Күндердің күнінде Сұлтан Мұрад өз көмекшілерін ертіп, түрін тұмшалап халық арасын аралауға шығады. Бір уақытта көшенің шетінде жатқан мәйітті көреді. Өткен-кеткен жұрт мәйітті елемей өтіп жатады. Сұлтан халыққа дауысын көтеріп жиналуды өтінеді. Халық дереу жиналады, алайда, Сұлтанды танымайды. Сұлтан:
– Мына мәйітті неге көп болып адам секілді жерлемей жатырсыздар? Бұл неге жерде жатыр?-дейді. Халық:
– Бұл ішімдікке берілген маскүнем болған және жезөкше қыздармен көңіл көтеруді ұнататын күнәһар адам еді. Сол үшін мұны бәрі таниды және ешкім оған жолағысы келмейді,-дейді. Сұлтан:
– Қалай болғанда да ол Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың үмбеті емес пе?-деп халықтан қайта сұрайды. Халық мәйітті алып оның үйіне жеткізіп салады да, дереу өз беттерімен тарап кетеді. Марқұмның әйелі шығып: «Алланың досы болған күйеуім. Сені Алла жарылқасын»,-деп жылай бастайды. Сұлтан таңдана әйелден:
– Алланың досы, дегеніңіз қалай? Адамдар ол жайлы жаман пікірде еді. Сонда әйелі:
– Мен ол жайлы білемін. Менің күйеуім әр күні шарап сататын дүкенге барып барлық шарапты сатып алып, үйге әкеліп төгіп тастайтын. Сосын: «Аллаға шүкір, мен бүгін мұсылмандарды құтқардым»-деп айтатын. Содан кейін жезөкшелер үйіне барып, қыздардың барлығына ақша беріп үйлеріне қайтаратын. Сосын үйге келіп: «Аллаға шүкір, мен бүгін мұсылман еркектерді күнәдан тостым» деп қайтатын. Содан адамдардың барлығы ол жайлы жаман ойлайтын болды. Бір күні мен оған: «Сен дүниеден өтсең адамдардың барлығы сенің жаназаңа келмейді. Кім сенің тәніңді жуады сол уақытта? Кім сені жерлейді?»-деп алаңдайтынмын. Сонда ол маған:
– Алаңдама! Мені мұсылмандардың патшасы Сұлтан Мұрадтың өзі келіп жерлейді,-дейтін еді. Сұлтан күтпеген жауап алып әйелге қарап:
– Ол рас айтқан екен. Мен шынында Сұлтан Мұрадпын. Біз енді оны өзімізге алып жақсылап жуындырамыз да жақсы жерге жерлейміз. Оның жаназасына барлық ғалымдар мен шейхтар келетін болады,-деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы