Сынақ – қонақ. Оны күліп, қуанып қарсы алған сайын Алланың алдында дәрежең өседі.
Әрбір адам түрлі қиындықтарға тап болуы немесе басына ауыр жағдай туғанда әл-дәрмені таусылуы әбден мүмкін. Сынақсыз өмір ұстазсыз сынып сияқты, ешнәрсе үйрене алмайсың.Осындай жағдайларда адам баласының жұбанышы – сабыры ғана. Өйткені, сабыр сақтай білу өмірдің тауқыметін жеңе отырып, жаңа ғұмырға жол ашады. Сабырлы жандар қандай қиындықты да төзімділікпен қарсы алады. Жеңіс сабырлылықпен келеді. Жеңілдік ауырлықпен болады.
Құранда: «Босаңсымаңдар, әрі қайғырмаңдар, егер, иманды (мүмін) болсаңдар, сендер жоғарыдасыңдар» («Бақара» сүресі, 139-аят) делінген. Ал, сабыр – иманның жартысы. Адамның адамгершілік қасиеті қиын сәтте білінеді. Ендеше өмірдің сынынан сүрінбей, сабырдың сыйына бөленуді Жаратқан Алла саған да нәсіп етсін!
Алла кешірімді адамдарды кешіреді. Пайғамбарымыз (оған алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мейірімге бөлемеген, мейірге бөленбейді», – деген еді. «Қиямет күні бір дауыс: «Сауабы Аллада болғандар шықсын, жәннатқа кірсін!», – деп жар салады. «Бұлар кімдер?», – деп сұралғанда: «Адамдарды кешірген, кешірімшіл жандар», – дейді. Осылайша көптеген адамдар есепке тартылмастан жәннатқа кіреді» (Ибн Әбиддуня).
Ендеше кешірімді бола біл!
Жүрегіңді жағымсыз сезімдерден тазарт – сені ренжіткен адамдарды кешір. Жүрегіңді уайымнан босат – уайымның көбі пайдасыз. Ұйықтар алдында адамдарды кешіре біл.
Жаны кеудесінен бұрын шығатын сен бе, олар ма? Білмейсің…
Мұсылман адам өз бауырына деген ашуын басуға өз бойынан күш табады. Бауырын кешіруді өзін төмен қою деп те, өзін масқара жағдайда қалдыру деп те түсінбейді, керісінше, ол мұны белгілі бір жағдайда өзін Аллаға жақындата түсетін, оны Алланың махаббатына ие ететін жақсы іс ретінде бағалайды.