Хәдия – араб тілінде «жол көрсету, тура жолға бағыттау» мағынасындағы «хадият» сөзінің түбірінен шыққан. «Хәдия-Сыйлық» жақсылық жасауға бағытталған амал ретінде қабылданған.[1]
Қазақ тілінде сыйлық, қайтарымсыз берілген әртүрлі затқа айтылады. Сондықтан да берілген барлық сыйлық жеке мүлік болып есептеледі. Сыйлық беру әдебі жергілікті халықтардың әдет-ғұрпына сай өзгереді әрі тарихы да өте терең. Заманауи антропологиялық зерттеулерде, қарапайым халық арасында қайтарымсыз берілген сыйлықтар қоғамда қарым-қатынас құру, белсенділігі мен беделін арттыру үшін берілгені туралы да көп айтылады.
Осы себептен де, алғашқы дәуірден бастап сыйлық беру мәдениетін, қоғамдық көмекке негіздеген зат алмасу, экономикалық дамудың бір түрі деуге болады. Діндер тарихында Құдайға арнап берілген (Құдайы астар мен құрбандықтар) сыйлықтар, Құдайдан көмек сұрау өзін, жанұясын, отанын бәле-жаладан сақтау мақсатындаа беріледі деп топшылаған.
Сондай-ақ, бұрынғылардан қалған өсиеттерде, әлеуметтік және діни өмірдің бір бөлігі болып саналатын сүйіспеншілік, құрмет және ризашылықтың белгісі ретінде сыйлықтар берілгені жайлы айтылады. Бұлардан бір шаңырақта тұратындар өз арасында берілген сыйлықтар, тойда және мемлекет тарапынан берілген сыйлықтар мен әкімдерге, патшаларға сыйлық беру кеңінен тараған. Бұған қоса, арам пиғылын іске асыру үшін пара ретінде берілген сыйлықтарға тыйым салынған және бұндай істерді әдепсіз деп айыптаған.[2]
Христиандықта сыйлық ұғымы рухани және символдық мағынамен шектелген. Жаңа өсиетте сыйлықтың классикалық мағынасында берілмегені таңқаларлық және сыйлық көбінесе Құдай мен адам арасындағы қарым-қатынас аясында рухани-теологиялық термин ретінде қолданылады. Сондықтан да сыйлық, Құдайдың адамдарға жасаған кешірімі деген.[3] Бірақ бұл сөздің неғұрлым зайырлы немесе аса маңызды мағынада қолданылатындығы да байқалады. Кейде құрбандық пен сыйлық синоним ретінде де қолданылады.[4]
Сыйлық беру дәстүрі индуизмде, оның ішінде, әсіресе, брахмандарда кең таралған. Ал, буддизмде қайырымдылықтың мәніне байланысты сыйлық беру маңызды. Бір жағынан, нәпсіні жеңіп, архатқа (шеберлікке) жету үшін сыйлық беріп мінәжат жасау міндетті. Дакхинавибханга Сутта және Сигаловада Сутта – қайырымдылық және сыйлық берудің қасиеттері туралы жазылған екі маңызды буддистік мәтін.[5]
Ежелгі Грек және Рим мәдениетінде сыйлық беру дәстүрі некелесу рәсімдерінде, балаларға және ересек кезеңдерде жиі кездеседі. Ал сыйлықты ақшалай беретін болған. Алайда, пара ретінде алынған сыйлықтарға тыйым салынып, қатаң түрде жазалар берілген.
Б.з.д. 204 жылы шыққан «Lex Cincia de donis ac muneribus» шешімімен Рим жерлерінде мұндай қайырмалдықтар шектелген болатын.[6]
Құран Кәрімде сыйлық беру және оны алу туралы арнайы үкім жоқ. Тек қана, Себе елінің патшайымы Хз. Сүлейменге бірнеше сыйлық жібергені туралы айтылады. Ал бұл сыйлықтар, саяси мақсатта болғаны үшін кері қайтарып жіберіледі.[7] Хадистерде сыйлық беру мен сыйлық алу жайлы ережелер мен толық ақпарат бар.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сыйлық беру, адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен достықты арттырып, қызғаныш, өзімшілдік пен ашуланшақтық секілді жағымсыз сезімдерді жоятынын, сондай-ақ ризық-несібені көбейтетіні туралы айта келе, берілген сыйлықтардың негізгі мақсатында теріс пиғылы бар сыйлықтарды қабыл алмауымызды ескертеді.[8]
Алла Елшісі (с.ғ.с.) көрші елдердің билеушілеріне, достарына және жанұя мүшелеріне түрлі сыйлықтар беретін. Пайғамбарлық парызының талабы ретінде қайырымдылық мақсатында берілген заттарды қабылдамайтын. Ал, таза әрі адал болған сыйлықтарды қабылдайтын әрі сол адамға сыйлықпен жауап беретін.[9]
Ислам ғұламалары сыйлық беру және сыйлыққа сыйлықпен жауап беру жақсы мінез-құлық екенін және тараптар арасындағы достық пен сүйіспеншілік байланысын күшейтетінін айта келе, сыйлықтан сыйлық күту немесе берілген сыйлықты қайтарылуын талап ету дұрыс емес екенін айтқан. Өйткені, берілген сыйлық сол мезеттен бастап жеке мүлкі болып саналады.
Сонымен қатар, кейбір Ислам ғұламалары жоғары деңгейдегі мемлекеттік шенеуніктерден сыйлық алуды орынды деп санамайды. Себебі, басқалар алдында берілген сыйлықты негізге алып теріс пиғылын пайдалануы әбден мүмкін.[10] Осы себептен де, сыйлық беру және алу туралы фиқһ кітаптарының басым көбінде сыйлық жанама түрде парақорлықтың, пайыздың немесе құнын өтеумен ұштастырғаны үшін заңға қарсы алаяқтықтың бір түрі екенін тұжырымдаған.
Жергілікті мемлекет қызметкерлері мен лауазымды тұлғалардың қарапайым халықтан және дәрежесін өсіру мақсатта сыйлық беруге және оны алуға қатаң түрде тыйым салынған. Ерлі-зайыптылар, жанұя мүшелері, туыстар және достар арасында сыйлық беру және алу жақсы әдет әрі бұл әдетті Ислам діні мақұлдаған.
Сыйлық алу мен беру адам табиғатында, адами және әлеуметтік қатынастарда, махаббат пен достық құруда көптеген жағымды әсері бар екендігі белгілі. Сондай-ақ, хадистерде осы бағыттағы ұсыныстар мен амалдардың көптеген мысалдары да бар. Алайда, ғұламалар сыйлық беру немесе алу барысында мұқият болуды ескертеді.
Екінші жағынан, бүгінде біртіндеп әлсіреп келе жатқан жанұя мен қоғамның байланысын нығайтуға, махаббат пен достық құруға, сараңдық пен өзімшілдікті жоюда, сондай-ақ мұндай адамдарды тәрбиелеуде әлеуметтік көмек ретінде, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сөзімен, ісімен жігерлендіріп әрі үлгі көрсетіп, сыйлық алып-берудің өзіндік мәдениетін қалыптастырған.
Сондықтан да қазақ қоғамында сыйлық беру мен алудың қағида бойынша орындалатынын біліп, түрлі қуанышты іс-шаралар арқылы осы әдемі дәстүрлерді дамыту ерекше маңызға ие болды. Алайда, адамдардың материалдық және айлық жалақысынан құнды сыйлық беру әдет-ғұрып пен дәстүрлі исламдық түсінікке сәйкес келмейтінін атап өткен жөн.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Ислам құқық ғылымдарының докторы
[1] Рагиб Әл-Исфахани, Әл-Муфрадат, 839-840 беттер.
[2] Жарлес С. Ж. Вите, «Гивт Гивинг», EР, V том, 552-557 беттер.
[3] Расулдардың істері, 2/38; Римдіктерге хат, 6/23.
[4] Римдеітерге хат, 15/26
[5] Жарлес С. Ж. Вите, «Гивт Гивинг», EР, V том, 555-бет.
[6] Жарлес С. Ж. Вите, «Гивт Гивинг», EР, VI том, 213-бет.
[7]«Нәміл» сүресі, 35-36 аяттар.
[8] Әл-Мутта, «Хусну л-Хукук», 16; Муснад, II том, 405-бет; Тирмизи, «Уала», 6-хадис.
[9] Бұхари, «Хиба», 7-хадис; Шәукани, V-том, 377-393-беттер.
[10] Ғазали, II-том, 189-193-беттер.