Бірден ескерте кетейік, бұл арада халқы көп, кірісі жоғары болуы тиіс ірі мегаполистегі священниктер жалақысы туралы сөз болмақ. Бұл тақырыпты несіне қозғап отырмыз? Түркиядағыдай мемлекет тарапынан арнайы жалақы тағайындалмайтын еліміздегі имамдардың жағдайымен салыстырып көру мақсатында.
Мәскеу патриархатының сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің жетекшісі – митрополит Волоколамский Иларион (Алфеев) Мәскеудегі священниктердің жалақысы туралы «Россия 24» телеарнасының эфирінен берілген «Шіркеу және әлем» деп аталатын бағдарламада сөз қозғағын болатын. Бұл жайында islam.kz порталы moslenta.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Пірәдардың айтуынша, священниктер өзін және отбасын асырау үшін еңбегімен табыс табуға мәжбүр, яғни, священниктердің қызметі тегін емес, ақылы.
Діни басқарма қызметкерлері өзі қызмет ететін шіркеудегі садақадан жиналған қаржыдан жалақы алады. Мәселен, Мәскеу қаласындағы священник айына 30-40 мың рубл табыс табады. Кейде бұдан да аз табады немесе мүлде табыс таппайды. Мұндай жағдайда олар шоқындыру, жерлеу рәсімінде дұға қайыру, т.б. діни жөн-жоралғыларды атқарған еңбегі арқылы күн көреді.
Митрополит Иларионның айтуынша, ғибадатханада мұндай салттық қызметтерге, яғни, қандай да бір діни рәсімді орындағаны үшін нақты баға белгіленбегенін жеткізді. Соған қарамастан священниктер мұндай қызметке жүгінгісі келген адамның ақшасы болмаса, одан ақы талап етуге құқы жоғын де тілге тиек етті.