Ғалымдарымыздың айтатын бірауызды тұжырымы: үмбеттің қазіргі мүшкілдеу жағдайының себебі – Құран мен Сүннеттен алыстағанында, дұрыс түсінбеуде, өмірде қолдана алмауында. Бұл тұжырым жеке адамға да қатысты. Яғни мұсылман адам, адамның бақыты үшін түсірілген дінін ұстанып жүріп, өзін бақытты сезіне алмаса, Исламның ләззатын, құлшылықтың берекетін сезіне алмаса, онда түсінік пен практикада қателік-кемшілік бар деген сөз.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде пайғамбардың сүннетіне берік болу жайында: «Пайғамбар өздеріңе не жеткізсе, соны шын көңілден қабыл алыңдар және не нәрседен тыйса, содан тыйылыңдар» (Хашр сүресі, 7-аят.) деген. Адамзаттың алтын тәжі болған пайғамбарымыз Мұхаммед те (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бізге мына екі асыл дүниені аманаттап кетті: «Мен сендерге екі нәрсе қалдырдым: бірі – Құран, екіншісі – менің сүннетім. Осы екеуін басшылыққа алсаңдар – адаспайсыңдар» (Муслим жеткізген хадис).
Сонымен сүннет дегеніміз не?
Пайғамбар сүннеті – Құран Кәрімнің ең кемел түсіндірмесі, Жаратушы үкімдерін өмірде жүзеге асырудың нақты көрінісі, дін практикасы.
Сүннет – Алла жолында жан-тәнімен, мал-мүлкімен қызмет ету.
Сүннет – Өмір мәні жайлы, адамдық борыш жайлы тереңінен толғану, Құран аяттарына ой жүгіртіп, тәфәккүр ету.
Сүннет – Мейірімді, Әділдікті, Адалдықты, Шыншылдықты, Сабырды өміріңе өзек ету.
Сүннет – Шүкірлік һәм Тәубешіл хәлде ғұмыр кешу, Жаратқан Иеңе шынайы Тәуекел ете білу.
Сүннет – жұмсақтық пен батылдықты, кішіпейілділік пен айбындылықты, кешірімділік пен турашылдықты, көңілге қарау мен қайсарлықты үйлестіре білген Даналық, Көркеммінезділік!
Сүннет – тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеу, шәкірттік хәлде жүру, білім-ғылымға құштарлық!
Сүннет – досыңа адал, туысыңа қамқор, көршіңе жайлы, отбасыңа шуақ, бала-шағаңа қуат, білім іздегенге суат бола білу.
Сүннет – әділ басшы, қаһарман қолбасшы бола тұра, немерелерімен ат болып ойнай білген қарапайымдылық!
Сүннет – ғарып-ғасірге, жетім-жесірге, көңілі жарым адамдарға әрдайым қамқор болу, сүрінгенге сүйеніш, қол созғанға таяныш бола білу.
Сүннет – шын қуанып, шын жылай білу; астарлы әзіл айта білу, көңіл толқынын жасырмай көз жасын төге білу, Жүрекпен өмір сүру!
Сүннет – кездескен кедергілерге, қауіп-қатерлерге қарамастан алға қойған мақсатына ұмтылу, армандары мен асыл мұратына адал болу!
Сүннет – қарақан басының қызығын көптің, Елдің мүддесі жолында құрбан ету!
Сүннет – Алланың дінін адамдарға жеткізу жолында өмірін сарп ету!
Сүннет – көзін ашқанда Үмбетін ойлап тұрып, Үмбетін уайымдаған хәлде ұйқыға кету; тіпті өлім аузында жатқанда да «Үмметім! Үмметім» деп Үмбетін ойлау! Ал үмбет дегеніміз – тек қана иман келтірген мұсылмандар ғана емес, кең мағынасында алғанда: соңғы Елші келгеннен кейін дүниеге келген кез-келген жан – Пайғамбар үмбеті!..
Қорыта айтқанда, Сүннет – Пайғамбар өнегесі, сол өнегеге сай ұстанатын Өмір Жолы, Өмір сүру Салты! Пайғамбар жолын тірлігіне темірқазық еткен жанның бір ғана мақсаты бар – Алланың жіберген асыл Дінін берік ұстану. Әрине, ол үшін ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) сара жолын-сүннетін терең танып-білу қажет. Сол білім негізінде ғұмырын барынша Пайғамбар өнегесіне сай сүру, тұлғасын шама жеткенінше Пайғамбар тұлғасына ұқсату қажет!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ