) мынадай хадисті риуаят қылған:
«Мен Алла елшісінің (с.ғ.с): «Расында түнде бір уақыт бар. Оны мұсылман білмейді. (Сол уақыт арасында) дүние мен ақыреттен қайырлы нәрсені сұраса, Алла соны береді. Бұл мезгіл әрбір түнде болады», – деп айтқанын есіттім». (Мүслим)
Тәхәжжуд намазының келесі ерекшелігі, пайғамбар (с.ғ.с.) бұл намазды жиі оқыған. Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан жеткен хадисте мынадай хабар бар:
«Пайғамбар (с.ғ.с) түндерде намаз оқитыны сонша оның өкшелері жарылып кететін. Мен оған: «Уа, Алланың елшісі! Сенің бұрынғы және кейінгі күнәларың кешірілді емес пе? Неге бұлай жасайсың?» – деп сұрағанымда, ол (с.ғ.с):
«Мен шүкір етуші құл (пенде) бола алмаймын ба?!» – деп жауап берді» (Бұхари, Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы